Бірі әскери қызметте шыңдалған, бірі ұстаздық жолды таңдаған Алмат пен Зибагүл Жарасбаевтардың жанұясын бүгінде көпшілік үлгілі шаңырақ ретінде таниды.
Олар 2011 жылдың 15 сәуірінде үйлену тойын жасап, ақ некелерін қидырған. Бір қызығы, дәл осы күні Қазақстанда Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні ғашықтар мерекесі ретінде алғаш аталып өткен еді. Алайда жас жұбайлар сол кезде бұл мерекеден бейхабар болыпты.

– Ол уақытта мен арнайы мақсаттағы әскери бөлімде қызмет еттім, еңбек демалысым осы мерзімге сәйкес келді. Сондықтан той күнін 15 сәуірге белгіледік. Той күні Жеңіс саябағында суретке түсіп жүргенімізде тілшілер келіп, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнін арнайы таңдадыңыздар ма?» деп сұрады. Шынымызды айтсақ, бұл мереке туралы мүлде білмеген екенбіз. Кейін ғана біздің некеге тұрған күніміз елімізде алғаш рет аталып өткен ғашықтар күнімен қатар келгенін біліп, таңғалдық, – дейді Алмат Жарасбаев.
Қазақ халқының мәңгілік махаббат символы Қозы Көрпеш пен Баян сұлу есімімен байланысқан ерекше күннен басталған отбасылық өмірге биыл 15 жыл. Ерлі-зайыптылар бүгінде 4 ұл тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары Айдын 16 жаста, «Астана» хоккей клубының голкипері ретінде өнер көрсетіп жүр. Екінші ұлдары Алпамыс бокспен айналысып, облыс чемпионы атанған. Одан кейінгі Таймас дзюдомен шұғылданады, үйдің кенжесі Мұзафар үш жаста.


Үш қыздың ортасында өскен Алмат Есенғалиұлының бүгінде төрт кішкентай жігіттен құралған осындай өз шағын армиясы бар. Әскери қызметте тәртіп пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған отағасы ұлдарын да осы қағидалармен тәрбиелейді.
– Алмат бала тәрбиесінде тәртіп пен жауапкершілікке ерекше мән береді. Қаталдықпен қатар әкелік қамқорлық пен сенім де қатар жүреді. Ұлдарды кішкентай кездерінен бастап спортқа баулып, шынықтырып келеді. Ол үшін ер-азаматтың басты қасиеті – адалдық, еңбекқорлық, айтқан сөзге берік болу. Әкесінің талапшылдығы мен тәлімінің нәтижесінде балаларымыз қазір түрлі жетістіктерге жетіп жүр, – деп Зибагүл ханым азаматының қасиеттерін атап өтті.
Жарасбаевтар отбасының тағы бір ерекшелігі – саяхатқа деген құштарлығы. Олар отбасыларымен онға жуық елді аралаған. Ресей, Грузия, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерін автокөлікпен саяхаттап өткен. Мұндай сапарлар балалардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, отбасының беріктігін нығайта түседі деп есептейді ерлі-зайыптылар.
Алмат мырзаның еңбек жолы да көпшілікке үлгі боларлық. 2019 жылы әскери қызметтен кеткеннен кейін ол Еділбай тұқымды қой өсірумен айналыса бастайды. Алғашында бар болғаны 27 ұсақ қарадан бастаған шаруашылығын алты жылдың ішінде дамытып, мал басын 11 мыңға дейін жеткізді. Қазіргі уақытта ол Ұзынкөл ауданының бас ветеринар дәрігері қызметін атқарады. Сонымен қатар жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында мектептерде алғашқы әскери дайындық сабақтарын өткізіп тұрады.

Ал Зибагүл Батырханқызы қазақ тілі мен ағылшын тілі мамандықтарын меңгерген, филология ғылымдарының магистрі. Педагог-зерттеуші санатына үміткер педагог Қостанай қаласындағы №16 мектеп-гимназиясында еңбек етеді.
Отбасын құрған алғашқы жылдары Алмат пен Зибагүл Астана қаласының маңындағы әскери қалашықтағы жатақхана бөлмесін баспана етті. Жас отбасы қарапайым тұрмыстан бастап, адал еңбектерінің арқасында өз армандарына қол жеткізді.
– Бүгінгі жетістіктерімізді екеуміздің ортақ еңбегіміз деп білемін. Зибагүл – менің өмірлік серігім ғана емес, ең сенімді көмекшім, ақылдасар кеңесшім. Барлық қуанышымыз да, сынағымыз да ортақ болды. Ешқашан бір-бірімізге қолдау көрсетуден танған емеспіз, – дейді Алмат Жарасбаев. – Қазір анамызбен бірге адал еңбекпен қол жеткізген үлкен үйімізде тұрып жатырмыз. Ата-анамыз бізді жастайымыздан адал еңбек етуді, жауапкершілікпен қызмет жасауды үйретті. Сол тәрбиені балаларымыздың бойына сіңіруге тырысып келеміз.
Бақыттың кілті байлықта емес, өзара сыйластықта, еңбекқорлықта және бірлік пен татулықта екенін дәлелдеп жүрген бұл жанұя көпшілікке өнеге болары сөзсіз.
Материал Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Жанашыр бол» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Жастар арасында қазақ отбасының жағымды имиджін насихаттау» мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында дайындалды.
Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суретті ұсынған Жарасбаевтар отбасы
