В ритме города Новости

Көп балалы жүрегі мейірімге толы Мұхтар Өтешова жайында

Бүгін елімізде «Аналар күні» аталып өтілуде

2012 жылдан бері қыркүйек айының үшінші жексенбісі «Аналар күні» болып аталып келеді. Аяулы да, асыл аналары қандай құрметке де қымбат сыйлыққа да лайықты. «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» деп бекер айтылмаса керек. Ананы құрметтеп, оның оң батасын алған жан ғана өмірде өз орнын тауып, бақытты да шаттыққа толы ғұмыр кешері анық. Сондықтан асыл ананың жанарына мұң түсірмей, тек шаттық, бақыт, мейірім сыйлау баршаның парызы болса керек. Мереке қарсаңында алтын құрсақты ана Мұхтар Өтешова жайында сыр шерткенді жөн көрдік.

Көненің көзін көрген ақ жаулықты аналарымыз бен ақ сақалды аталарымыз жазып қойған хатпен тең емес пе. Олардың көкейлерінде қаншама жылдың естелігі жатыр. Осындай қазыналы қариялардың бірі менің бүгінгі кейіпкерім Мұхтар Өтешова десем қателеспеген болармын.

Мұхтар Кәкенқызы биыл 88 жаста. 12 құрсақ көтерген көп балалы ана. Тоғыз қыз, үш ұлды дүниеге әкеліп, тәлімді тәрбие беріп, олардың өз алдына үй болып өмірден өз орындарын табулары үшін асыл ананың тартқан тауқыметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бүгін Мұхтар ананың 9 баласы тірі, үш қызы дүниеден өтіпті. Өзі жайында мақала жазамын деп үйіне барғанымда, қуана-қуана келісті. Қанша балаңыз бар деп сұрағанда балаларының атын атап отырып, өмірден өткен балалары есіне түсіп көзіне жас алды. Әрине, бала бауыр етің, одан айрылу ата-ана үшін үлкен қасірет, орны толмас қайғы.

Кішкентайынан ата-анадан жетім қалып нағашы ағасының қолында тәрбиеленеді. Бала кезіңіз жайында айтып беріңізші дегенімде:

– Мен туғанымнан ата-анадан жетім қалыппын. Сондықтан да болар, өзімнің туған ата-анамның аты-жөнін білмеймін. Ес білген шағымда нағашымның қолында өсіп жатқанымды түсіндім. Нағашым Кәкен мен өзімнің анамдай болып кеткен нағашымның әйелі Сұлушаш мені туған қыздарындай 2 қыз, 1 ұлымен бірге өсірді. Өмірімде туған ата-анамды көрмегенім болмаса, жетімдіктің кермегін тартқан емеспін. Өзім әкем-шешем деп атап кеткен Кәкен нағашым мен Сұлушаш анам мені еркелетіп, еш жамандық, қиыншылық көрсетпей өсірді. Ол кісілерге жан теңгермеймін. Менің бар білетін ата-анам осы кісілер, – дейді әжей терең ойлана.

Өмірден көрген түйгені көп, айтар тағылы мол Мұхтар әжеміз небәрі 16 жасында өңірімізге қарасты Шоққарағай ауылының Тәуекел есімді азаматымен шаңырақ көтереді. Ол кезде отағасы Тәуекел де небәрі 18 жаста болған екен. Жастайынан тұрмыс құрып, үйдің тіршілігін жасап, сауыншы болып та жұмыс істегенін айтады.

– Мен тұрмасқа қазіргі заманмен салыстырғанда тым ерте шығыппын. Бірақ ол кездері қыздарды тұрмысқа ерте беретін еді. Жастайымыздан бала тауып, үйдің жұмысымен қатар таңның атасынан қас қарайғанша жұмыс істейтінбіз. Мен сауыншы болдым. Жұмысым оңай деп айтпас едім. Сиыр сауып, үйге келіп келіндік қызметімді атқаратынмын. Бұрын диірмен тартып, нан көбетін едік. Құнтақталған нәрестемізге де қарайтынбыз. Кейде жұмысқа баламды беліме байлап алып кететінім әлі кешегідей көз алдымда. Біз тұрмыс құрған жылы жолдасым үш жыл қатарынан әскерге кетті. Осы уақытта үйіне жастай келін болып түскен маған қайын атам Өтеш әрдайым қамқорлық жасады. Мені туған қызындай қабылдап, жолдасым әскерден келгенше көмегін аямады. Сол кісінің жасаған жақсылығының арқасында отбасымыз берекелі, бақытты ғұмыр кештік, – деп өткенді еске алады Мұхтар әжей.

