Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы халықтың тұрмысын жеңілдеткенімен, интернет арқылы жасалатын қылмыстардың да артуына жол ашты. Бүгінде елімізде тіркелетін әрбір бесінші қылмыс интернет-алаяқтықпен байланысты. Қаскөйлер азаматтардың сеніміне кіріп, түрлі айла-тәсіл арқылы ақшасын иемденіп, кей жағдайда олардың атына несие рәсімдеуге дейін барады.
Қазіргі таңда ең көп таралған алаяқтық түрлерінің бірі – интернет-дүкендер мен хабарландыру сайттары арқылы жасалатын алдау. Азаматтар әлеуметтік желілерден немесе түрлі платформалардан тауарға тапсырыс беріп, алдын ала төлем жасайды. Алайда ақша аударылғаннан кейін сатушы байланысын үзеді. Мамандар мұндай жағдайда сатушымен жеке кездесуге немесе тауарды көзбен көруге мүмкіндік болмаса, сақтық таныту қажеттігін айтады.
– Азаматтар ең алдымен сатушының нақты бар екеніне көз жеткізуі керек. Егер адам мекенжайын айтудан немесе тауарды көрсетуден бас тартса, бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін. Ең қауіпсіз жол – тауарды көзбен көріп барып сатып алу, – дейді ПД Қиберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Олжас Мағыпаров.
Соңғы жылдары жалған инвестициялық жобалар да көбейген. Әлеуметтік желілерде жоғары табысқа кепілдік беретін жарнамалар азаматтарды қызықтырып, нәтижесінде олар ірі көлемдегі қаржысынан айырылады. Кейбір жағдайларда алаяқтар жәбірленушілердің атына несие рәсімдетіп үлгереді.
Биыл құқық қорғау органдары алаяқтардың жаңа схемаларын анықтады. Соның бірі – өзін мекеме басшысы немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстыратын қаскөйлердің әрекеті. Олар азаматтарға хабарласып, жеке деректердің таралып кеткенін айтып қорқытады. Кейін жалған «маман» немесе «қауіпсіздік қызметкерін» қосып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді.
– Азаматтар бір нәрсені нақты білуі керек: «қауіпсіз шот» деген ұғым жоқ. Банк қызметкерлері де, полиция қызметкерлері де ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейді. Мұндай ұсыныс айтылған сәттен бастап әңгімені тоқтатқан жөн, – дейді Олжас Мағыпаров.
Тағы бір қауіпті үрдіс – жасанды интеллект көмегімен жасалатын дипфейк технологиялары. Алаяқтар адамның бейнесін немесе дауысын қолдан жасап, бейнеқоңырау арқылы сенімге кіреді. Сондықтан бүгінгі күні тек телефондағы бейне немесе дауысқа сүйеніп шешім қабылдау қауіпті болып отыр.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жыл басынан бері интернет-алаяқтық бойынша 521 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 124 фактіге аз болғанымен, мамандар қауіптің әлі де жоғары екенін айтады.
Интернет-алаяқтықтың ең қауіпті түрлері адамдарды психологиялық тұрғыдан қысымға алуға негізделген. Қаскөйлер алдымен өзін банк қызметкері, полиция өкілі немесе курьер ретінде таныстырып, SMS арқылы келген кодты сұрайды. Кейін адамның үрейін күшейтіп, асығыс шешім қабылдауға мәжбүрлейді.
– Алаяқтардың басты қаруы – қорқыныш пен асықтыру. Олар адамды ойландырмай әрекет етуге итермелейді. Сондықтан күмәнді қоңырау түскен жағдайда сабыр сақтап, ақпаратты міндетті түрде ресми арналар арқылы тексеру қажет, – дейді полиция майоры.
Мамандардың айтуынша, жәбірленушілердің жиі жіберетін қателігі – бейтаныс адамдарға сену, SMS-кодтарды айту және полицияға кеш жүгіну. Уақыт өткен сайын алаяқтар ұрланған қаражатты басқа шоттарға аударып, қолма-қол ақшаға айналдырып үлгереді.
Егер азамат алаяқтардың құрбаны болғанын түсінсе, ең алдымен банктік картасын немесе шотын бұғаттауы қажет. Одан кейін дереу полицияға хабарласып, барлық дәлелдерді – хат алмасуларды, төлем түбіртектерін, скриншоттарды және қоңырау нөмірлерін сақтап қалуы керек.
Заңнамадағы өзгерістердің арқасында бүгінде ұрланған қаражатты қайтару мүмкіндігі артып келеді. 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл бөтен адамдарға өз банк шотын пайдалануға берген азаматтардың да заң алдында жауап беруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа тетіктердің көмегімен кей жағдайларда ақша иесіне бірнеше күн ішінде қайтарылып жатыр.
Мамандар интернет кеңістігінде қауіпсіздікті сақтау үшін қарапайым қағидаларды ұстануға кеңес береді: ешкімге SMS-код бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, алдын ала төлем жасауға асықпау және кез келген күмәнді жағдайда 102 нөміріне хабарласу. Өйткені интернет-алаяқтықтың құрбаны болмаудың ең тиімді жолы – сақтық пен ақпараттық сауаттылық.
Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суретті Қостанай облысы
ПД ұсынды
