Банк пен полицияның бірлескен жүйесі қалай жұмыс істейді?

Қостанай облысында жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 30-дан астам дерегінің жолы кесілген. Құқық қорғау органдары мен банктердің бірлескен жұмысы күмәнді ақша аударымдарын дер кезінде анықтауға мүмкіндік беріп отыр.

Алайда технология қанша дамыса да, алаяқтардың басты қаруы – адамның сенімі мен асығыс қабылдаған шешімі.

Интернет-алаяқтықтың қауіптілігі де осында. Қылмыскерлер енді тек жалған хабарландырулар мен күмәнді сілтемелерге сүйенбейді. Олар банк қызметкерлерінің, құқық қорғау органдары өкілдерінің кейпіне еніп, азаматтардың психологиялық осал тұсын пайдаланады. Бірі шұғыл шешім қабылдатуға тырысса, екіншісі оңай табысқа кенелуді уәде етеді. Ал кей жағдайда адам өз ақшасын бөтен біреудің шотына өзі аударып жатқанын аңғармай да қалады.

— Мұндай қауіптің алдын алу үшін банктер мен құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, әр азаматтың қаржылық сауаттылығы да маңызды. Қостанай облысында осы бағытта бірлескен шаралар қолға алынған. Жыл басынан бері өңірде алаяқтықтың 30-дан астам фактісінің жолы кесіліп, тұрғындардың миллиондаған теңгесі сақталып қалды, — дейді Қостанай облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция майоры Олжас Асылханұлы.

Бұл нәтиженің артында қандай жұмыс тұр? Банк күмәнді операцияны қалай анықтайды? Алаяқтардың құрбаны болуға шақ қалған адамды кім тоқтата алады? Ең бастысы, ақшаңыз бөтеннің қолына өтіп кетсе, оны қайтаруға мүмкіндік бар ма?

Күмәнді аударымға тосқауыл

Бүгінде қаржы ұйымдары клиенттердің қаражатын қорғау үшін автоматтандырылған қауіпсіздік жүйелерін пайдаланады. Солардың бірі – Halyk Bank қолданатын антифрод жүйесі. Оның міндеті – күмәнді операцияларды дер кезінде байқап, ықтимал алаяқтықтың алдын алу.

— Жүйе ақша аударымдарын нақты уақыт режимінде тексереді. Операцияның сомасы, алушы туралы ақпарат, пайдаланылатын құрылғы және клиенттің әдеттегі әрекеттерінен ауытқулар сияқты белгілер тәуекелді бағалауға көмектеседі. Мәселен, клиент бұрын-соңды ақша жібермеген алушыға әдеттен тыс ірі сома аудармақ болса немесе операция басқа күмәнді белгілермен қатар жүрсе, жүйе оны қосымша тексеруге жіберуі мүмкін, — дейді банктің Алаяқтыққа қарсы күрес департаментінің директоры Айбек Оспанов.

Мұнда бір маңызды жайт бар: ірі көлемдегі аударымның өзі алаяқтықтың дәлелі емес. Алайда өзге күмәнді белгілермен бірге анықталса, мұндай операцияға ерекше назар аударылады. Қажет болған жағдайда аударым уақытша тоқтатылып, банк клиентпен байланысып, төлемнің мән-жайын анықтайды.

Бірақ технология барлық қауіптің алдын алуға қауқарлы деп ойлау қате. Егер адам алаяқтың сөзіне сеніп, операцияны өзі растаса, қауіпсіздік жүйесіне мұндай әрекеттің шын мәнінде қылмыстық мақсатпен жасалып жатқанын анықтау қиынға соғары анық.

Сондықтан антифрод жүйесі мен клиенттің сақтығы бірін-бірі толықтыруы керек.

Бірлік түбі — береке

Алаяқтықтың алдын алу тек қаржы ұйымының міндеті емес. Қостанай облысында полиция департаменті мен екінші деңгейлі банктер арасындағы ынтымақтастық аясында күмәнді жағдайларға жедел әрекет ету тетіктері қарастырылған.

