Социум

Үлкен отбасынан шыққан таналатты әрі еңбекқор жандар арамызда

Өз ісіне жауапкершілігі мол, бауырмал жандарды тәрбиелейтін де отбасы. Осындай үлкен шаңырақтың бірі, киелі Меңдіқара еліне қарасты Көктерек ауылынан түлеп ұшқан Үмбетовтар әулеті

Бүгінде үлкен шаңырақтан қанат қаққан балалары еліміздің игілігі жолында еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп отырған жандар. Бастысы көпбалалы қарапайым отбасынан түлеп ұшқан Рспай, Дәулет Үмбетовтер тоғызқұмалақтан спорт шеберлерін дайындап жүрген жаттықтырушылар. Олардың еңбектерін ел құрметпен, мақтанышпен айтады.

– Әкеміз Мұқатай Ұлы Отан соғысының ардагері, өмір бойы ауылда мал шаруашылығымен айналысты. Шешеміз Жұмабике көп балалы ана, көп жылдары фермада жұмыс істеді. Өте жарқын жүзді, мейірімді кісілер болатын. Барлығымызға жоғары білім алып берді, жиған-тергендерін бізге жұмсайтын. Көктерек ауылының беделді, сыйлы кісілері болатын. Балалық шағымыз алаңсыз, әрі бақытты өтті деп айта аламыз. Қазіргі біздің жетістіктеріміз әке-шешеміздің арқасы деп ойлаймын. Спортқа біз бала кезден әуес едік. Ағаларыммен бірге біз кішкентай кезден футболға жақын болдық. Ауылдан-ауылға, ауданға барып ойнайтынбыз. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде шаңғымен айналыстым. Өте жақсы спорт түрі. Бүкіл ауыл болып далада шаңғы тебетінбіз. Бірінші бапкерім ағам Рспай. Ауылда спортпен айналысуға жақсы жағдай болды. Жетістіктерімде көп болды. Бауырларымның көбі мұғалімдік жолды таңдады. Үлкен ағам Есен ауылда мал шаруашылығында, ағаларым Рспай, Сакен және апам Зекен мұғалім болып қызмет атқарады. Рспай ағам ауыл балаларын талай жыл салауатты өмір салтына тәрбиелеген зейнеткер ұстаз. Талай жыл мектеп қабырғасында шаңғыдан, тоғызқұмалақтан сабақ берді. Осы жылдар ішінде тоғызқұмалақтан 6 спорт шеберін, 25 спорт шеберіне үміткер, 1 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін шығарды. Оқушылары Жансая Смаилова, Айым Мұхамедқалиева, Медет Бигазин, Ербосын Үмбетовтер бүгін осы жолды жалғастырып жүрген жаттықтырушылар, -дейді Дәулет Мұқатайұлы.

Еңбек жолын 1991-1993 жылдары аралығында Меңдіқара ауданы, Шиелі ауылында бастап, кейін Қостанай қаласындағы 24 -ші қазақ мектебіне келіп орналасқан. Осы күнге дейін бір жерде жұмыс атқарып келеді. Шәкірттерінің ішінде Ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпаздарымен спорт шеберлері бар. Тоғызқұмалақ ойынын дамытып жүрген шәкірттеріде аз емес. Отбасында жұбайы екеуі екі қыз баланы тәрбиелеп отыр.

– Ал депутат болу өте жауапты іс. Өзіме міндет алғасын оны ауырсынбаймын. Халықтың үмітін ақтауға тырысамын. Мен қазір спорт және білім саласына жауаптымын. Сондықтан әртүрлі мәселелерді, бастамаларды қолға алуға дайынмын, – дейді кейіпкеріміз.

Еңбек пен таланттың бұлағының бір бастауы – ауылда деп бекер айтылмаса керек. Ұлттық рухты мәдениетіміздің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы жүйелі насихатталуы да ауылдық жерден бастау алатынына Үмбетовтер отбасы тағы бір мәрте дәлел.

Жан ШАЙМЕРДЕН, суретті ұсынған Үмбетовтер отбасы


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77