События

Биыл «Құрбан айт» мерекесі ауылдық жерлерде офлайн, қалалық жерлерде онлайн өтеді

Онлайн режимде құрбан шалушыларға qurban2021.kz сайтының қызметі ұсынылып отыр

Бүгін өңірлік коммуникациялық қызметі орталығында онлайн режимде «Карантин жағдайында «Құрбан айт» мерекесі күндері құрбандық шалу ережелері» тақырыбында брифинг өтті.

Мұнда Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет пен «Маңдай батыр» мешітінің наиб имамы Азамат Мұрзақанов баяндама жасады.

Бүгінде облысымыздың коронавирус дерітінің таралуы бойынша «қызыл аймақта» болуына орай, биыл Құрбан айт мерекесі екі жағдайда өтеді. Аудандар мен ауылдарда санитарлық талаптарды қатаң сақтай отыра офлайн режимде құрбандық шалынады. Ал қалаларда құрбан шалу онлайн режимде өтеді. Сондықтан Алла жолына құрбан шалуды ұйғарған мұсылман жамағаты үшін qurban2021.kz сайтының көмегі ұсынылып отыр.

Аталмыш сайтқа кірсеңіз ішінде үш ұяшық тұрады. Бірінші ұяшық бойынша сіз құрбан малын таңдай аласыз. Биыл Қостанай облысы бойынша құрбандыққа сиыр және қой малы ғана ұсынылып отыр. Сиырдың бағасы 385 мың, ал қой -75 мың теңге. Бұл қаражатқа малды сою, басын үйту, ішек-қарынын тазарту жұмыстары кіргізілген. Егер сиыр малын 7 адам бірігіп құрбандыққа шалатын болса, әрқайсысына 57 теңгеден келеді.

Ал екінші ұяшыққа құрбандықтың етіне зәру, аз қамтылған отбасылардың мекен-жайлары мен байланыс телефондары енгізілген. Осы жерден сіз өзіңіз көмектескіңіз келген отбасы жайында мәліметті алып, мешіт қызметкерлеріне бересіз. Мешіт қызметкерлер осы жанұяларға сіздің жолдаған етіңізді апарып береді.

Жалпы, Құрбан сөзі Аллаға жақындау деген мағынаны білдіреді. Сондықтан бұл мерекеде мұсылман Алла жолына құрбан шалып, оған жақындай түседі. Құрбандыққа шалынатын мал ауру, ақсақ-тоқсақ болмауы керек. Тісі, мүйізінің бүтін болғаны да жөн. Егер сіз құрбандыққа екі мал шалуды ұйғарсаңыз, екеуін қатар жатқызып қойып, біріншісінің көзінше екіншісін бауыздауға болмайды. Құрбандыққа шалынатын екінші малдың көзін байлап тастау керек. Құрбандықты бауыздар алдында «Мұхамбет пайғамбардың құрбанын қабыл алғандай, менің де құрбанымды қабыл ал» деп айту парыз. Сондай-ақ бауыздалған құрбан малының қаны тамған бетте Аллаға жақындай түсу мақсатында жасаған ісіңіздің сауабына ие боласыз.

Биыл Құрбан айттың бірінші күні 20 шілдеде сағат 5:40-та таң атады екен. Осыған байланысты облысымыздың бас имамының айтуына қарағанда, таңертеңгі 8:00-ден бастап құрбан шала беруге болады. Құрбан шалу Құрбан айттың үшінші күні яғни 22-ші шілдеде кешкі сағат 19:00-де аяқталады.

Брифинг барысында Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет барша мұсылман жамағатына Құрбан айттың ережелерін түсіндіре келе, ниет етіп отырған жандардың құрбандары қабыл болсын деген тілегін білдірді.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77