Шығармашылық пен ғылым жолын қатар ұстанған Марғұлан Оспанов бүгінде өңірге ғана емес, республикаға танымал.
Марғұлан Бақытбекұлы Оспанов 1986 жылы Торғай өңірінде дәрігерлер жанұясында дүниеге келді. Арғы атасы ақын әрі молда болса, атасы Кенжетай ұстаздық жолды таңдаған. Өнер мен білім дарыған әулеттің тәлімі кейіпкеріміздің өмірлік бағытын айқындады.

Марғұлан Бақытбекұлы – айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының мүшесі, облыстық меценаттар клубының «Шабыт» сыйлығының лауреаты және өңірлік композиторлар одағының өкілі. 50-ге жуық ән шығарған автордың есімі Қостанай облысының «Алтын кітабына» енген. Ал «Айтыс» әні бүгінде айтыс өнерінің гимніне айналды. Оның шығармашылығында тыңдарман жүрегінен орын алған туындылар аз емес. Солардың қатарында Төреғали Төреәлінің репертуарындағы «Қарындасым» мен «Тотыдайын» әндері бар. Ал биыл жергілікті әнші Асылан Кенжатайдың орындауында тыңдарманның ыстық ықыласына бөленген «Қостанай қаласында» әнінің сөзі Марғұлан Оспановтікі.
Сонымен қатар кейіпкеріміз облыстық Ы.Алтынсариннің мемориалдық мұражайының басшысы қызметін атқарып, ұлы ағартушының мұрасын зерттеуге елеулі үлес қосып келеді. Көпжылдық мұрағаттық, мұражайлық және экспедициялық зерттеулер негізінде жазылған «Даланың таза бұлағы» кітабының авторы.

Өнер адамын көпшілік сахнадан таниды. Алайда оның жетістігінің артында қолдау білдіретін отбасы, түсіністік пен сыйластыққа құрылған шаңырақ тұрады. Өнер иесі үшін отбасының орны ерекше. Марғұлан Бақытбекұлы мен Әсел Тасболатқызы 2009 жылы шаңырақ көтерген. Екеуінің таныстығы көршілік қарым-қатынастан басталған. Ақын көршінің қызына төрт жыл бойы көңіл білдіріп жүріпті. Қазақы тәрбиені бойына сіңіріп өскен Әсел бірден келісе қоймағанымен, уақыт өте келе жастардың сөздері жарасып, өмірлік жолдары тоғысты.
– Әжемнің тәрбиесін көріп өстім. Үйге іздеп келген жігіттерді әжем жолатпайтын. Бірақ Марғұланның адами қасиеттерін, тәрбиесін көріп, өзін де сөзін де ұнатты, – деп еске алады ақынның жары.
Әсел Тасболатқызы құқық қорғау жүйесінде іс қағаздар жүргізу кеңсесінің маманы қызметін атқарады. Жауапты салада еңбек ете жүріп, төрт баланың тәрбиесіне де ерекше көңіл бөледі.
Оспановтар отбасында Дінасыл, Ділназ, Ділнұр және Әлкей есімді төрт бүлдіршін өсіп келеді. Ерлі-зайыптылар балалардың бойындағы қабілетті дамытуға айрықша мән береді. Тұңғыштары Дінасыл – облыстық «Жас тұлпар» оқушылар айтысының бас жүлдегері, биыл 9-сыныпты тәмамдады.
– Ол кішкентайынан өлең жазуға құмартып, әкесінің жолын жалғауға талпынып жүр. Сонымен қатар домбыра да шертіп, түрлі күй де орындайды. Ділназ ән айтуға әуес, музыкалық мектепте білім алуда. Ділнұр болса, балет өнеріне қызығушылық танытып, би үйірмесіне қатысады. Кішкентайымыздың есімі – Әлкей, жасы 5-те. Тұңғышымыздың есімін қазақы дәстүрмен атасы қойғандықтан, Марғұлан тағы ұл сүйсе, Әлкей деп атауды бұрыннан армандайтын. Әлкейіміз атына лайықты болып, білім мен ғылымға жақын болса екен деген тілегіміз бар. Қазірдің өзінде айтылған сөзді бірден қағып алып, зеректігін байқатып жүр, – дейді отанасы.
Оспановтар отбасында бала тәрбиесінде қатаң талаптан гөрі түсіністік пен жауапкершілікке басымдық беріледі. Отағасының айтуынша, балаларға еркіндік берілгенімен, белгілі бір тәртіп сақталады.
– Балаларды қатқан қағида, қатал тәртіппен емес, еркіндікте тәрбиелеуге тырысамыз, бірақ жауапкершілікті де естен шығармаймыз. Біздің үйдегі басты ережелердің бірі – балалардың телефон пайдалануына шектеу қою. Мысалы, кешкі уақытта олар қолдарына телефон ұстамайды. Күнделікті тәрбие, негізінен, келіншегімнің мойнында. Дегенмен жалпы адамгершілік құндылықтар жайлы айтып отырамын, уақытым болған кездері сабақтарына да көңіл бөлуге тырысамын, – дейді өнер иесі.

Отбасында өзара қолдау ерекше орын алады. Марғұлан Бақытбекұлы жаңа өлең немесе ән жазса, ең алдымен, жұбайы мен үлкен ұлына көрсетіп, пікірін сұрайды. Бұл – өнер мен өнеге, еңбек пен тәрбиені қатар алып жүрген Оспановтар отбасындағы өзара сенім мен сыйластықтың белгісі.
Материал Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Жанашыр бол» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Жастар арасында қазақ отбасының жағымды имиджін насихаттау» мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында дайындалды.
Назгүл Азатқызы,
суретті ұсынған Оспановтар отбасы
