«Махаббат операциясы»: Қостанайда жастарға арналған жаңа қойылымның тұсаукесері өтті

І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры көрерменге жаңа премьера ұсынды

Белгілі драматург Қанат Жүнісовтің «Ғашықтар» пьесасы негізінде сахналанған «Махаббат операциясы» қойылымы театр репертуарын жастарға арналған комедиямен толықтырды.

Спектакль студенттік жатақхана өмірінің қызығы мен шыжығына құрылған. Басты кейіпкерлер – сұлу қыздарға сезімін жеткізе алмай жүрген жігіттер. Олар бойжеткендердің назарын аудару үшін түрлі айла-тәсіл ойлап табады. Жігіттердің бұл қадамдары күтпеген жағдайларға толы қызықты оқиғаларды өрбітеді. Көрермен романтикаға, әзілге және әсерлі сәттерге толы оқиғалардың куәсі болады.

«Махаббат операциясы» – театрға жаңадан қосылған маман Әлібек Қосубақтың Қостанайдағы алғашқы тырнақ алды туындысы. Жас режиссердің айтуынша, театр ұжымы көрерменге жеңіл әрі көңілді жанрдағы қойылым ұсынуды мақсат еткен.

– Басшылық тарапынан комедия жанрындағы қойылым қою туралы ұсыныс түсті. Өйткені бізде көбіне драма мен трагедиялар сахналанып келеді. Сондықтан көрермендерімізге көңілді қойылым қажеттігі айтылды. Мен Қанат Жүнісовтің пьесасын ұсындым, басшылық қолдап, спектакльді сахналауға мүмкіндік берді, – дейді қоюшы режиссер Әлібек Қосубақ.

Қойылымның негізгі атмосферасы – жатақхана өмірі мен студенттік шақтың қызықты сәттері. Сахнадағы басты желі төрт студент жігіт пен олардың ғашықтары төңірегінде өрбиді. Қойылымдағы 11 кейіпкерлердің барлығы – студенттер жастар, рөлді сомдаушылар да – театрдың жас әртістері. Сондықтан туындының тақырыбы актерлік құрам үшін өте таныс болғанын алға тартады жас маман.

Өзіміз де кеше ғана студент болып, осы ортадан өскендіктен, қойылымдағы жағдайлардың бәрі бізге етене жақын. Сол себепті бұл спектакльді қою біз үшін де ерекше қызық болғаны, рас, – деп бөлісті жас режиссер.

Қойылымда пьесаның негізгі мазмұны сақталып, оған заманауи ерекшеліктер қосылып, бүгінгі жастарға жақын стильде сахналанған. Әсіресе актерлердің импровизация жасауына кең мүмкіндік қарастырылыпты.

Дайындығымыз шамамен бір айға созылды. Өзіміздің студенттік шақтағы қызықты оқиғаларды қостық. Өмірдегі жағдайларды сахнаға алып шықтық. Сондықтан актерлерге еркіндік берілді, – деп қосты қоюшы режиссер.

24 жастағы режиссер Әлібек Қосубақ Қостанай театрының ұжымына жақында ғана қосылған. Бұған дейін Шымкент жастар театрында бір жарым жыл қызмет атқарыпты. Оның айтуынша, жаңа ортада жас актерлердің көп болуы шығармашылық ізденіске жол ашады.

– Бұл театрда 10-15 шақты жас актер бар. Олардың ішінде академияда бірге оқыған достарым бар. Спектакль романтикалық комедия болғандықтан, актерлік құрамның басым бөлігі де – жастар, – деп атап өтті режиссер. – Көрермендер «бұрын мұндай жастар комедиясы болмаған» деп қуанып жатты. Театрға жас буынның келуі жаңа толқын, жаңа дем әкеледі деп ойлаймын.

Жергілікті көрермен де жаңа комедияны жылы қабылдап үлгерді. Жеңіл юмор мен романтиканы ұштастырған қойылым жастар өмірінің шынайы көрінісін сахнаға шығара білді.

Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суреттерді І.Омаров атындағы
қазақ драма театры ұсынды

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.