Қостанайда Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты облыстық байқау өтті. Дәстүрлі дода мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, оны күнделікті өмірде және кәсіби қызметінде кеңінен қолданып жүрген өзге этнос өкілдерінің тәжірибесін насихаттауға арналды.
– Биылғы байқауда аймақтың түрлі аудандарынан келген 8 қатысушы бақ сынасты. Олардың қатарында қазақ тілін дамытуға өзіндік үлесін қосып жүрген педагогтер, төтенше жағдайлар қызметі және ветеринария саласының қызметкерлері сынды түрлі мамандық иелері бар. Барлық қатысушылар мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін ғана емес, шығармашылық қабілеті мен заманауи технологияларды тиімді пайдалану шеберлігін де көрсете білді, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.


Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы «Үздік цифрлы контент» кезеңінде қатысушылар Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріне арнап жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып әзірлеген бейнематериалдарын таныстырды. Қазылар алқасы жұмыстардың мазмұнына, шығармашылық ерекшелігіне, цифрлық шешімдердің сапасына және әлеуметтік желідегі көрсеткіштеріне баға берді.
Екінші кезең «Қазақ тілін үйренудегі тиімді әдістер» деп аталды. Бұл бөлімде қатысушылар мемлекеттік тілді меңгерудегі жеке тәжірибелерімен бөлісіп, оқытуға арналған авторлық әдістері мен жобаларын таныстырды. Сондай-ақ қазақ тілін күнделікті тұрмыста және кәсіби ортада кеңінен қолдануға бағытталған бастамаларын ортаға салды.

Байқау қорытындысы бойынша Сарыкөл ауданындағы Барвин жалпы білім беретін мектебінде еңбек ететін Алёна Блинова І орынға ие болды. ІІ орын Ұзынкөл ауданының ветеринариялық станциясының өкілі Вера Яковенкоға бұйырды. Ал ІІІ орынды Қарабалық ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері Максим Макеев иеленді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып қана қоймай, өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығын күшейтіп, үздік тәжірибелердің кеңінен таралуына мүмкіндік береді.
Назгүл Азатқызы
Суретті «Тілдарын» облыстық
тілдерді оқыту орталығы ұсынды
