«Даму бала» мемлекеттік бағдарламасы қолжетімді ме?

Қостанай ауданында 336 бала мемлекеттік шығармашылық тапсырыс арқылы тегін білім алуға мүмкіндік алды. Алайда тағы 328 бала ваучер кезегінде тұр. Ауылдарда жаңа үйірмелердің ашылуы қызмет көрсетушілердің ұсынысына да байланысты. Тегін үйірмелердің ауылдағы қолжетімділігі мен бағдарламаның бүгінгі аясы тағы бір үңілуді қажет етеді.

Баланың бойындағы қабілетті дер кезінде байқап, оны дамытуға мүмкіндік беру — болашаққа салынған инвестиция. Бірі домбыра шертіп, ұлттық өнерге жақындаса, енді бірі би билеп, сурет салуға немесе сахнада өнер көрсетуге құштар. Қостанай ауданында мемлекеттік шығармашылық тапсырыс осы мүмкіндіктерді балаларға тегін ұсынуға бағытталған.

19 үйірме, тоғыз ауыл

Бүгінде Қостанай ауданында мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында 19 үйірме жұмыс істейді. Оларға 336 бала қатысады. Бағдарлама 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ал 2025-2026 жылдары 150 бала тегін шығармашылық білім алу үшін ваучер алған.

Үйірмелер бірнеше бағытты қамтиды. Оның ішінде заманауи эстрадалық билерге сұраныс жоғары. Бұл бағытта сегіз үйірме жұмыс істесе, ұлттық билер бойынша екі үйірме бар. Сондай-ақ кескіндеме мен сурет салу, домбыра, шешендік өнер, актерлік шеберлік, халық әні, эстрадалық вокал, вокалдық ансамбль және хормен ән айту бағыттары қамтылған.

Атап айтқанда, Тобыл қаласында бірнеше жеке кәсіпкер шығармашылық сабақтар ұйымдастырады. Ал ауылдарда үйірмелер Алтын Дала, Алтынсарино, И.Ф. Павлов атындағы ауыл, Надеждинка, Айсары, Заречное, Октябрьский, Московское және Жамбыл елді мекендерінде жұмыс істейді.

— Мен осы бағдарламамен 2021 жылы басталғалы айналысып келемін. Домбыра, би, сурет үйірмелерімен Заречное ауылының бүлдіршіндерін қамтып отырмыз. Ваучер алған 8 үйірмеде жүзге жуық бала тегін шығармашылықпен айналысуда. Әрине, бұл мемлекеттік бағдарлама ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік. Біз бес жыл ішінде осы ортада жүріп, өзіміз де тәжірибе жинап алдық. Қазіргі кезде кез келген ауқымды іс-шараларға, сайыстарға, концерттік бағдарламаларға тәрбиеленушілерді сенімді алып шығамыз. Жеткен жетістіктеріміз де аз емес, – дейді «Айсұлтан» ЖК басшысы Арғын Жүкебаев.

Осылайша, бағдарлама шығармашылық білімді қалада ғана емес, ауылдық жерлерде де қолжетімді етуге мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен бағыттардың барлығы әр ауылда бірдей ұсынылмайды. Мәселен, кейбір елді мекендерде би үйірмелері басым болса, домбыра, вокал немесе бейнелеу өнері секілді бағыттар шектеулі жерлерде ғана бар. Оның үстіне балалар ваучер кезегін, Арғын Жүкебаевтың айтуынша, 1,5-2 жылдай күтіп, қызығушылықтары басылып қалатын жағдайлар бар көрінеді.

Өнерге қанат қаққан балалар

Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында жұмыс істейтін студияда Линара Жұмабекова балаларға сурет салу мен кескіндемені үйретеді. Бүгінде мұнда екі топта 10 бала шығармашылықпен айналысады. Кіші топта балалар түстер мен пішіндерді ажыратып, қиялы мен шығармашылық ойлауын дамытса, ересек топта күрделі композициялар мен натюрморттар салуды, жарық пен көлеңкені үйлестіруді меңгереді.

– Балаларымыз шығармашылық байқауларға, қалалық және мектеп көрмелеріне қатысады. Кейбірі студияда алған білімін жалғастырып, көркемсурет мектептеріне түсіп жатыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Өкінішке қарай, қаржыландыру бәрін бірдей қамтуға жеткіліксіз болғандықтан, кейбір балалар кезек күтеді. Әр баланың отбасының қаржылық жағдайына қарамастан, өз талантын дамытуға мүмкіндігі болса дейміз, – дейді Линара Жұмабекова.

Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне ғана емес, олардың бойындағы қабілетті ашып, болашақ мамандығын таңдауға да ықпал етеді.

Үйірменің ашылуы кімге байланысты?

Ауыл балаларының шығармашылықпен айналысу мүмкіндігі тек мемлекеттік қаржыландыруға ғана емес, сол жерде қызмет көрсетуге дайын кәсіпкерлердің болуына да байланысты.

— Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында ауылдық жерлерде үйірмелер ашу қызмет көрсетушілерге тікелей байланысты. Шығармашылық бағыттарды өнім берушілер өздері ұсынады, ал мәдениет басқармасы бөлінген қаражат шегінде олардың шығындарын өтейді, – деп түсіндірді Қостанай облысының мәдениет басқармасы.

Бұл ретте ауыл балаларының қандай үйірмеге қатыса алатыны белгілі бір деңгейде қызмет көрсетушілердің ұсынысына тәуелді. Егер сұраныс бар бағыт бойынша кәсіпкер табылмаса, балалардың таңдау мүмкіндігі шектелуі ықтимал. Сондықтан ауылдардағы үйірмелердің түрін көбейту үшін тек қаржы бөлу жеткіліксіз. Балалардың қызығушылығын ескеріп, әртүрлі бағытта қызмет көрсетуге дайын мамандар мен кәсіпкерлерді тарту да маңызды.