Отағасы Тәуекелдің дүниеден өткеніне де көптеген жылдардың жүзі болыпты. Артында балаларын құшақтап Мұхтар әжеміз қалады. Өлгеннің артынан өлмек бар ма, сол кездері көп баламен жалғыз қалған ана қанша қиындық көрсе де мойымай, тек алға ұмтылып, балаларын толық аяқтандырды. Енді міне бүгінде осы бейнетінің зейнетін көріп, балалары Бақыт, Батырхан, Балдырған, Әдірхан, Балжан, Мереке, Әлия, Батыржандардың арасында шалқып ғұмыр кешуде. Сондай-ақ осы балаларынан тараған немерелері, немерден өрген шөберелері, шөбереден көрген шөпшектері де жетерлік. Ольга, Әнзия, Ғалия есімді келіндері де Мұхтар әжейді анасындай көріп, әрдайым иіліп құрмет көрсетеді. Адам ұрпағымен мың жасайды дегендей, осы Алла берген балаларының жетістіктерін, қуаныштарын көріп күннен-күнге жасарып бара жатқандай.

– Ұлдарым менің сөзімді екі етпесе, келіндерім де олардан кем сыйламайды. Әсіресе, Ольга есімді келінім, ұлты орыс болса да, мені ерекше анасындай жақсы көреді. Әрдайым «анашым бізбен неге тұрмайсыз, біздің үйге көшіп келіңіз» деп шақырады. Өте ақкөңіл. Алғаш үйіме келін болып енген сәттен жылы қабақпен қуана, қуана қарсы алдым. Сол кезден бері екеуміз бір-бірімізді ерекше жақсы көреміз. Мен келіндерімді де күйеу балаларымды да жылы қабылдап, өз балаларымнен кем көрген емеспін, – дейді әжей.

Жасы ұлғайған шағында кенже баласы Батыржан мен келіні Ғалияның қолында қара шаңырақта 20 жылдай уақыт Тобыл қаласында тұрып жатыр. Қолындағы ұлынан сүйген Жадыра және Шыңғыс есімді немерелері өзіне ерекше жақын. Олар әжелерін үлкен жетістіктерімен үнемі қуатып отырады. Немере қызы Жадыра Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Сол шаһарда оқу оқып, тұрмыс құрып, өз бақытын тапқан. Ал үйіндегі 11 сынып оқушысы Шыңғыс болса, кішкентайынан спорттың «грек-рим» түрімен шұғылданып, түрлі жарыстарға қатысып, жеңіске жетіп, әжесіне қуаныш сыйлайды.

– Өмірінің мәні осы балаларым. Денсаулығым жақсы. Көңілім көтеріңкі. Өйткені, үнемі «ана қалайсыз, денсаулығыңыз қалай, бүгін ұйқыңыз қалай болды» деп сұрайтын балаларым, немере, шөбере, шөпшектерім бар. Мерекелерде үйімізді толтырып келетін ұрпағыма алғысым шексіз. Кішкентайларынан білімді де, тәрбиелі болып өсулері үшін қолымнан келгенін аяған жоқпын. Жолдасым Тәуекел дүниеден өткеннен кейін көп қиыншылық көрдім. Бірақ оның бәрін балаларым өсіп, өмірден өз орындарын тауып, әқайсысы өз алдына отбасы болған кезде ұмытқандай болдым. Жасым да біразға келді. Менің осындай ұзақ ғұмыр кешуімнің бірден бір себебі, өзімді таныған жасы үлкен кісілердің алғысын алғанымнан деп білемін. Жас кезімде егде тартқан, көмекке зәру жандардан ешқашан көмегімді аяған емеспін. Әрдайым кез-келген жанмен бұрыннан таныс адамдай тез тіл табысып, көмек керек болса көмектесіп жүретінмін. Сол кездері өзімнен үлкен жандардың «Алла разы болсын, көп жаса» деген алғыстарын көп алдым. Міне, сол шын ниеттен айтылған алғыстардың арқасында денім сау, ұзақ ғұмыр кешіп отырмын. Қазіргі жастар «бата алу» дегенді түсінбейді. Біз жас кезімізде жасаған жақсылығымызға бата алсақ қуанатын едік. Шын ниетпен берілген батаның өміріңде алар орны ерекше екенін қазіргі жастар түсінсе екен деймін, – дейді Мұхтар әжей.

Бүгінде Мұхтар әжей тың, жүрісі де шапшаң. Сөзі түзу, ойы жүйелі. Үкіметтен алатын зейнетақысы туыс-туғанның той-томалағынан артылмайды. Қайтыс болған жерге көңіл айтып, бата қылатыны да бар. Өз жолынан сүрінбейтін, салтына, дініне берік, өнегелі ұрпақ өрбітіп отырған аяулы ана бір әулеттің баға жетпес қазынасы. Осындай асыл аналарды құрметтеу баршаның парызы болса керек.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77