Қостанай облысының әкімдігі алдындағы алаңда ерекше қызу көрініс орын алды.
Мұнда «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында өткен ауқымды жәрмеңкеге облыстың барлық аудандарынан келген 200-ден астам кәсіпкер қатысты. Әр ауылдың ерекшелігін, салт-дәстүрін танытатын өнімдер көрмеге қойылды.
Кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынумен қатар, облыс көлеміндегі үздік үштікке ену үшін бақ сынады. Алдымен арнайы комиссия үздік ондықты анықтап, содан кейін үздік үш кәсіпкер облыстық кезеңге өтеді.
Киім тіккен кәсіпкер де, үйден ірімшік дайындаған шебер де бар.
Олеся Круц қыз балалар мен ұл балаларға арналған киімдер тігумен айналысады. Әсіресе, ұлттық нақыштағы көйлектер мен тұсаукесерге арналған бұйымдар сұранысқа ие.
– Мұндай жәрмеңкелер біз үшін үлкен мүмкіндік. Өз өнімдерімізді халыққа көрсетеміз, тапсырыс көбейеді. Балаларға арналған ұлттық киімдерді тігуді ерекше ұнатамын, – дейді Олеся Круц.
Ал Светлана Лягушина үй жағдайында түрлі ірімшік түрлерін дайындайды. Оның өнімі дәмі мен сапасымен ерекше. Ол өз ісін енді ғана бастаған кәсіпкерлердің бірі.
– Бүгінгі шараға алғаш рет қатысып отырмын. Үйден ірімшік жасап сатамын. Табиғи өнімді тұтынушылар да жақсы қабылдайды, – дейді Светлана.
Жоба жыл сайын қанат жайып келеді. Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елена Венгерскаяның айтуынша, бұл жоба өңірде үш жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Қостанай облысы — аталған бастаманың пилоттық аймағы болған.
– Биылғы жәрмеңкеге 200-ден астам кәсіпкер қатысып отыр. Олардың арасында бұрыннан келе жатқан тәжірибелі шеберлер де, кәсібін енді бастаған жандар да бар. Қуанарлығы – жылдан жылға жобаға қызығушылық артып келеді. Бұл – ауылдағы кәсіпкерлікке серпін беретін нақты қадам, – дейді Елена Венгерская.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауыл әйелдерінің, қолөнершілердің, отбасылық кәсіпкерлердің басын қосып, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға ықпал етуде. Мұндай шаралар арқылы ауылдың бренді қалыптасып, өнім сапасына жаңа талап қойылады.
Жәрмеңке соңында үздік деп танылған кәсіпкерлер облыстық кезеңде өңір намысын қорғайтын болады. Ал олардың өнімдері тек өңір тұрғындарын ғана емес, алдағы уақытта республикалық деңгейдегі тұтынушыларды да қызықтыратыны анық.
Жәрмеңке кешкі сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Қостанай тұрғындары мен қонақтары күннің соңына дейін әр ауданнан келген кәсіпкерлердің ерекше өнімдерімен танысып, табиғи тағамдардан дәм татып, қолөнер бұйымдарын сатып ала алады.
Аяжан СЕРІК, суреттерді түсірген Абиль ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77