В ритме города

Еңбек адамы: Асыл ердің сыбағасы – адал еңбек

Көлік жуу қарапайым іс болғанымен жауапкершілігі мол жұмыс

Көп адам көлік жуу орталығы деген жұмыс таппаған кезде амалсыздан барып ақша табатын жер деп ойлайды. Алайда, еш жерде оқытылмайтын бұл кәсіпті тұрақты жұмысына айналдырып, отбасын асырап жүргендер қаншама. Адал ақша табатын жұмыстан арланып қажеті жоқ. Кейіпкеріміз Ерболат Ахметжан солай дейді. Ерболат Тұңғышбайұлының «Аят» көлік жуу орталығында қызмет етіп жүргеніне жылдан асты. Ол бұл жұмысқа дейінде мекемеде күзетші болып істеген, алайда жалақының аздығынан жұмысын ауыстыруға тура келеді.

– Қостанайға көшіп келгенімізге бірер жылдың көлемі болды. Негізгі туған жерім Сарыкөл ауданына қарасты Соналы деген ауыл. Отбасында жеті ағайындымыз, ең кенжесі мен, әкемізден ерте айырылдық. Ол кезде мен бар-жоғы екі жаста болатынмын. Анамыз бар ауыртпалықты көтеріп, ұл-қыздарын жеткізді. Мен отбасын құрған соң Федоров ауданында тұрдық. Сол аудандағы колледжде 5 жылдай аудармашы болып қызмет атқардым. Ал, өзімнің негізгі мамандығым орман шаруашылығы маманы. Сала бойынша жұмыс жөнді таппағандықтан, түрлі қызметтерді істеуге тура келді. Қалаға алғаш көшіп келген жылдары күзетші болып істедім, кейін жалақысының аздығына байланысты жұмыс ауыстыруға тура келді. Қазір бір жылдан асты осы көлік жуу орталығындамын. Менің ойымша жұмыс істеймін деген адам талғамайды. Кез-келген адам қандай да іске икемді келеді, – деп сөзін жалғады Ерболат Ахметжан.

Алғаш келген кезде Ерболат түнгі ауысымда көлік жуады. Басшылық талабы солай, сынақтан өткізіп барып толық қызметке кірістіреді. Түнгіге қарағанда, күндіз көліктер саны көп болады екен. Келген әр көлік жудыртушының көңілінен шығу да оңай шаруа емес.

– Бізге келген көлік жудыртушылардың талабы да түрлі. Бір кісілер көліктің сыртына аса көп көңіл бөледі, енді бірі көлік ішінің жақсы болғанын қалайды. Тұтынушының көңілінен шығу біздің міндетіміз. Көлік жуу барысында машинаның түсіде аза маңызға ие. Өйткені, қара көліпен өзге көліктерді салыстыра қарайтын болсақ, қара көлікке суды және көбікті көбірек жұмсауға тура келеді. Айталық, көк түсті көлікті сумен бір шайып өткенде лас жері бірден байқалады, яғни бетіне шыға келеді, ал қара көліктен байқалмайды, бір жуып шыққанда құдды су шашылмаған тәрізді болып тұрады. Біз 100 грамм көбікке 1 литр су құйып шашыратамыз. Ол қоспа екі көлікке жетеді, ал қара түсті көлікке толық жібереміз. Сонымен қатар, көліктің ішін жуғанда да өте абай болған жөн. Машинаның панелінің шанын сүрткенде де түрлі әдістерді қолданамыз. Мысалы, «мерседес» көлігінің панелін өзге көліктерге пайдаланатын сұйықтықпен сүрте алмайсыз. Оның панелі ағарып, ақтаңдақ болып қалады. Оны тек майлау керек, – дейді көлік жуушы Ерболат Ахметжан.

Көлік иесі арнайы ақшасын төлеп жудыртқандықтан ат үсті қарауға болмайды дейді. Екінші жағынан неғұрлым тиянақты, тез жуып бітсең келесі келгенде сенің тұрақты тапсырыс берушіңе айналуы әбден мүмкін.

– Көлік жуу барысында қолыңнан келіп жатса ілініп-салынып тұрған жерлерін түзеп жіберетініміз жасырын емес. Оған қосымша ақы алмаймыз. Менің ойымша кез-келген көлік жуушы солай жасайтын болуы керек. Ол біз үшінде жақсы, келесі келгенде сен көлігін жуып бергенді қалап тұрады. Сол арқылы тұрақты тұтынушы пайда болады. Көлік иесінің қандай қызметтерді тұрақты пайдаланатынынан хабардар болып тұрасың. Кей көлік иелері терезе ашып шаң кіргені үшін жудыртып жатады. Енді бірі қалыптасқан әдет бойынша жеті сайын тұрақты келіп тұрады. Екі-үш айда бір жудыртатындары да кездеседі. Келушілердің талап-тілектері де әртүрлі. Машинасы қатты лас болса көп уақыт жұмсауға тура келеді, ренжіп уақытымды алдың дейді. Енді бірі жарты сағаттың ішінде жуып шықсаң қалай тез жудың деп таңданатды. Әр қайсына түсіндіріп, көңілінен шығу керек. Орта есеппен күнінен бір адам 10-15 көлік жуады. Мұнда 20 жылға жуық көлік жуып жүрген жігіттер де бар. Әр кәсіп тәжірибе арқылы келедіғой, сол сияқты тәжірибесі молдар қандай көлік болса да тез жуып бітіреді. Ұсынатын қызмет түрі де көп. Салқын ауамен, ыстық ауамен жуу, гидрополимерлеу әдісі бар. Ішін майлау. Сыртқы қаңқасын қоймалжын қоспамен сүртіп береміз, ол көліктің шамалы сырылған жерлерін бітеп, білдіртпей жібереді. Ең бастысы әр көлік иесіне қызмет түрін ұсынып, жақсы жасап беруің керек. Өзегенің көлігін бүлдіріп, болмаса бір жерін сындырып алсаң кәсіпорынға да, өзіңе де абырой емес екені анық, – дейді Ерболат Тұңғышбайұлы.

Ерболаттың айтуынша, кей көлік иелері машинасының сынып тұрған жерін айтпай жатады, болмаса ұмытып кетеді. Қатты қысыммен келеген суды көлікке сепкенде осал жері сынып, болмаса түсіп қалады. Кейні екі ортада көлік жуушы кінәлі болады екен.

– Жалпы түйгенім қай жұмыстан да қорықпау керек. Қолынан ештеме келмейтін адам болмайды. Кез-келген адамның өзінің икемі келетін, жасай алатын жұмысы болады. Жалақысы көп жұмысты үйде армандап жатқанша, еңбек еткенге еңтеңе жетпейді, – деп қорытты Ерболат Ахметжан.

Қазіргі уақытта Ерболаттың жұмыс ауыстыру ойында жоқ. Бір жағынан осы жұмысына қызығушылық та пайда болған тәрізді. Ұжым ұйымшыл, бір-біріне көмек беруден еш тартынбайды. Ең бастысы – адал нәпақа.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Әбіл ДОЩАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77