Тіл меңгеру – жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ол – жаңа мүмкіндіктерге ашылған есік. Бүгінде бірнеше тілді еркін меңгерген жастардың қатары артып келеді.
Солардың бірі – ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 2-курс тыңдаушысы Сұңқар Омар. Болашақ тәртіп сақшысы бірнеше тілді еркін игеріп, білім мен ізденісті қатар алып жүрудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Оның айтуынша, тіл білу – тек жеке даму емес, елге қызмет етудің де маңызды бір жолы. Бүгінде ол қазақ, орыс, ағылшын, өзбек және қырғыз тілдерін еркін меңгеріп, қазір неміс тілін үйреніп жүр. Болашақта ел қауіпсіздігі жолында қызмет етуді мақсат етеді.

Қазақ тілі – оның ана тілі. Ал орыс және ағылшын тілдерін мектеп бағдарламасы арқылы меңгере бастаған. Сол кезден шет тілдеріне деген қызығушылығы оянып, ағылшын тіліндегі кітаптарды оқып, өз бетінше ізденуді қолға алады.
– Ағылшын тілін үйрену өте қызық болды. Басында кітапханадан ағылшынша кітаптар алып оқыдым. Кейін үйде Duolingo бағдарламасы арқылы тұрақты дайындалып, тілді жетілдіруге тырыстым. Бұл – халықаралық тіл, сондықтан оны білу үлкен артықшылық деп ойлаймын, – дейді ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанты Сұңқар Омар.
Сұңқар – Қызылорда облысының тумасы. Оңтүстік өңірде өскендіктен, өзбек және қырғыз ұлттарының өкілдерімен жиі араласқан. Сол ортада жүріп олардың тілін табиғи түрде меңгеріпті. Диалектісін, грамматикасын, сөйлеу мәнерін түсініп, қазір еркін сөйлейтін деңгейге жеткен.
Жалпы жас жігіт жастайынан тіл үйренуге ерекше қызығушылық танытып өскен. Отбасында әкесі, анасы, әжесі және алты бауыры бар. Әжесі неміс тілін білетіндіктен, бұл тілге деген қызығушылығы да ерте оянған. Неміс тілі герман тобына жататын әрі ағылшын тіліне ұқсас болғандықтан, оны меңгеру аса қиын еместігін айтады.
АҚШ пен Еуропа елдерінің, әсіресе Германия мен Люксембургтің тарихын зерттеуге қызығамын. Болашақта сол елдерге барып, олардың мәдениетін өз көзіммен көргім келеді. Сол себепті ағылшын,неміс тілдерін білу саяхаттауға да, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға да үлкен мүмкіндік береді, – деп есептейді курсант.
Сұңқар тіл меңгеруге қызығушылығы бола тұрса да, болашақ мамандығын құқық қорғау саласымен байланыстырды. 2024 жылы ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түсіп, бүгінде 2-курс тыңдаушысы атанды. Казармалық тәртіппен өмір сүрсе де, бос уақытын тиімді пайдаланып, академия кітапханасына жиі барып, түрлі кітаптарды оқуға уақыт табады. Сонымен қатар ағылшын және неміс тілдерін жетілдіруге арналған бейнесабақтарды тұрақты түрде қарайды.
Кішкентай кезімде тергеушілер туралы фильмдерді көп көретінмін. Мектепте жүрген кезімнен-ақ тергеуші болуды армандадым. Болашақта оқу орнын аяқтаған соң осы салада қызмет еткім келеді. Мен үшін бұл – елге деген патриотизмнің көрінісі. Полиция қызметкері болу – өз еліме қызмет ету, халқымның қауіпсіздігі үшін еңбек ету деп түсінемін, – дейді кейіпкеріміз.

Бірнеше тілді меңгеру оның күнделікті өмірінде де талай рет пайдасын тигізген. Әсіресе жолда шетел азаматтарына, өзге ұлт өкілдеріне көмектескен сәттері аз болмаған.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Әртүрлі ұлт өкілдерімен жұмыс істеу, қажет жағдайда дұрыс коммуникация орнату – полиция қызметкері үшін маңызды дағды. Болашақта тергеуші болуды мақсат еткен Сұңқар үшін білім де, тіл де – елге қызмет етудің сенімді жолы.
Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
cуреттерді ҚР ІІМ
Ш. Қабылбаев атындағы
Қостанай академиясы ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
