Біздің Қостанай

Бойындағы өнерін бағалай білген тігінші Дарина Нуржакупова

Тігіншілік – менің сүйікті ісім, хоббиім деп сыр шертеді өз ісінің шебері Дарина Нуржакупова

Менің бүгінгі кейіпкерім Дарина студенттік шаңында киімді тек тапсырысқа тіктіріп кигенін айтады.

Сөйтіп жүріп жоғары оқу орынын шет тілдері мамандығы бойынша бітіргенімен, бойындағы өнер мен қолындағы шеберлігі Даринаны машина құлағына отырып тігін тігуге жетелейді. Әдемілік пен ерекшелікке жаны құштар Дарина тіпті өзінің қалындық көйлегін де тапсырысқа тіктірген екен. Ал, арнайы тапсырыспен тігілген киімнің бағасы да арзан болмайтыны белгілі. Олай деуге себеп те жоқ емес. Біздің Қостанай өңірінде қолөнер, тігін тігу саласы басқа өңірлермен салыстырғанда біраз кенжелеп қалғандай.

Ал, алғашқы сәбиі дүниеге келгенде Даринаға анасы алғашқы тігін машинкасын сыйлайды. Бойында бар қасиет пен шеберлігінің арқасында алғашқы жұмыстарын қолға алып, жақсы нәтиже шығара бастайды. Соның бірі қызы екеуіне фотосессияға арналған «фемели лук» жұптық көйлек тігіп шығарады. Осылай өзіне және жақындарына арнап тігін тігуді бастап кетеді. Ал, өзінің арманындағы киім-кешектерді тігуге білімнің де артықтық етпейтінін білген Дарина тігін студиясынан курс сабақтарын алуды жөн көреді. Бұл ойын жолдасы құптап, жанжарының арманына қанат бітіреді. Бұл 2020 жылдың ақпан айында екі айлық толық курсты енді бастағанда жаппай карантин басталып, оқуды киінге шегеруге тура келеді. Өз білімін тәжірибеден өткізу мақсатында эко-шоппер тігуді бастап кеткенін де айтады. Дегенменен маусым айында толық курсты аяқтап, қолына сертификат алады.

– Тігіншілікке енді бет алып жатқан шақта бала күтімі бойынша демалысым да аяқталуға жақын қалды. Жұмыс орныма қайта оралу не болмаса сүйікті ісіммен айналысу деген алдымда бір таңдау тұрды. Мен бұл уақыттарда ас үйге арналған дастархандар, алжапқыштар тігуді бастап кеткен болатынмын. Егер өз ісіммен өзгеге қуаныш сыйлай алатын болсам тігіншілікті тастамаймын деп шештім. Әрине, мен тігіншілікті таңдадым. Өз жұмысымның сапасы мен нәтижесін сынау мақсатында бір-екі алжапқыш пен дастархан тіктім, тез арада сатылып кетті. Осыдан кейін өзімнің қолымнан шыққан заттардың сапалы әрі сұранысқа ие екеніне көзім жетті.

Тіпті алжапқыштардың әр түріне тапсырыс берушілер болды. Оның ішінде кондитерлер, шаштараздар, даяшылар, сұлулық салондары, тіпті суретшілер де маған тапсырыс арқылы өздеріне ыңғайлы, сапалы матадан алжапқыштар тіктіретін болды. Бірақ, әлі күнге дейін мен үшін бірінші орында табыс емес, тек жаныма жақын іспен айналысу тұрады. Тігіп бастаған әр ісімнің нәтижесін көру мен үшін үлкен бақыт. Тапсырыс алғанның өзінде де бағасын шарықтатып қоймаймын, тиісті бағасын ғана аламын, – деді шебер қыз Дарина.

Бүгінгі күні Даринаның қолы епсепті, өз ісінің нағыз шебері. Күрделі жұмыстарды орындайды. Мысалы, шалбар, көйлек, кеудеше, ұлттық нақыштағы киімдерді тігу ол үшін қиындық туғызбайды. Қыздары Дильназ бен Айяға да қалауындағы киімдерін сапалы матадан тігіп береді. Бойындағы шеберлігіне жол ашып, өз алдына еңбек етіп отырған кейіпкеріміз Дарина өнерін сатпайды, тек бағалайды. Әзірге үй жағдайында жұмыс істеп отырғанымен болашақта шағын тігін кабинетін ашуды армандайды. Әрине, мақсат айқын болса, армандар орындалады.

Жан ШАЙМЕРДЕН,
сурет кейіпкерден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77