Біздің Қостанай Социум

Ерлі зайыптылар әскери салада жиырма жыл бірге қызмет етеді

Әскери өмірдің қатал тәртібі мен қиындығына кез келген адам шыдай бермейді. Ал егер сол қиындықты екі адам бірге бөліссе, жүк жеңілдей түспек

Біздің кейіпкерлеріміз осыдан жиырма жыл бұрын Ұлттық ұлан қатарына қабылданғанда, алда қандай сынақтар күтіп тұрғанын білген де шығар. Бірақ олар сол қиындықтың бәрін бірге еңсереміз деп серт берді.

Қостанай қаласының шеткері бөлігінде орналасқан 6697 әскери бөлімінде таң әрдайым ерте атады. Әскери өмірдің ырғағы – уақытқа бағынатын, тәртіпке негізделген өмір. Таңғы сап, бұйрық, тексеріс – бәрі де нақты жоспармен жүзеге асады. Тәжірибелі әскери қызметкерлердің жүзі бірден көзге түседі. Олардың жүріс-тұрысы, өзін ұстауы, бұйрықты орындау мәнері – бәрі жинақылық пен сенімділікті аңғартады. Солардың қатарында иық тіресе қатар тұрған ерлі-зайыпты әскери қызметкерлер бар. Бір қарағанда, олар көптің бірі сияқты. Бірақ уақыт өте келе олардың өзгелерден ерекшелігі байқалады. Бұл жиырма жыл бойы тек бір сапта ғана емес, бір өмір жолында қатар келе жатқан жандар. Әскери бөлімдегі әрбір адам оларды жақсы таниды. Екеуі де тәжірибелі маман, жауапкершілігі жоғары қызметкер. Ал бірге алғанда – олар мызғымас отбасы, ортақ мақсат жолында бірігіп еңбек етіп келе жатқан қос тағдыр.

Әскери қызмет кездейсоқ таңдалатын жол емес. Бұл ішкі дайындықты, мінезді, жігерді қажет ететін ерекше сала. Әсіресе, жастар үшін бұл үлкен сынақ. Олардың әрқайсысының әскери салаға келу тарихы өз алдына бөлек әңгіме. Бірі бала күнінен форма киюді армандаса, екіншісі өмірлік бағытын саналы түрде осы саламен байланыстырған. Жастық шақтағы арман, елге қызмет етемін деген мақсат оларды бір ортаға алып келді. Алғашқы қызмет жылдары оңай болмағаны анық. Қатаң тәртіп, жоғары талап, күнделікті жаттығулар – мұның бәрі олардың төзімділігін сынады. Бірақ дәл осы кезең оларды шыңдап, болашаққа дайындады. Майор Денис Карпов өткенге оралып, біраз естілігімен бөлісті.

ӨЗ ТАҢДАУЫНА ӨКІНГЕН ЕМЕС

Әскери бөлімінде әр минут есептеулі, әр әрекет тәртіпке бағынады. Сарбаздар мен офицерлер үшін бұл жай ғана жұмыс күні емес, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жауапты міндет. Осы бөлімде абыроймен қызмет атқарып жүрген офицерлердің бірі – майор Денис Карпов. Ол автобронетанк қызметінің бастығы. Оның міндеті – әскери техниканың толық дайын күйде болуы, әрбір көліктің мінсіз жұмыс істеуі. Бір қарағанда, бұл тек техникалық қызмет сияқты көрінуі мүмкін. Алайда шын мәнінде, бұл – үлкен жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін маңызды сала. Денис Карпов 1991 жылдың 26 мамырында Жамбыл облысы, Меркі ауданына қарасты Сарымолдаев ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ауылда өтті. Сол жерде тәртіпке, еңбекке, жауапкершілікке бейім болып ер жетті.

– Ауылдық жерде өсіп, қалыптастым. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ тәртіпке, жауапкершілікке үйрендім. Мектепті осы ауылдан аяқтадым. Білім ордасын тәмамдаған соң, 2009 жылы Петропавл қаласындағы Жоғары әскери институтқа оқуға түстім. Бұл – менің өмірімдегі ең маңызды шешімдердің бірі болды. Сол жылдан 2013 жылға дейін аталған оқу орнында білім алып, оны сәтті аяқтадым. Қазіргі таңда бұл оқу орны Ұлттық ұлан академиясы деп аталады. Мен автомобиль әскерлері факультетінде, нақтырақ айтқанда, командалық-тактикалық бағыт бойынша білім алдым. Бұл мамандық маған әскери техниканың қыр-сырын терең меңгеруге мүмкіндік берді”, – дейді Денис Карпов.

