COVID-2019
в Казахстане



Вся информация здесь

115384

Выздоровевших

129213

Зарегистрированных случаев

5050

Зарегистрированных случаев в Костанайской области

1990

Летальных случаев

Біздің Қостанай

Өңірімізде киелі де қасиетті жерлер қаншама

Осындай керемет жерлердің қадірін біліп жүрміз бе?

Елімізде киелі мекендер көптеп саналады. Дертке шипа болатын емдік қасиеті бар орындар қаншама.

Осындай байлығымыз назардын тыс қалып бара жатқанын байқады ма, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын аса құнды мақаласын жолдап, киелі мекендердің тізімін жасап берген болатын.

Үстіміздегі жылы әлем бойынша белең алып, біздің мемлекетімізге де жеткен қауіпті дерт коронавирус көп адамды ойландырып, толғандырып тастады. Үйде отырып, отбасымызбен бірге уақыт өткізуді әдетке айналдырдық, ең бастысы шет ел жағаламай өзіміздің еліміздегі киелі де дертке шипа болатын емдік қасиеті бар жерлерді таныдық. Барып араладық, емделдік, демалдық. Қандай керемет. Шет елге шықпай-ақ елімізде де жақсы демалуға, емделуге болады екен ғой деген ойға қалдық.

Қазақта «Бірдеңеге бір нәрсе себеп болады» деп жатады. Өз еліміздің керемет те киелі, емдік қасиеті бар жерлерін тануға осы дерт себепкер болып отыр емес пе.

Алтынды ешқашан алыстан іздемей, қолда барын балау керек шығар. Міне, осы ретте елімізде енгізілген карантин режиміне байланысты көптеген отбасылар жылдағы еңбек демалыстарын шет елде өткізбей, еліміздегі емдік қасиеті бар жерлерге баруды ұйғарғанын көріп те, естіп те жүрміз.

Киелі Торғай өлкесінде ыстық су мен «Әулие тұз» деп аталатын тұзды су бар. Оның емдік қасиеті елімізді былай қойып, басқа мемлекеттің халқы естіп-біліп, келіп жатыр.

Өйткені, бұл емдік қасиеті бар сулар бойыңыздағы барлық ауруды алақанмен сипап суырып алғандай сауықтырад. Бойыңыз жеңілдеп, дертіңізден айығып, бір демалып қаласыз.

Осы ретте биыл Торғайдың құнарлы топырағын басып, емдік қасиеті бар суларына түсіп, демалып қайтқан тұрғындармен жолығып, әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Жақында жолдасым Қайрат екеуіміз туған өлкеміз Торғай жеріне барып қайтамыз. Торғайда туған-туыс, ағайын-бауыр өте көп. Соларды жылына бір көріп қайтпасақ көңіліміз көншімейді. Сондай-ақ біздің Торғайдың көлі де құмы да емге шипа.

Осы жолы барғанымызда тұзды суға да, ыстық суға да түстік. Көптен бері салқын тиіп денсаулығымыз сыр беріп жүр еді. Торғайдағы осы дертке шипа болатын суларға түскенде, ауруымызды алағанмен сипап алып қалғандай болды. Бойымыз жеңілдеп ауруымыздан айығып, бір демалып қайттық.

Қазіргі қымбат тұратын демалыс орындары мен шипажайларға қарағанда, Торғайдың  емдік қасиеті бар сулары әлде қайда пайдалы. Оған биыл келушілер өте көп екен. Біз отбасымызбен барғанда еліміздің басқа да аймақтарынан келіп, емдік қасиеті бар суларға түсіп жатқандарды кездестірдік.

Жалпы, Торғайдағы тұзды су мен ыстық судың басы нағыз шипажай болатын жерлер. Өкінішке орай, осы  жерлерде басшылардың шипажай салып, туризмді дамытуға қолдары бармай отыр. Ал былай қарап отырсақ, нағыз сол жерлер демалыс орындары болар еді, – дейді жерлесіміз Шарбану Ақышова.

Қостанай өңірі шипалы көлдер мен киелі мекендерге өте бай. Бұл ретте Науырзым ауданында орналасқан Қоянақ әжейдің бейітін айтпай кетуге болмайды. Бұл кісінің бейіті бүгінде ауруына ем іздеген, перзентке зар болған жандардың тілек тілеп көп баратын жері.

Қазақ халқы қашаннан әулие бабаларын танып, олардан сәби сұрап, жанына батқан дертінің емін қалап, басында түнеп,  құрбан шалып отырған. Бұл салт әлі күнге дейін өшпей де өлмей де жалғасып келеді. Шын ниетпен тілек тілеп, жалынып жалбарынған пендені Әулие бабалар құр бос қол қайтармаған.

Міне, осылай әулие әжейдің басына барып, тілек тілеген  ерлі-зайыптылар Жұлдыз бен Дамир Мусиндерді сөзге тарттық.

– Біз киелі Науырзым өлкесінде көпшіліктің келіп тәуіп ететін жері Қоянақ әжейдің бейіті бар екенін көптен бері естіп жүр едік. Бірақ күнделікті жұмыстан қол босамай жолымыз түспей жүрген еді.  Жылда еңбек демалысымызда шет елге немесе еліміздің әсем қалаларындағы демалыс орындарына кететінбіз. Биыл карантинге байланысты шекара жабық болған соң, шет елге шыға алмай, өзіміздің елімізде демалып, қыдырғанды жөн көрдік. Еңбек демалысымызды алып бір-екі күндей қайда барып демалатынымызды білмей үйде отырып қалдық. Содан кейін бірінші кезекте ойымызда жүрген Қоянақ әжейдің басына барып, тілек тілегенді жөн көрдік.

