COVID-2019
в Казахстане



Вся информация здесь

114821

Выздоровевших

129213

Зарегистрированных случаев

5050

Зарегистрированных случаев в Костанайской области

1990

Летальных случаев

Біздің Қостанай

Ерліктің үлгісін көрсеткен

Кешегі майдангер, ардақты тұлға Боранбай Бақаев жөнінде

Толарсақтан саз кешкен

Ұлы Отан соғысының тигізген зардабы аз болған жоқ.

Қаншама ана жесір, көптеген күнәсіз, пәк сәбилер жетім атанды. Әрбір үйдің үкілі үміті болған боздақтар ерлікпен қаза тауып, топырақ жат жерден бұйырды.

Осы қанды майданға аттанып, ерліктің үлгісін көрсеткен қандастарымыздың бірі –ардақты жерлесіміз Боранбай Бақаев болатын. Ол 1926 жылы сәуір айында өңіріміздегі Үлкенсор деп аталатын киелі елді мекенде дүниеге келді.

Басқа түссе, адам баласы қандай қиындыққа болсын төзеді. Ол кішкентай кезінде ата-анасынан айырылып, жоқшылықтың ащы дәмін татты. Әпкесі Бөпежан екеуі ауыртпалықты аз көрген жоқ, бір – бірін жетелеп өсті. Өз қатарластарынан ерте есейді. Рухтары түспеді. Болашаққа үлкен сеніммен қарады.

Бөпежан апамыз қанша дегенмен қыз баласы емес пе? Жалғыз інісін қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқтырмады. Сүйген жігітімен шаңырақ көтеріп, перзент сүйді.

Әңгімемізге арқау болған Боранбай Бақайұлы жастайынан еңбекқор, жаны жаңалыққа құштар азамат 1943 жылы қанды майдан қызып жатқан кезде Жітіқара аудандық әскери комиссариатынан әскерге алынды. Бұл оның нағыз тепсе темір үзетін бозбалалық шағы еді.

Әскери өмірдің өзіне тән ауыртпалықтарына төзімділік танытқан қайсар ағамыз Польшаны және басқа да жерлерді жаудан азат етуге қатысып, ұлтымыздың намысты да жігерлі ұрпағы екендігін дәлелдеді. Онда көрсеткен ерліктері де зая кеткен жоқ. Кеудесіне бірнеше ордендер мен медальдарды тақты.

Командирлер тарапынан қандай жауынгерлік тапсырма берілсе де, аса жауапкершілікпен орындайтын қаһарман екендігін де талай қанды шайқастарда айқын көрсетті. 298-ші атқыштар полкінің құрамында сержант ретінде адал қызмет етті.

Оның кеудесіндегі Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуков, «Варшаваны азат етудегі ерлікке толы батылдығы үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдары оның өжеттігін айғақтап тұр емес пе?

Сондай-ақ Жоғары Бас Қолбасшы, Кеңес Одағының Маршалы Сталиннің бірнеше Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл тек қазақ жігітіне ғана емес, ұлтымыздың қайтпас қайсарлығына, батырлығына берілген әділ баға еді.

Бірде Жеңіс күніне орай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әкеме жолдаған арнайы құттықтауы кешегі майдангер азаматқа көрсетілген үлкен құрметтің белгісі ретінде әлі күнге дейін сақтаулы.

Кіші сержант дәрежесіндегі табанды жігіт 2-ші Белорус майданында қанды көйлек достарының арасында үлкен беделге ие болды. Өзінің жаужүректілігі және табандылығымен әрдайым алғы шептен табылды.
Бір әулеттің бәйтерегі әрі асқар тауы майданнан оралған соң да қарап отырмады. «Қайыңды» колхозында есепшілік жұмысын одан әрі жалғастырды. Темірдей тәртіптің адамы екендігін қызмет барысында көрсетті.

Жерлестері оны құшақ жая қарсы алды. Содан кейін ұзақ жылдар бойы Аралкөл елді мекенінде ғұмыр кешті. Бұл қанды майданнан кейінгі қиын кезең еді. Өйткені, әрбір шаңырақтың тұтқасы болып отырған кейбір азаматтар майданнан келмеді.

Сол себептен де еңсесі түскен ауылды көтеру үшін барлығы да аянбай әрі уақытпен санаспай еңбек етті. Жұмыс таңдамады. Мұны бәрі де көрді, жастар жағы көңілдеріне тоқыды.

Ұрпақтары сағынышпен еске алады

Туған жерге табаны тиген соң да ауылда кассир, бас есепші секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, жергілікті тұрғындардың үлкен құрметіне бөленді. «Бестау» кеңшарында бөлімше басқарушысы, директордың орынбасары және жергілікті жұмысшылар кооперациясының төрағасы болды.

