В ритме города

Білікті қызметкер мекеме абыройы

Іске адал, жұмысқа тиянақты Төлеген Қасенов

Еңбек ер атандырады деп бекер айтпаған. Адал қызмет азаматтың абыройын асқақтатып, жұмысын жандандырары сөзсіз. Кей қарапайым қызметтің өзі күллі мекеменің таудай жұмысын еңсереді емес пе?!

Қалалық «Қостанай–су» мекемесінде экскаватор машинисі болып қызмет атқаратын Төлеген Қасенов аталмыш мекеменің белді қызметкері.

90-жылдардың бел ортасынан осы уақытқа дейін экскаваторшы болып міндетін мінсіз атқарып келе жатқан Төлеген Әбілжанұлы өз ісінің әмбебабы атанған. Байыпты да орнықты еңбек адамы екенін Төлегеннің өн-бойынан бірден аңғаруға болады. Ол Қостанайға, Солтүстік Қазақстан облысынан қоныс аударған.

– Негізі, Солтүстік Қазақстан облысының тумасымын. Заманның қиын кезеңінде 1997 жылы Қостанайға көшіп келуге тура келді, өйткені осы өңірден жұмыс реті шығып тұрды. Алғаш Алтынсары ауданына келіп, басында күзетші болып қызмет істедім. Негізгі мамандығым механизатор. 10-сыныпты бітіргеннен бастап, тіпті әскерде де осы саладан ажыраған емеспін. Уақыт өте келе 2012 жылы Қостанай қаласына отбасымызбен көштік. Осындағы «Қостанай-су» мекемесіне қызметке орналасып, бүгінгі күнге дейін қызметімді атқарып келе жатырмын. Мұндағы қызметім экскаватор жүргізушісі. Қазір, Досжанов көшесінде орналасқан су құбырларын жаңартумен айналысып жатырмыз, – дейді Төлеген.

Мекеменің бар жұмысы осы экскаватор сынды ауыр көлікке байланған. Өйткені, апат болған жерлерге дереу барып, апатты аумақтын жерін қазып, қызметтестеріне ыңғайлап беруі керек. Мұнымен қатар карьердегі жұмыс та бұл сала маманынсыз тұралап қалады.

– Жұмысымыз таңғы 8-ден басталады, содан кешкі алтыға дейін жұмыс істейміз. Қасымдағы серіктерім де жақсы адамдар. Жұмыс орнында төрт экскаваторшы бар. Ондағы жұмыскерлердің жастары менен кіші. Олар ұдайы менің көмегіме, ақылыма жүгініп отырады. Қазақта жақсы сөз барғой, «көп жасағаннан сұра ма, көп көргеннен сұра» деген, менің бұл бағытта тәжірибем бар десем де болады. Мүмкін сол себепті де болар, – дейді тәжірибелі маман Төлеген Қасенов.

Әріптестері де, Төлеген жайлы мекемеде шындалған, жолдастыққа берік, өз ісінің маманы дейді.

– Осы экскаваторшы Төлеген ағамыздың арқасында қыруар жұмысымызды атқарып аламыз. Бұл кісімен жұмыс істеген оңайға түседі, өйткені істің ебін біледі, ыңғайлы тұсын әркез ұсынады. Көріп тұрғандарыңыздай өте қарапайым, қандайда іс жасаса бар ынтасымен, тиянақты жасайды, – деп серігі жайлы пікірімен бөлісті аталмыш мекеменің камаз жүргізушісі Жәдігер Жаманов.

Бүгінде, өз ісінің майталманы Төлеген Қасенов жары екеуі немере бағып отырған ата-әже. Екі ұлы, бір қызы бар. Ұлдары Ақтөбе облысында жемісті қызмет етуде, қызы болса тұрмыста, осы Қостанай қаласында тұрады.

Төлеген Әбілжанұлының зейнет жасына да аса көп уақыт қалған жоқ. Біз де, нағыз еңбек еріне осынша жылғы адал қызметтің жемісін көріңіз демекпіз.

Сералы МЫРЗАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77