Мерейлі отбасы: полиция қызметкері мен педагог отбасында тәртіп пен білім – басты құндылық

Тоқтамысовтар шаңырағында тәртіп пен сыйластық – күнделікті өмірдің басты қағидасы. Үш ұл тәрбиелеп отырған отбасыда бала тәрбиесі мен білім бірінші орында

Отағасы Дәурен Мұратұлы – полиция подполковнигі, жедел қимылдайтын арнайы жасақта взвод командирі. Ол құқық қорғау саласында 2003 жылдан бері қызмет етіп келеді. Еңбек жолын Амангелді ауданында тергеуші болып бастаған.

– Ол кезде аудандағы жалғыз тергеуші болдым. Іссапар көп, жұмыс уақыты тұрақсыз еді. Кейде түн ортасында шақыртумен кететін кездер де болатын. Жас отбасы үшін ол кезең оңай болған жоқ. Бірақ қандай жағдайда да жанұямның қолдауы мен сенімі бәрінен маңызы болды, – дейді ол.

Қызметтегі қарбаласқа қарамастан, Дәурен мырза бала тәрбиесіне белсенді араласады. Үш ұлының спортқа жақын болып өсуіне де әкесінің ықпалы зор. Тіпті мектептегі түрлі жиындар, қоғамдық іс-шараларға көбіне өзі баратын көрінеді.

– Ер адам – отбасының иесі ғой. Ер балалар болғандықтан, әкесіне қарап бой түзейді. Сондықтан ұлдардың тәрбиесінде жолдасым өзі бас болып жүреді. Демалыс күндері балаларды өзімен бірге моншаға апарады. Кішкентай кездерінен бастап бәрін де міндетті түрде спорттық үйірмелерге беріп, шынықтырып өсіріп келеді, – дейді Ботагөз Құлмағамбетова.

Отбасының тұңғышы Абдрахмет 6 жасынан кәсіби футболмен айналысады. Қазіргі күні ол – «Тобыл» футбол клубы жасөспірімдер командасының белсенді мүшесі. Жас спортшы түрлі чемпионаттарда «Ең үздік шабуылшы» атағын иеленген. Бүгінде «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сыныбында білім алуда.

Ортаншы ұл Сұлтан 9 жасқа дейін спорттық гимнастикамен шұғылданып, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған. Соңғы уақытта шахматқа ден қойып, ІІ разряд иегері атаныпты. Сонымен қатар математикадан «Алтын сақа» аймақтық олимпиадасының бас жүлдесін жеңіп алған.
Ал ең кішкентай батырдың есімі – Әмір, жасы 3-те. Ата-анасы болашақта оны күрес түріне беруді жоспарлап жүр.

Осы отбасының берекесін арттырып отырған жан – Ботагөз Жұмағалиқызы. Ол – білім саласының қызметкері, педагог-зерттеуші, бірінші санатты басшы. Сонымен қатар «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының тыңдаушысы. Биыл Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры қызметіне тағайындалып, қаладағы ең жас мектеп директоры атанды. Кейіпкеріміз бала тәрбиесінде талапшыл екенін жасырмайды, ұлдарының сабақ үлгерімін үнемі бақылауда ұстайды.

— Күні бойы әрқайсымыз өз жұмысымызбен, балалар сабақта, үйірмелерінде жүреді. Кешкі уақыт – бәріміздің басымыз қосылып, бірге уақыт өткізетін сәт. Күнде кешке бір жарым сағат уақытымды балалардың сабағын қарауға арнаймын. Бос уақыттарында барынша кітап оқуға баулуға тырысамын, – дейді ол.

Ерлі-зайыптылардың екеуі де жауапты салада еңбек етсе де, отбасы құндылығы айрықша орында. Тоқтамысовтар шаңырағында бәріне ортақ қалыптасқан қағида бар. Бұл үйдің басты ережесі – ешқайда кешікпеу, сабақты себепсіз қалдырмау. Сондай-ақ дастарқан басындағы тәрбиеге де ерекше мән беріледі. Дастарқанда ас қайырмай, ешкім орнынан тұрмайды.

Дәурен Тоқтамысов пен Ботагөз Құлмағамбетованың отау көтергендеріне биыл 16 жыл толып отыр. Тағдыры бір арнаға тоғысқан қос жанның өміріндегі ерекші үйлесімнің бірі – екеуінің де туған күні бір күнге, 5 маусымға тура келеді.

— Менікін біліп тұрғасын, әзілдеп әдейі тұр екен деп ойладым алғашында. Сенбегесін төлқұжатын көрсеткенде барып, көзім жетті, – деп күліп еске алады Ботагөз.

Ерлі-зайыптылар отау құрғалы ешқашан бір-біріне ауыр сөз айтып, қатты ренжісіп көрмегендерін айтады. Олардың ойынша, отбасының беріктігі – өзара сенім мен сыйластықта.

Материал Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Жанашыр бол» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Жастар арасында қазақ отбасының жағымды имиджін насихаттау» мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында дайындалды.

Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
cуретті ұсынған Тоқтамысовтар отбасы

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.