Қостанай қаласының әр ауданында өзіндік тарихы, жылдар бойы қалыптасқан келбеті бар. Бірі – қаланың қарқынды дамып келе жатқан жаңа бөлігі болса, енді бірі – талай буынның өмір жолына куә болған ескі аудандардың бірі.
Осындай мекендердің қатарында Гашек көшесі орналасқан аумақты атауға болады. Бір кездері шеткері саналатын бұл аудан бүгінде қала ажарын айшықтайтын аумақтардың біріне айналып, жаңа тұрғын үйлерімен, абаттандырылған демалыс орындарымен ерекшеленеді.
Ауданның тарихы өткен ғасырдың екінші жартысымен тығыз байланысты. Кезінде бұл көше «Речная» деп аталған. Кейін оған чех жазушысы Ярослав Гашек есімі берілді.


Мұнда салынған үйлердің бірқатары сол кезеңдегі өндіріс орындарының қызметкерлеріне арналған. Қазір бұл пәтерлерде ондаған жылдар бойы мекен етіп келе жатқан тұрғындар бар. Олар үшін бұл аудан – жай ғана мекенжай емес, өткен күндердің ыстық естелігі.
Ауданның әлеуметтік нысандары да оның қалыптасу тарихынан сыр шертеді. Бұл жерде орналасқан облыстық көз ауруханасы ұзақ жылдар бойы қала тұрғындары мен өңір халқының денсаулығын сақтауға қызмет етіп келеді. Медициналық мекеме ауданның маңызды нысандарының біріне айналып, оның тұрғындары үшін бұрыннан таныс орындардың қатарында.
Бүгінде Гашек көшесі орналасқан аумақ өткен мен бүгінді тоғыстырып отыр. Бір жағында – бірнеше онжылдық тарихы бар үйлер мен олардың алғашқы тұрғындары, қарсы бетінде – жаңа тұрғын үй кешендері мен заманауи инфрақұрылым бой көтеруде.
Көше тарихын көзбен көрген тұрғын
Гашек көшесіндегі үйлердің бірінде 38 жылдан бері тұрып келе жатқан зейнеткер Татьяна Левенцова бұл ауданның өткенін жақсы біледі. Ол – осы көшедегі үйдің ең алғашқы тұрғындарының бірі. 71 жастағы әжей мұнда көшіп келгенде небәрі 32 жаста болыпты. Үш бөлмелі пәтерге Татьяна Борисовна жолдасымен және екі кішкентай баласымен қоныс аударған.

— Біз көшіп келгенде ұлымыз жеті жарым жаста, қызымыз екіден енді асқан еді. Бұл үйді дизель зауыты өз жұмысшыларына арнап салған болатын. Жолдасым сол зауытта жұмыс істеді, тіпті осы пәтерлердің әрлеу жұмыстарына да қатысты. Осында үйлі болып, балаларымызды өсіріп, жеткіздік. Өзім де зейнетке шыққанға дейін осы маңдағы балабақшада тәрбиеші болып қызмет еттім, – деп ол өткен ғасырдағы кезеңдерін ерекше жылылықпен еске алады.
Бүгінде әжей бұл үйде жалғыз тұрады. Былтыр өмірлік серігін ақтық сапарға шығарып салған. Дегенмен, 40 жылға жуық өмір сүрген ауданынан алыстағысы келмейді. Ол осы жердің әр өзгерісін жылдар бойы бақылап келеді.
– Бұл үйде бізбен бірге қоныстанған 4-5 көрші қалды. Бір-бірімізді жақсы танимыз, осы ауданның тарихын бірге жасадық, бірге есейдік. Бұл жерден көшу ойымда жоқ, өз үйім, аулам ыстық. Аудан өзгеріп жатыр, бірақ мен үшін бұл жердің орны бөлек. Себебі менің өмірімнің үлкен бөлігі осы жерде өтті. Алайда соңғы жылдары, әсіресе, құрылыс жүріп жатқан аумақтарда қаңғыбас иттердің көбейіп кеткені алаңдатады. Аулада ойнап жүрген балалар үшін де, көшеде жүретін үлкендер үшін де олардың көп болуы алаңдатарлық жағдай, – дейді зейнеткер.
«Ұлы дала» саябағы – тұрғындардың сүйікті демалыс орны
Гашек көшесі орналасқан аумақтың соңғы жылдардағы басты өзгерістерінің бірі – Тобыл өзені жағалауындағы «Ұлы дала» саябағы. Бұл орын бүгінде тек жақын маңдағы тұрғындардың емес, қаланың басқа аудандарынан келетін адамдардың да сүйікті демалыс орнына айналған.

Әсіресе кешкі уақытта саябақта серуендеген тұрғындардың қатары көбейеді. Мұнда балаларымен келген отбасыларды, достарымен кездескен жастарды, таза ауада тыныққысы келген қала тұрғындарын кездестіруге болады.

Осы ауданда тұратын Назира мен сіңлісі Ұлжан саябаққа күнде келеді. Бүгін олар кішкентай інілерін ертіп, балалар алаңында ойнатуға келіпті.

– Біз бұл ауданда биылғы қыстан бері тұрамыз. Күн жылына сала, ата-анамызбен, бауырларымызбен, кейде құрбыларымызды келуді әдетке айналдырдық. Көбіне үйдің кішкентайларын осы жерде ойнатамыз, – дейді Назира.
Ал 15 жастағы Ұлжан бұл жердің табиғатын ұнататынын айтады.
— Маған осы саябақтың әдемілігі, жайлылығы ұнайды. Үлкен кісілерге де, жастарға да серуендейтін орын көп. Балаларға да ыңғайлы, ойнайтын алаңдары да үлкен, түрлі төбешік, әткеншектер де көп, – деп қосты Ұлжан.
«Ұлы дала» саябағына тек осы аудан тұрғындары ғана емес, қаланың басқа бөліктерінен де келушілер бар. Кенжеғали және Айнагүл Қасымовтар бұл саябаққа КСК ауданынан арнайы кешкі уақытта келеді екен.

– Мұнда өте әдемі, тыныш. Біздің жақта да бульвар бар. Бірақ бұл жердің ерекшелігі – аумағы үлкен, ауасы кең. Жаз басталғалы, кешкі тамақтан соң, ұйқы алдында таза ауамен тыныстап, тынығу үшін осы саябаққа келіп жүрміз, – дейді ерлі-зайыптылар.
Құрылыс қарқын алған аумақ
Бұрын бұл жер қала шетіндегі тыныш, шағын аудан болса, бүгінде құрылыс қарқын алып, аумақ кеңейіп келеді. Кеңестік кезеңде салынған тұрғын үйлердің қатары бүгінде жаңа заманауи көпқабатты тұрғын үй кешендерімен толықты.


Құрылыс жұмыстары ауданның келбетін ғана емес, тұрғындар санын да арттыруда. Жас отбасылардың қоныс аударуымен бірге әлеуметтік және демалыс инфрақұрылымына деген сұраныс өсуде.
Көп жылдан бері осы ауданда тұратын тұрғындар жаңа құрылыстардың ауданның дамуына серпін бергенін айтады. Дегенмен, құрылыс қарқынының артуымен бірге шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Соған қарамастан, көпшілік Гашек көшесі орналасқан аумақтың алдағы уақытта Қостанайдың ең көрікті әрі жайлы аудандарының біріне айналатынына сенімді.
Назгүл Азатқызы
Суретті түсірген автор