Оқуын сәтті аяқтаған соң алғашқы қызметн Петропавл қаласында бастады. Онда автомобиль взводының командирі қызметін атқарды. Бұл кезең ол үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Жас офицер ретінде өзін дәлелдеуге, теориялық білімімді тәжірибемен ұштастыруға тырысты.

– 2013 жылдан 2016 жылға дейін сол Петропавл қаласында, Ұлттық ұлан академиясында взвод командирі ретінде қызметімді жалғастырдым. Осы жылдар ішінде әскери басқару, техникамен жұмыс, жеке құраммен қарым-қатынас орнату секілді маңызды дағдыларды меңгердім. Кейін, 2016-2018 жылдары Петропавл қаласындағы 5510 әскери бөлімінде батальон командирінің техника және материалдық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Бұл қызмет мен үшін жаңа деңгей болды. Жауапкершілік ауқымы кеңейді, басқару міндеттері артты”, – дейді кейіпкер.

Екі мың он сегізінші жылдан 2021 жылға дейін Степногорск қаласындағы 3517 әскери бөлімінде автобронетан қызметінің бастығы болып жұмыс істейді. Бұл кезеңде Денис Карпов толыққанды басшылық қызметке кірісті. 2021-2024 жылдар аралығында сол әскери бөлімде техника және қару-жарақ жөніндегі бөлім командирінің орынбасары қызметін атқарады. Бұл қызметте әскери техниканың жай-күйіне толық жауап беріп, бөлімнің техникалық дайындығын қамтамасыз ету оның басты міндеті болды. Ал 2024 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінде автобронетанк қызметінің бастығы болып қызмет атқарып келеді.

– Менің негізгі жұмысым – әскери техниканың, автокөліктердің техникалық жағдайын бақылау. Яғни, олардың жарамдылығы, дұрыс пайдаланылуы, уақытылы жөнделуі, жалпы ұзақ мерзімге қызмет етуін қамтамасыз ету басты міндеті, – екенін айтады ол. Техника – бұл әскери бөлімнің «жүрегі» деуге болады. Егер техника дұрыс жұмыс істемесе, тапсырманың орындалуы да қиындайды. Сондықтан біз үшін әрбір көліктің жағдайы маңызды, – екенін жеткізді әскери қызметші.

ҮЙДЕ ДЕ, ЖҰМЫСТА ДА БІРГЕ

Ел тыныштығын күзетіп жүргендердің қатарында сержант Юлия Карпова да бар. Ол – әскери қызметті саналы түрде таңдаған, бұл жолдың жауапкершілігін терең түсінетін маман. Оның өмір жолы – табандылықтың, төзімділіктің және арманға адалдықтың айқын көрінісі. Жолдасы Денис Карпов екеуі бір бөлімде бірақ түрлі лауазымда қызмет етеді.  Юлия Карпова 2009 жылдан бері әскери қызмет сапында. Бала кезінен әскери форма киіп, погон тағуды армандаған ол бұл мақсатына сеніммен қадам басты.

– Әскери салаға келуім кездейсоқ емес. Бала кезімнен әскери форма киіп, погон тағуды армандадым. Әскери адамдарға қарап, олардың тәртібі, жинақылығы, жауапкершілігі маған әрдайым ерекше әсер ететін. Сол себепті де өз өмірімді осы саламен байланыстыруды шештім. Алғашында азаматтық жоғары оқу орнында Шоқан Уәлиханов атындағы институтта білім алдым. Кейін еңбек жолымды Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясында бастадым. Сол жерде қызметке орналасып, әскери өмірге біржола бет бұрдым, – дейді ол. Екі мың тоғызыншы жылдан бері үздіксіз әскери қызмет атқарып келемін. Алғашында кадр бөлімінде жұмыс істедім. Бұл қызмет маған әскери құрылымның ішкі жүйесін, тәртіп пен құжат жүргізу жұмыстарын терең меңгеруге мүмкіндік берді.

2018 жылдан 2024 жылға дейін Степногорск қаласындағы 3517 әскери бөлімінде байланыс қоймасының бастығы қызметін атқарды. Ал 2024 жылдан бастап қазіргі уақытта Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінде байланыс қоймасы, техникалық күзет құралдары және автоматтандыру құралдары бойынша қойма бастығы болып қызмет атқарып келеді.

