Соның бірі – қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары
Бұл бағдарлама азаматтарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге, кәсіби біліктілігін арттыруға және тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.
Қостанай қаласында аталған бағдарламаға 18 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Оқыту мемлекеттік қолдау аясында ұйымдастырылып, еңбек нарығында қажетті мамандарды даярлауға бағытталған.
Бағдарлама шеңберінде оқытудың бірнеше түрі қарастырылған. Атап айтқанда, жұмыс берушінің жұмыс орнында оқыту және жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде ұйымдастырылатын курстар жүзеге асырылады. Бұл азаматтарға өндірістік ортада тәжірибе жинақтап, таңдаған мамандығы бойынша қажетті дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарының ұзақтығы бір айдан үш айға дейін созылады. Оқу барысында тыңдаушылар теориялық біліммен қатар тәжірибелік сабақтарға қатысып, кәсіби машықтарын жетілдіреді. Сонымен қатар еңбек нарығындағы заманауи талаптарға сай жаңа білім мен дағдыларды игереді.
Курстарға қатысу үшін азаматтар Қостанай қаласының Мансап орталығына жүгінуі қажет. Орталық мамандары бағдарлама шарттары бойынша толық ақпарат беріп, қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі. Сондай-ақ қатысушыларға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды таңдауға бағыт-бағдар береді.
Бағдарламаның басты артықшылықтарының бірі – оқу аяқталғаннан кейін азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдем көрсетілуі. Бұл жұмыссыз азаматтардың еңбек нарығына тез бейімделуіне және тұрақты табыс көзін табуына мүмкіндік береді.

Оқу курсын сәтті аяқтаған тыңдаушыларға қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өткенін растайтын арнайы сертификат табысталады. Бұл құжат олардың кәсіби даярлық деңгейін растап, жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыра түседі.
– Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары жұмыссыз азаматтарға жаңа мамандық игеруге, кәсіби біліктілігін арттыруға және тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру – табысты болашақтың кепілі. Бағдарламаға қатысушылар оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады, – дейді Қостанай қаласы Мансап орталығының жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бөлімінің маманы Лашын Каримжанқызы усипова.
Өз кезегінде Қостанай қаласы Мансап орталығының директоры Эльмира Ғалимжанқызы Есмағанбетова да бұл бағдарламаның маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет тарапынан ұсынылып отырған қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары азаматтардың жаңа мамандық игеруіне және еңбек нарығында сұранысқа ие болуына жол ашады. Біздің басты мақсатымыз – жұмыссыз азаматтарды сапалы оқытып қана қоймай, олардың тұрақты жұмысқа орналасуына ықпал ету. Сондықтан әрбір қатысушыға жан-жақты қолдау көрсетіледі, – дейді Эльмира Ғалимжанқызы.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы – жұмыссыз азаматтардың кәсіби әлеуетін арттыруға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға және олардың еңбек нарығында өз орнын табуына ықпал ететін маңызды мемлекеттік қолдау шараларының бірі.
Аружан ҚАМБАРОВА, автордың суреті
