В ритме города

«Кәсіптің үлкен-кішісі болмайды»

дейді жеке кәсібін дөңгелетіп отырған көп балалы ана Айгүл Аймағамбетқызы

Бүгінде жеке кәсіппен айналысып жүрген әйелдер қауымы жетерлік. Осындай жандардың ішінде 4 баланың анасы Айгүл Мәмбетова да бар. Ол Қостанай қаласында «Бизнес бастау» бағдарламасының аясында өткен жылдың қараша айында 1 ай кәсіпкерліктің оқуына оқып шыққан. Кейін жеке кәсібін бастауды қолға алып, жергілікті әкімдікке өзінің бизнесінің жоспарын ұсынып, оны қорғап шыққан.

Ол бүгінде 555 600 теңгенің субсидиясына ие болып, екі сауын сиыр сатып алып, оның сүтіп сатып табыс тауып отыр.

Бизнесті қолына алған іскер жан Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданының Үшқарасу деген ауылында туып өскен. Мектепті тәмамдаған соң Қостанай шаһарындағы инженерлік экономикалық университетінде оқып, есепші-экономист мамандығын игеріп шығады.

Кейін мамандығы бойынша Молокановка ауылында 8 жыл жұмыс істейді. Есептің қыр-сырын үйренген ол, уақыт өте келе өзінің жеке кәсібін ашуды ұйғарады. Тұрмыс құрып төрт баланы дүниеге әкеледі. Бүгінде бала күтімімен үйде отырған көпбалалы ананың үйден шықпай-ақ өзінің жеке кәсібін шыр айналдырып отырған жайы бар.

Қазіргі таңда ол үкіметтен берілген қаражатқа сатып алынған сүтті екі сиырын күніне екі мезгіл сауып, сүтін тапсырып, бала-шағасының тамағы мен киім-кешегіне жететін қаражат тауып отыр.

– Менің ата-анам қарапайым мал шаруашылығымен айналысқан жандар. Өзім бала кезден анама қолғабыс ету үшін сиыр сауып, сүт тартуды ерте үйрендім. Бұл жұмыстардың мен үшін еш қиындығы жоқ. Әкем Аймағамбет өмір бойы мал шаруашылығында жүрде. Ал анам Жаңылсын үйшаруашылығындағы адам болды. Осылайша бізде жастайымыздан мал шаруашылығының бел ортасында жүрдік, – дейді ол.

Айгүл Аймағамбетқызы үйінде төрт ағайында. Бауырларының үлкені. Артында бір інісі мен екі сіңілісі бар. Олар да үлкен әпкелерінің жеке кәсіпті қолына алғанын естіп, өздерінің қолдауларын білдіріпті.

– Жеке кәсіптің үлкен-кішісі болмайды. Ең бастысы табыс әкелетін кәсіп болуы керек деп санаймын. Мен бүгінде үкіметтен алған көмектің арқасында өз ісімді дөңгелетіп отырмын, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер Айгүл өмірлік серігі Еркебұлан екеуі Айнара, Инара, Бекнұр, Ержігіт есімді төрт баласына тәлімді тәрбие беріп отыр. Олардың ең үлкені Айнара 12 жаста, кішкентайы Ержігіт екіге енді толады.

Әр баланың өз несібесі бар деп есептейтін ерлі-зайыптылар, ешқандай ауыр жұмыстан қашпайды. Өздері бағып, сүтінен табыс тауып отырған сиырларға жайлы да жылы қора салып, жем-шөбін артығымен түсіріп отырады.

– Мен әрдайым қолыма алған істі аяғына дейін жеткізгенді ұнатамын. Мұндай мінез маған әкемнен дарыған. Сондықтан қолыма алған жеке кәсібімді, болашақта балаларым өсіп қолғабыс ететін жасқа жеткенде үлкейтуді жоспарлап отырмын, – дейді жеке кәсіпкер Айгүл Аймағамбетқызы.

Иә, адам талаптанса, үлкен биіктерді бағындыра алады емес пе. Ал еңбек еткен адамның үлкен берекеге, байлыққа жетері сөзсіз. Осылайша жеке кәсібін жасап отырған Айгүл Аймағамбет қызына ісінде тек сәттілік тілейміз. Үлкен табыстарға жете берсін.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77