Полиция департаментінің мәліметінше, банк қызметкерлері клиенттің алаяқтардың ықпалына түскенін немесе шетелдік шотқа негізсіз ірі көлемде ақша аударуға әрекеттеніп жатқанын байқаса, құқық қорғау органдарының көмегіне жүгіне алады. Мұндай жағдайда тәртіп сақшылары оқиға орнына барып, азаматпен профилактикалық әңгіме жүргізеді. Негізгі мақсат – күмәнді операцияның мән-жайын түсіндіріп, адамның алаяқтардың арбауына түсіп қалуына жол бермеу.

Мысалы, телефон арқылы белгісіз біреу азаматқа өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, шоттағы ақшаны «сақтап қалу» үшін басқа есепшотқа аударуды талап етуі мүмкін. Адам қорыққаннан банкке барып, айтылған нұсқауды орындауға тырысады.

Осындай сәтте банк мамандары күмәнді жағдайды байқап, полицияны шақырса, азаматтың қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік туады.

Бұл – қылмыс жасалғаннан кейін оның ізін суытпай іздеумен ғана шектелмей, алаяқтықтың алдын алуға бағытталған тәсіл. Өйткені ақша аударылып кеткеннен кейін оны қайтару әлдеқайда күрделі болуы мүмкін.

— Halyk Bank интернет-алаяқтықпен күрес бағытында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен, Ұлттық Банктің Антифрод-орталығымен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен өзара іс-қимыл жасайды. Бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына күмәнді операциялар туралы ақпарат алмасу, алаяқтық жолмен аударылған қаражатты мүмкіндігінше тез тоқтата тұру, құқық қорғау органдарының заңды сұрауларына жауап беру және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, — деп түсіндірді Айбек Оспанов.

Күмәнді жағдайды ерте анықтау – шешуші факторлардың бірі.

Алаяқтар қандай айлаға көшті?

Қылмыскерлердің тәсілдері өзгергенімен, олардың мақсаты бір: адамның сеніміне кіріп, ақшасына қол жеткізу. Алаяқтыққа қарсы күрес департаментінің басшыс Айбек Оспанов азаматтар жиі кездесетін бірнеше қауіп түріне назар аудартады.
Жалған қоңыраулар. Алаяқтар өзін банк қызметкері, полиция немесе басқа мемлекеттік органның өкілі ретінде таныстырады.

«Сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр», «шотыңызға шабуыл жасалды», «ақшаңызды қорғау қажет» деген сөздер арқылы адамды қорқытып, асығыс шешім қабылдатуға тырысады. Кейін SMS-кодты айтуды, мобильді қосымшаға кіруді немесе ақша аударуды талап етуі мүмкін.

Фишинг. Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және хабарландыру сайттарында жалған сілтемелер таратылады. Сырттай шынайы сайтқа ұқсайтын парақшаға кірген адам банк картасының деректерін, құпиясөзін немесе өзге де жеке ақпаратын енгізіп қоюы мүмкін. Сондықтан сілтеменің атауын мұқият тексеріп, белгісіз хабарламалар арқылы келген парақшаларға қаржылық мәліметтерді енгізбеу қажет.

«Оңай олжа» уәдесі. Жоғары табыс әкелетін инвестициялық жобалар, аз уақыт ішінде бірнеше есе пайда табу туралы ұсыныстар адамның қызығушылығын оятады. Алғашында аз соманы қайтарып беріп, сенімге кіретіндер де кездеседі. Бірақ қаражат көлемі ұлғайған кезде байланыс үзіліп, ақша қолды болуы ықтимал.

Қашықтан басқару бағдарламалары. Кейбір алаяқтар телефонға арнайы қосымша орнатуды сұрап, құрылғыны қашықтан басқаруға мүмкіндік алуға тырысады. Мұндай жағдайда олар экрандағы ақпаратты көріп, қосымшадағы әрекеттерді бақылауы мүмкін. Бейтаныс адамның нұсқауымен белгісіз бағдарламаларды орнатуға болмайды.