Сөйтіп, Науырзым ауданындағы Қоянақ әжейдің басына түнеп, тілек тіледік. Бейіттің басында келіп, тәу етушілерге арнайы салынған үйдің ішінде ыдыс-аяқ, кілем, көрпеше, жастықтың неше түрі бар екен.

Осы арада үйдегі ата-анамыз Торғайдағы дертке шипа ыстық су мен тұзды суға барып, емделіп қайтайықшы деді. Сөйтіп, осы емдік қасиеті бар суға түсіп, бойымыз жеңілдеп, шаршағанымызды ұмытып, күш-қуат алдық.

Шынында да емдік қасиеті бар екен. Өзімізді содан бері өте жақсы сезініп жүрмін. Бойымыз жеңілдеп, жұмысымыз сәтті жүріп жатыр. Демалысымыз бітіп, жұмысқа қайта оралсақ та, бойымыздағы тың күшті әлі сезінеміз. Осында барып демалғанымызға қуаныштымыз. Нағыз бір уақыт бәрінен алыстап, тыныштықта емделіп, демалатын орын екен. Қаланың күнделікті күйбің тіршілігін мүлдем ұмытады екенсің.

Біздің ойымша өңіріміздегі емдік қасиеті бар жерлерді көркейіту керек. Өкінішке орай, жер астынан шығып жатқан шипалы судың басында адамның демалып, емделуіне ешқандай жағдай жасалмаған. Тіпті оған баратын дұрыс жол да жоқ. Мұндай қасиетті жерлердің көзін ашып, оның басына қонақ үй, тақтайдай түзу жол салса, нағыз туристік орын болар еді, – дейді олар.

Иә расында да бүгінде бұл сулардың басында күтіп-баптап отырған бір жан жоқ. Жабайы дертке шипалы су болып қана қалып отыр. Сонда да ыстық су мен тұзды судың емдік қасиеті еліміздің сыртында көптеген мемлекеттердің хылқының құлағына жетіп отырғаны өтірік емес. Қай кездерде болмасын көршілес Ресей елінен ауырып, жаны қиналған жандар ыстық су мен тұзды судың қай жерде екенін іздеп, сұрастырып жүретін. Әлі де солай. Отбасымен келіп, осында емделіп, демалып кететіндер қаншама. Еліміздің өзге аймақтарынан да келіп, дертіне шипа тауып жатқандар да жетерлік.

Осындай дертке шипа болатын суларды неге қадірлеп, көзін ашып, жағасын демалуға, емделуге қолайлы етіп жасамасқа? Бұл сулар табиғаттың сыйы. Ол ешқандай күтім көремесе де жыл сайын келушілердің дертіне шипа болып отыр емес пе.

Бірде баласының денесіне қаптаған теміреткені кетіре алмай дәрігерлерден ешқандай ем болмаған соң  емшілердің көмегіне жүгініп, оданда еш шипа болмағаннан кейін осы Торғайдағы ыстық суға баланы шомылдырып, денесіндегі теміреткені кетіргені жайында  бір кісіден естіген едім.

Ол кісінің айтуынша, кішкентайынан денесіне қаптаған теміреткеден бала көп уақыт мазасызданыпты. Оны қалай емдерін білмей әрине, бірінші кезекте дәрігерлерге жүгінеді. Олар теміреткеге қарсы көптеген жақпа майларды жазып береді. Жаққан кезде кетіп, кейін шамалы уақыт өткен соң қайтадан қаптап кете беріпті. Енді не істерін білмей өңіріміздегі емшілердің біріне барып, аурудың шипасын сұрайды.

Сонда емшілердің бірі «бұның бір-ақ шипасы бар. Балаңызды Торғайда шығып жатқан ыстық суға шомылдырыңыз» деп кеңес береді. Сөйтіп, баласын алып Торғайға барады. Басында көңілінде шамалы сенбестік болғанын айтады. Кейін бала ыстық суға шомылып қайтқасын денесіндегі теміретке толығымен кетіп, құлан таза айығады. Міне, бұл ғажайып, шипалы судың құдіреті болса керек.

Егер Торғай өлкесіндегі осы шипалы сулардың басына толық жабдықталған шипажай салса, үлкен табыс көзіне айналып, елдің де жағдайы жақсарып қалар еді. Сондағы екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастарға жұмыс орындары ашылар еді ғой. Бірақ оны ойлап, қолға алып жатқан жанның жоқтығы қынжылтады.

Ал былай қарап отырсақ, Торғайда арнайы тоқтап, суретке түсетін әдемі жерлер де жетерлік. Бұл жерде көбі әлеуметтік  желілердегі парақшаларына жүктейтін «Дубай» деп астына қалжыңдап жазып қоятын Құмкешуде жасалған суреттерді айтып отырмын.

Жер жәннаты адамның өзінің туып-өскен өлкесі. Адамға одан артық, одан ыстық ештеңе жоқ. Сондықтан өзге елдің кереметін іздемей, өз еліміздің қасиеті мен киелісін бағалай білейік.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77