Бұл қызметтерде ол үнемі қалың жұртшылықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Әрдайым кісілік пен кішілік танытып, үлкендерге ізет көрсетті. Кейінгілерге өнеге болды.

Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде жастарды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге септігін тигізді. Тағылымды тәлімгер атанды. Егер сол жылдары көпке белгілі «Бестау» кеңшарының экономикасы өркендеп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көтерілсе, оның да қосқан үлесі айтарлықтай дер едік.

Ол тек өндірістің білікті маманы, есеп саласының майталманы атанып қана қойған жоқ. Отбасында сүйікті жар, ардақты әке, абыз ата болды. Қазақтың Қазима есімді аяулы бойжеткенімен көңіл жарастырып, өз алдарына жеке шаңырақ көтерді.

Ерлі-зайыптылар бір шаңырақтың астында қырық жылдан астам сыйласа тіршілік кешті. Ауылдағы үйленген жас жұбайлар осы кісілерге еліктеп, солардай бақытты болуға талпынды.

Зайыбы отағасын пір тұтты. Оның қызметінің ерекшелігін түсініп, алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасады. Ұлтымыздың әйеліне тән асыл қасиеттерімен азаматын үнемі балаларына үлгі тұтты.

Боранбай аға өте балажан еді. Бәйбішесі екеуі перзенттерін өмірінің мәніне балап, байлыққа санады. Жалпы, үйдің алтын дінгегі Қазима апамыз тоғыз құрсақ көтерді. Соның төртеуі дүниеден ерте өтті. Шаңырақтың тірегі қыздарының бәрінің де елге пайдасын тигізер мамандықты таңдауларына тікелей ықпал етті. Әсіресе, мұғалімдік қызметті айрықша бағалады.

Себебі, кейін гүлдей аялап өсірген сүйікті қыздары есейгенде мәселенің байыбына көз жеткізіп, ұстаздар қауымының еліміздің болашағын тәрбиелеушілер екендігін ұғынды. Расында да кімнің болсын саналы адам болып қалыптасуына бағыт-бағдар беретін тұлғалар емес пе?

Қазіргі таңда Қазақстанда мұғалімдерге деген құрмет ерекше. Олардың мәртебесі де өсіп жатыр. Бұл да болса парасатты жанның көрегендігін байқатады деп ойлаймын.

Киелі шаңырақтағы әкелері үміт күткен қыздарының бәрі де өмірден өз орындарын тапты. Үлкендері Сәуле мен Қарасын – кеншілер қаласы Рудныйда кітапханашы.

Бір өкініштісі, олардан кейінгі Бақытжамалдың ғұмыры қысқа болды. Ол былтыр дүниеден өтті. Ал, Тұмар болса – жоғарыда аталған шаһарда, кенже қызы Бағдат Қостанай қаласында тұрады.

Борекең Бағдат үйдің кенжесі болғандықтан еркелетіп өсірді. Бірақ қай-қайсысы да өз қатарларынан кем болған жоқ. Бәрі де әке – шешелерінің есімдерін ардақтап, оларды ұрпақтарына үлгі-өнеге етеді.

Ұрпағы бар адамды, сірә, өлді деуге болмайды. Қазір солардан он бір немере, он шөбере өрбіп, ата-әжелерін әрдайым сағынышпен еске алып отырады. Күйеу балалары да ата-енелерін ардақтады.

Өзім Боранбай ағаның күйеу баласы Дәулет пен кенже қызы Бағдатпен біраз уақыттан бері араласып тұрамын, екеуінің де бойынан ата- аналарының тағылымды тәрбиелерін байқау қиын емес.

Мысалы, Бағдат қарындасымыз былай деп сыр шерітеді:

– Әкеміз көпті көрген, парасатты да жан-жағына шуағын төккен, шарапатын тигізген асыл жан-ды. Ол бізді кішкентайымыздан бауырмалдыққа, қарапайымдылыққа, адалдыққа, үлкен мен кішіні сыйлауға баулыды. Егер мына тіршілікте қолымыз бірдеңеге жетсе, әулет бәйтерегі атанған тұлғаның және сүйікті анамыздың берген ұлағатты тәрбиесі деп есептеймін.

Жылда Ұлы Жеңіс күні қызым Назеркені ертіп алып, облыс орталығындағы майдангерлер мен боздақтарға арналған мемориалдық тақтаға барып, олардың рухына тағзым етеміз, гүл шоқтарын қоямыз.

Оразалы Жақсанов


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77