Дропперлік. Бұл – өз банк картасын немесе шотын басқа адамдардың пайдалануына беру. Кейбір азаматтар мұны оңай ақша табудың жолы деп қабылдайды. Алайда олардың шоты алаяқтық жолмен алынған қаражатты өткізу үшін пайдаланылуы мүмкін. Соның салдарынан шот иесі де құқықтық мәселелерге тап болады. Сондықтан картаны, шотты және оларға қол жеткізу деректерін бөгде адамға беруге болмайды.

Қаражаттан қағылмауға үш қадам

Алаяқтыққа тап болған адам үшін алғашқы минуттар өте маңызды. Ең алдымен, үрейге берілмей, нақты әрекетке көшу керек.
Бірінші қадам – банкке дереу хабарлау. Картаны бұғаттап, күмәнді операция туралы мәлімет беру қажет. Мұны банктің ресми байланыс орталығы арқылы немесе мобильді қосымшадағы қолжетімді құралдармен жасауға болады. Егер банк шотыңызға бөтен адам кірген болуы мүмкін деп күмәндансаңыз, құпиясөздерді қауіпсіз құрылғыдан ауыстырып, банк ұсынған қауіпсіздік шараларын орындаңыз.

Екінші қадам – аударым туралы өтініш беру. Банкке операцияның уақыты, сомасы және алушының деректері туралы мүмкіндігінше толық ақпарат ұсынған жөн. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, қаржы ұйымдары тиісті арналар арқылы алушы банкке қаражатты тоқтата тұру немесе операцияны тексеру жөнінде сұрау жібере алады. Бірақ ақшаның міндетті түрде бұғатталатынына кепілдік жоқ: бұл қаражаттың қайда кеткеніне және жағдайдың мән-жайына байланысты.

Үшінші қадам – полицияға арыздану. Тергеу үшін банк хабарламаларын, ақша аударымдарының түбіртектерін, телефон нөмірлерін, хат алмасуларды және басқа да дәлелдерді сақтап қойған дұрыс. Алаяқпен болған сөйлесуді немесе жазбаларды өшірмеңіз. Бұл мәліметтер қылмыстың мән-жайын анықтауға көмектесуі мүмкін.

Егер ақша алушының шотында әлі сақталып тұрса, оны тоқтату немесе қайтару мүмкіндігі болуы ықтимал. Ал қаражат бірнеше шот арқылы өтіп кеткен жағдайда, оны анықтау мен қайтару үшін тергеу амалдары қажет болуы мүмкін. Қайтару нәтижесі әр істің жағдайына байланысты шешіледі.

Құпия кодты сұраса, әңгімені тоқтатыңыз!

Қаржылық қауіпсіздіктің ең қарапайым ережелері кейде ең тиімді қорғанысқа айналады. Банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде хабарласқан адам SMS-кодты, құпиясөзді, карта деректерін сұраса немесе ақшаны басқа шотқа аударуды талап етсе, әңгімені бірден тоқтатқан жөн.

— Күмәнді қоңырауға жауап ретінде жеке мәліметтерді айтпаңыз, белгісіз сілтемелерге өтпеңіз және экранды қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін қосымшаларды орнатпаңыз. Қажет болса, телефонды қойып, банктің ресми нөміріне өзіңіз қайта хабарласыңыз. Себебі алаяқтар көбіне адамға ойлануға уақыт бермейді. «Қазір орындамасаңыз, ақшаңыздан айырыласыз» деп асықтырады. Мұндай қысымның өзі – күмәндануға себеп. Шынайы қауіпсіздік шарасы қорқытуға, құпия кодтарды сұрауға немесе бөгде шотқа ақша аудартуға негізделмеуі керек, — дейді банк өкілі.

Интернет-алаяқтықпен күресте антифрод жүйесінің, банктер мен полицияның бірлескен жұмысының маңызы зор. Бірақ ешбір технология адамды барлық қауіптен толық қорғай алмайды. Күмәнді әрекетті уақытында байқау, ақпаратты тексеру және асығыс шешім қабылдамау – әр азаматтың өз қолындағы қорғаныс құралы.

Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО және
Halyk Bank ұсынды

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.