Қызмет ұсынушылардың бірі «Айсұлтан» ЖК басшысы Арғын Жүкебаев ауылдық жерде «Даму бала» мемлекеттік бағдарламасы бойынша үйірме ашудың өз қиындықтары бар екенін айтады. Мәселен, ваучер бар, мамандар бар жерде кейде ауылдық жерде үйірме өткізетін арнайы жабдықталған нысандардың жоқтығы қиын. Себебі, бәрі бағдарламада белгіленген талапқа сай болуы тиіс.

328 бала ваучер күтіп отыр

Бағдарламаның мүмкіндігімен қатар, назар аударуды қажет ететін мәселе де бар. Қазіргі уақытта Қостанай ауданында шығармашылық үйірмелерге ваучер алу кезегінде 328 бала тұр. Бұл — балалардың шығармашылықпен айналысуға деген сұранысы әлі де жоғары екенін көрсететін маңызды дерек. Қазір бағдарламаға қатысып жүрген 336 баламен салыстырғанда, кезекте тұрғандардың саны да аз емес.

Әрине, кезектің болуы өздігінен бағдарламаның тиімсіздігін білдірмейді. Алайда ол бос орындардың жеткіліктілігі, үйірмелердің орналасуы және ұсынылатын бағыттардың балалар сұранысына сәйкестігі жөнінде ойлануға негіз береді. Балалардың кезекті жылдап күтетіні бағдарламаны қолжетімсіз етіп көрсетеді.

Биыл мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыруға Қостанай облысы бойынша 1,3 млрд теңге бөлінген. Бір балаға шаққандағы сабақ құны үйірменің түріне қарай шамамен 21 мың теңгені құрайды. Қаржыландыру тәртібіне қатысты басқарма мынадай түсініктеме берді:

— Қаржыландыру жан басына шаққандағы норматив қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Сондықтан бюджет қаражаты облыстың аудандары мен қалалары арасында алдын ала бекітілген көлемдер түрінде бөлінбейді, – делінген басқарманың ресми жауабында.

Яғни қаржыландыру нақты қатысушылар санына негізделеді. Дегенмен ваучер кезегінде тұрған балалардың сұранысын қанағаттандыру үшін қолданыстағы үйірмелердің қуатын арттыру немесе жаңа бағыттар ашу мүмкіндігі де назардан тыс қалмауы керек.

Тегін үйірмелердің сапасы қалай бақыланады?

Қостанай ауданында мемлекеттік шығармашылық тапсырыстан бөлек, 17 клуб үлгісіндегі мекеме бар. Оның 15-і мемлекеттік, екеуі жекеменшік. Бұл мекемелерде хореография, вокал, цирк өнері, драма, аспаптық жанрлар, халық шығармашылығы және қолданбалы-сәндік өнер сияқты бағыттар бойынша бірлестіктер жұмыс істейді. Олардың барлығы тегін негізде қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясындағы үйірмелердің жұмысы мен бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау тетіктері қарастырылған. Өнім берушілер ай сайын электронды есеп ұсынады. Онда балалардың сабаққа қатысуы тіркеліп, келу табельдері олардың заңды өкілдерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады. Оператор есепті алғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде тексереді.

— Өнім беруші мемлекеттік тапсырыстың орындалуы туралы электронды есепті ай сайын ұсынады. Балалардың сабаққа қатысуы электронды табельдер арқылы тіркеледі, ал оператор есепті алғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде тексеру жүргізеді, – деп хабарлады басқарма.

Балалардың нақты оқу орнында білім алуы «Даму бала» жүйесімен интеграцияланған Ұлттық білім беру дерекқоры арқылы да қадағаланады. Бұдан бөлек, Қостанай облыстық Қоғамдық кеңесі жыл сайын мониторинг жүргізеді. Тексеру кезінде сабақ өтетін орындардың жағдайы, материалдық-техникалық жабдықталуы, белгіленген талаптарға сәйкестігі және балалардың сабаққа қатысуы назарға алынады. Бұл тетіктердің болуы маңызды. Өйткені мемлекеттік тапсырыс арқылы бөлінген қаражаттың нәтижесі тек есеппен емес, баланың нақты сабаққа қатысуымен және сапалы білім алуымен өлшенуге тиіс.

Басты мақсат — баланың таңдау мүмкіндігін кеңейту

Мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың негізгі мақсаты — балаларды шығармашылықпен барынша қамту. Қостанай ауданындағы 336 баланың тегін үйірмелерге қатысуы осы бағыттағы жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Алайда ваучер кезегінде тұрған 328 баланың болуы қолжетімділікті кеңейту қажеттігін де аңғартады.

Алдағы уақытта ауылдық жерлерде жаңа үйірмелер ашу және қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселелері бюджет мүмкіндігіне қарай қарастырылмақ. Бағдарламаның тиімділігі тек жұмыс істеп тұрған үйірмелердің санымен өлшенбеуі керек. Баланың өз ауылында қалаған бағытын таңдай алуы, кезекте ұзақ күтпеуі және сапалы сабаққа тұрақты қатысуы да маңызды. Өйткені шығармашылыққа жасалған мүмкіндік — баланың қабілетін ашуға, өзіне деген сенімін арттыруға және болашағын қалыптастыруға берілген жол.

Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суреттерді түсірген
Лариса БОЖКО
және жеке кәсіпкердің мұрағатынан

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.