Біздің Қостанай

Бақыттың кілті – отбасы

Үш қыз өсіріп, тәрбиелеп отырған Бағлан мен Ботагөз Дюсембаевтар өнегелі жанұя

Екі жас үлкен сүйіспеншілікпен отбасын құрып, бақытты келешекке аяқ басса, қартайған шағында мерейлі де өнегелі жанұяның иесіне айналары хақ. Өмірде адам баласының басты бақыты отбасы. Адам жер бетінде өзін сүйетін, сыйлайтын, құрметтейтін, күтетін отбасын іздейді. Отбасынан ғана жылы ұя тауып, паналайды.

Бүгінде қоғамда бақытты отбасын құрып, көпке өнеге болып отырған жандар жетерлік. Олардың әрқайсының бақытты отбасы жайында айтары бар. «Біздің Қостанай» газеті «Мерейлі отбасы» жобасын қолға алып, қаламыздағы бақытты да, өнегелі отбасылар жайында жазуды жөн көріп отыр.
Міне, біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз үш қызды дүниеге әкеліп, мәпелеп тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылар Ботагөз бен Бағлан Дюсембаевтар. Олар 2003 жылы отбасын құрған. Отағасы Бағлан Әулиекөл ауданына қарасты Құшмұрын ауылының Қарақалпақ бөлімшесінде дүниеге келген. Ал Ботагөз болса, Қамысты ауданының Бестау деген ауылында туған. Осы ауылда орта мектепті тәмамдап, Қостанай қаласындағы А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің қазақ филолгиясы факультетіне оқуға түседі. Осы жерде оқып жүріп, М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің студенті Бағланмен танысады. Студенттік шақ адам өміріндегі ең қызыққа толы кезең. Жастар бір-бірін танып-біліп, болашаққа бірге қадам басуды ұйғарады.

Міне, осылайша басталған махаббат дастаны олардың араға 20 жыл салып, бақытты отбасы болып қалыптасуларына жол ашады. Бүгінде Ботагөз бен Бағлан қараған адам тамсанатын, мерейлі отбасы. Дильяра, Жанель, Фатима атты үш қыздардың ата-анасы.

Ботагөз күнделікті бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, қыздарының инабатты да ибалы болып өсуіне өзіндік үлесін қосып отырса, отағасы Бағлан балаларының жүріс-тұрысын, істеген істерінің дұрыс-бұрысын бақылап отырады.

«Шешеге қарап қыз өсер» десек те, бала үшін әкенің тәрбиесі бір бөлек. Әкенің махаббаты, құрметі әр баланың жадында, жүрегінде мәңгі сақталып қалары анақ. Сондан да болар, Бағлан күнделікті жұмысының арасында балаларын еркелетіп, олардың көңіл-күйін сұрап, қалағандарын жасауға уақыт тауып отырады. Баланы еркелете отырып, ақылды етіп тәрбиелеу басты мақсат болса керек.

– Аллаға Бағлан сынды өнегелі, кең мінезді, ашық жарқын азаматпен отбасын құрып, үш бірдей тамаша қыздың анасы атанғаным үшін мыңда бір шүкіршілік етемін. Өйткені, отбасында өте бақытты жанмын. Қыздарым да әкесі екеуіміздің шексіз махаббатымызды сезініп, емін-еркін, ашық-жарқын өмір кешіп жатыр. Олар өте білімді, өнерлі. Үлкен қызым Жанель 14 жаста. Оқу үлгірімі жақсы.Кішкентайынан би үйірмесіне барады. Сонымен қатар спорттың волейбол түрімен де айналысады. Өте өнерлі. Биден өткен көптеген байқауларға қатысып, жүлдегер атанды. Ал екінші қызым Дильяра 12 жаста. 1 сыныптан бастап оқу озаты. Ал кенжеміз Фатима 6 айлық. Балаларымның барлығы да білімге құштар, кітапқұмар. Өйткені, өзім қалалық Н.Островский атындағы кітапханада көп жылдардан бері кітапханашы болып жұмыс істеймін. Өзім де кітап оқығанды жақсы көремін. Жолдасымда жұмыстан қолы босаса болды, сүйікті кітаптарын ақтарып отырады. Екеуіміздің осылай үнемі кітап оқып отыратынымызды көріп өскендіктен болар, балаларымыз да кітапқа жақын. Дильяра да Жанельде көп кітап оқиды,-дейді Ботагөз.

