Социум

Екі қолға бір күрек табу қиын емес

Шаһарымызда мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр

Өңірімізде коронавирус дерті белең алып, бірқатар қала тұрғындарының жұмысы тұралап қалғаны белгілі. Осыған байланысты шаһарымыздағы жұмыспен қамту орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында аталмыш орталықтың басшысы Надежда Костенюкпен арнайы жолыққан болатынбыз.

Қазіргі таңда қалалық жұмыспен қамту орталығында 832 адам жұмыссыз ретінде тізімде тұр. Сондай-ақ көлік жүргізуші, электрогаздәнекерлеуші, қарапайым жұмысшы сынды басқа да 1188 бос жұмыс орны бар.

Шаһарымызда енгізілген карантин режиміне қарамастан нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы да қарқынды жүріп жатыр.

Осы бағдарламаның игілігін 7 айдың ішінде 2000 адам көріп отыр. Олар нарықта сұранысқа ие мамандықтарды қысқа мерзімді оқыту курстарына қатысып, меңгеріп шыққан. Мәселен, 15 маусымда 51 адам аспаз, кондитер, электрогаздәнекерлеуші, дизайнер-пішуші сынды мамандықтарды игерген. Қысқа мерзімді оқыту курстары онлайн режимінде өткен.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында «Бизнес бастау» бағдарламасы да жүзеге асырылып жатыр. Осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында 200 адам кәсіпкерлікті меңгеруге кіріскен. Оқыту жұмыстары «Атамекен» онлайн бағытында жүргізіліп жатыр.

«Бизнес бастау» бағдарламасы аясында 24 қатысушыға 12,7 млн теңгенің гранты бөлінген.

Қатысушылар иеленген грантты сұлулық салонын, тігін цехын, бухгалтерлік қызмет, құрылыс материалдарын шығару, массаж қызметін көрсететін орталықтарды ашу үшін ұтып алған.

Сонымен қатар өңірімізге еліміздің өзге аймақтарынан 19 отбасы қоныс аударған. Барлығы 89 адам. Олар Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан көшіп келген. Сондай-ақ қандастарымыз 2 отбасында 9 адам және 2 жалғыз басты ана Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан елдерінен Отанына оралған. Олардың ішінде көршілес Ресей елінің Қорған облысынан да келгендері бар. Қазіргі таңда осы қоныс аударғандарды жұмыспен қамту басты назарда болып отыр.

Қостанай қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Надежда Костенюктің айтуына қарағанда, жұмыс іздеушілердің үйлерінен шықпай-ақ Egov.kz электрондық үкіметі арқылы жұмыс тауып алуларына болады. Өйткені, шаһарымыздағы бос жұмыс орындар бәрі осы сайтта орналастырылған.
Бүгінде Қостанай қаласының жұмыспен қамту орталығы карантин режимінде қашықтықта 9:00-ден 18:30-ға дейін Egov.kz сайты мен жұмыс телефоны арқылы жұмысын жалғастырып жатыр.

Жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қызметті алу үшін оның ішінде жұмысқа орналасу үшін міндетті түрде Egov.kz сайтына тіркеліп, оның ішіндегі «Жұмысқа орналасу» сілтемесіне кіріп, онда өзі жайында мәліметтерді толық толтырып, түйіндемені https://www.enbek.kz/ қалдыру қажет. Сонымен қатар осы еңбек биржасынан өзіне қажетті жұмысты қарауларына да болады.
Ең бастысы жұмыс істесем деген ниет болса, екі қолға бір күрек табу айтарлықтай қиын емес.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77