– Менің жұмысым бөлімге келіп түсетін барлық техникалық құралдарды қабылдау, сақтау және уақытында тарату. Бұл есептеу техникасы, радиостанциялар, түрлі байланыс құралдары, күзет жүйелеріне арналған жабдықтар. Яғни, техникалық қауіпсіздік пен байланысқа қатысты барлық құралдар біздің қойма арқылы өтеді. Бұл қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрбір құралдың есебі нақты болуы керек. Себебі бұл әскери бөлімнің қауіпсіздігі мен тұрақты жұмыс істеуінің бір бөлігі, – екенін айтады әскери қызметші.

Әскери қызмет тек кәсіби міндет қана емес, бұл үлкен жауапкершілік. Әсіресе, әйел адам үшін бұл жолдың өзіндік қиындығы бар. Жоғары да жазғанымыздай жолдасым да әскери қызметші. Ол – екі баланың анасы. Қыздары Петропавл қаласында дүниеге келсе, ұлы Көкшетау қаласында туған. Бұл – әскери отбасының өмір салтына тән жағдай. Қызмет бабымен гарнизоннан гарнизонға көшу – олардың өмірінің бір бөлігі.

– Біз қызмет барысында әртүрлі гарнизондарға көшіп жүрдік. Соның нәтижесінде балаларымыз әр қалада дүниеге келді. Үлкен қызымыз Петропавл қаласында өмірге келсе, ұлымыз Көкшетау қаласында дүниеге келді. Әскери отбасы болу – ерекше өмір салты. Үнемі қозғалыста боласың, жаңа ортаға бейімделесің, жаңа адамдармен танысасың. Бірақ соның бәрі өмірді қызықты етеді. Қазақстанның әр өңірінде достар таптық. Қай қалаға барсақ та, жақын адамдарымыз бар. Бұл – әскери өмірдің бір жақсы жағы. Үйде біз мүлде басқа адамдармыз. Жұмыста – әскери қызметшіміз, ал үйде – ата-анамыз. Сондықтан үйде жұмыс туралы көп сөйлеспеуге тырысамыз”, – деп түсіндіріп өтті Юлия Карпова.

Жолдасымен олар әртүрлі қызмет атқарады. Бір бөлімде болғанымен, жұмыс бағыттары бөлек. Кейде жұмыста бір-бірін мүлде көрмей қалатын кездер болады. Олардың таныстығы да әскери ортада басталған. Яғни, Петропавл қаласындағы әскери академияда танысты. Ол кезде жолдасы курсант еді, ал ол сол жерде қызмет атқарып жүрді. 2013 жылы олар шаңырақ көтерді. Содан бері бірге өмір сүріп, бірге қызмет етіп келеді.

– Әйелге қиынырақ. Себебі біз тек қызметте ғана емес, үйде де жауаптымыз. Барлығына үлгеру керек – жұмысқа да, балаға да, үйге де, – дейді ол. Бұл оңай емес. Бірақ біз, әйелдер, мықтымыз ғой. Сондықтан бәріне үлгеруге тырысамыз. Әскери қызмет – менің таңдауым. Мен бұл жолға саналы түрде келдім. Сондықтан қандай қиындық болса да, алға қарай жүремін.

Сержант Юлия Карпова  өз ісіне адал, өмірге деген көзқарасы нық, жауапкершілігі жоғары маман. Оның өмір жолы әскери қызметті таңдаған әйелдердің қайсарлығын, төзімділігін көрсететін жарқын мысал. Әскери форма оның бала күнгі арманы еді. Бүгінде сол арман шындыққа айналып, ол ел тыныштығы жолында абыроймен қызмет етіп жүр. Жұмыс пен отбасын ажырата білу олардың басты қағидаларымыздың бірі. Алайда олар осы саланы таңдағандарына еш өкінбейді.

Бүгінде олар Қостанай өңірінде қызмет етіп жүріп, өз тәжірибелерін жас буынға үйретуді де ұмытқан емес. Әскери өмірдің қыр-сырын меңгерген қос маман үшін бастысы ел тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігі. Екі жүрек, бір мақсат. Отан алдындағы парызды бірге атқарып келе жатқан бұл отбасы – нағыз ерлік пен адалдықтың символы.

 

 Сералы МЫРЗАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77