Қазақстан Республикасының Конституциясында адами капиталды, білімді, ғылымды және инновацияларды дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты болып танылғаны айтылған. Білім беру саласындағы конституциялық кепілдіктер Қостанайда толыққанды жүзеге асырылуда. Бұған мектеп оқушыларының алып жатқан сапалы білімі дәлел. Мемлекеттік деңгейде аталып өткендей, бүгінгі таңда мұғалім мамандығының маңызы өте зор. Ұстаздарымыздың, олардың білімі мен күш-жігерінің арқасында болашақта еліміз алдыңғы қатарлы мамандарға ие болады.
Қостанай да ұстаздардарын ұлықтап, мерекелік күнге арналған салтанатты шара өткізіп, білім беру саласының үздік өкілдерін құрметке бөледі. Гүл шоқтары, жайлы әуен, жылы лебіздер, керемет атмосфера. Барлығы келешек ұрпаққа бағыт беріп, оңы мен солын таныту жолында талмай қызмет жасап жүрген жандарға арналды.



Арнайы білім саласы қызметкерлері үшін ұйымдастырылған мерекелік жиында ұстаз мамандығының қоғамдағы маңызына ерекше назар аударылды. Салтанатты шара барысында Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, білім саласына елеулі үлес қосып жүрген педагогтерге облыс және қала әкімдерінің грамоталарын табыстады.

— Құрметті білім саласының қызметкерлері, қадірменді ардагерлер! Сіздерді Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін біз елдің болашағын айқындайтын ұстаздарға құрмет көрсетіп отырмыз. Қостанай — ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туған жері. Биыл еліміз оның 185 жылдығын атап өтеді. Ол бар ғұмырын бала оқытуға арнап, ұстаздықтың үздік үлгісін көрсетті. Жылдар өтіп, заман өзгерсе де, ұстаздың басты міндеті өзгермеді. Сіздер Ыбырай Алтынсариннің ізін жалғап, еліміздің келешегі үшін жұмыс жасап жүрсіздер. Шаршамай, талмай ұрпақ үшін абыройлы қызмет жасай беріңіздер, — деп қала әкімі тілегін жеткізді.




Марапатталғандар қатарында мектеп мұғалімдерімен бірге мектепке дейінгі білім беру, қосымша білім беру және әдістемелік жұмыс саласының мамандары, олимпиада мен ғылыми жобаларға шәкірт дайындап жүрген, заманауи білім беру технологияларын енгізіп жүрген, жас педагогтерге тәлімгерлік ететін ұстаздар бар. Олардың барлығы делік кәсіби шеберлікпен оқушыларын облыстық және республикалық олимпиадаларға дайындап, нәтижесінде ғылыми жобалар мен байқауларда жеңістің туын көтеріп жүр. Одан бөлек экологиялық және техникалық шығармашылық бағытындағы жұмыстары да елден ерек.





Ұлту ЖҮЗБАЙ
Суретті түсірген Әбіл ДОЩАНОВ