Ботагөздің кітапқұмар болып қалыптасуының сыры анасы Құлғанша кітапханашы болған кісі.

– Мен кітапханада өстім десем артық айтпаған болармын. Анам кітапханашы болды, мені әрдайым өзімен жұмысына алып кететін. Менің екі ағам бар. Үйде жалғыз қыз болған соң анамның жанында жүрдім. Жұмысына келген соң оған кітаптарды жинауға көмектесетінмін. Анам маған қызықты ертегілерді беретін. Сол кітаптарды оқып отырып, кешке анамның жұмысының аяқталып қалғанын да сезбей қалатынмын. Сөйтіп, екеуіміз бірге жұмысқа келіп, бірге қайтатынбыз.

Жалпы, маған кітапхана ұнайды. Оның ішіндегі тыныштық, қызықты кітабыңды тауып алып бір жерде отырып оқығанға не жетсін. Кейін бойжетіп, еңбекке араласқан кезде бірден кітапханада жұмыс істеймін деп шештім, – дейді Ботагөз Дюсембаева.

Ботагөз бен Бағлан бір-біріне құрметпен қарайтын, ауызбіршілігі жарасқан отбасы. Олар бала тәрбиесіне де жіті назар аударады. Ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанады.

– Біздің отбасының тірегі отағасы бала тәрбиесіне қатаңдау. Ол балаларымыздың жүріс-тұрысын үнемі қадағалап, қыз баланың әдепті болуын ылғи айтып отырады. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты берік сақтаймыз. Шыны керек, мен ата-енемнен бөлек тұрамын. Бірақ ол кісілерді қатты сыйлаймын. Үлкен мерекелерде, туған күндерде басқа да отбасымыз үшін өте маңызды жағдайлар орын алғанда ата-енеміздің шаңырағында жиналамыз. Сол кісілердің батасын аламыз. Олар балаларының, немерелерінің қуаныштарына бірге қуанып, үлкен дастархан жаяды. Жолдасым көп ағайынды. Қазір ата-енемнің қолында кіші баласы мен келіні отыр. Сонда да келіндік көмегім керек болып жатса, бірден жұмысымды тастап, сол жаққа жүгіремін. Абысыным Айгүлмен де өте татумыз. Абысын тату болса, ас көп дегендей бір-бірімізбен сөзге келіп көрмеппіз. Бір үйге келін болып түскеннен кейін бір-бірімізге сырласпыз, құрбымыз. Осы отбасының абыройын арттыруды мақсат етіп келеміз.
Жалпы, қазақта отбасының татулығы оның ауызбіршілігінде дегенді жақсы түсінемін. Отбасы болған соң өмірдің ащысын да тұщысында бірге көтере білу қажет. Бұл ретте біздің отбасының мүшелері өте бауырмал. Бір-бірімізге көмектесіп, қайда болсақ та бірге жүреміз, – дейді бір отбасының ұйытқысына айналып отырған Ботагөз Дюсембаева.

Әрине, адамның жақсысын асырып, жаманын жасырып отыратын да отбасы. Сондықтан елімізде осындай бақытты, тату-тәтті, өнегелі отбасылар көбейе берсін. Бақытты отбасынан өзіне сенімді, ақылды, білімді ұрпақ тәрбиеленіп шығары анық. Ал өнегелі ұрпақтың бір тұтас ұлттың болашағы екенін естен шығармайық.

Материал Қостанай қаласы әкімдігінің әлеуметтік даму бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Жастар ортасында қазақ отбасының оң имиджін насихаттау» жобасы аясында дайындалды. Ұйымдастырушы – «Жанашыр бол» қоғамдық қоры.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Сурет отбасылық альбомнан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77