«Мерейлі отбасы»: үлгілі жанұялар ұлықталды

Қостанай қаласында «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының қалалық кезеңі қорытындыланып, көпшілікке өнегесімен танылған үздік отбасылар марапатталды.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жоба қоғамдағы отбасы институтын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпаққа үлгі болатын шаңырақтарды насихаттауға бағытталған.

Биыл байқауға Қостанай қаласынан 13 отбасы қатысып, өздерінің өмірлік ұстанымын, қоғамдық белсенділігін, бала тәрбиесіндегі тәжірибесін және отбасы құндылықтарын таныстырды. Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталып, бірінші және екінші орын иегерлері облыстық кезеңге жолдама алды.

– «Мерейлі отбасы» – жай ғана байқау емес, отбасы институтының мәртебесін көтеретін, өнегелі әулеттерді елге танытатын маңызды жоба. Қатысқан әрбір отбасы қоғамға үлгі боларлық құндылықтарды насихаттап келеді. Барша қатысушыларға алғысымызды білдіреміз, ал облыстық кезеңге жолдама алған отбасыларға сәттілік тілейміз, – деді Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Абай Дүйсеков.

Байқау қорытындысы бойынша үшінші орын Қанат пен Әсем Ражановтардың отбасына бұйырды. Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда еңбек ететін өнерлі жұп ұлттық өнерді дәріптеп, сахнада ғана емес, өмірде де жарасымды отбасының үлгісін көрсетіп келеді.

Екінші орынды Дәурен Тоқтамысов пен Ботагөз Құлмағамбетованың отбасы иеленді. Шаңырақ көтергендеріне 16 жыл болған жанұяда тәртіп, жауапкершілік пен ұлттық тәрбие басты құндылық саналады. Отағасы – полиция подполковнигі, арнайы жасақтың взвод командирі, ал отанасы – педагог, Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры. Енді олар облыстық кезеңде Қостанай қаласының намысын қорғайды.

– Біз үшін бұл жеңіс – үлкен жауапкершілік. Отбасыдағы татулық пен өзара құрмет – кез келген жетістіктің негізі. Балаларымыздың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, елге қызмет ететін азамат болып өсуіне күш салып келеміз. Облыстық кезеңде қаламыздың абыройын лайықты қорғауға тырысамыз, – дейді Тоқтамысовтар отбасы.

Ал бірінші орын Оспановтар отбасына берілді. Марғұлан Бақытбекұлы – айтыскер ақын, жыршы-термешілердің халықаралық ұйымының мүшесі, «Шабыт» сыйлығының лауреаты, өңірлік композиторлар одағының мүшесі. Сонымен қатар Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейін басқарып, ұлттық руханиятты насихаттауға сүбелі үлес қосып келеді. Бұл жанұя да облыстық кезеңде Қостанай қаласының намысын қорғайтын болады.

– Отбасы – адамның ең алғашқы мектебі. Біз үшін ата-бабадан жеткен салт-дәстүрді сақтау, ұлттық мәдениетті дәріптеу – басты міндет. Осындай байқаулар арқылы өнегелі отбасылардың тәжірибесі кеңінен насихатталатыны қуантады. Бұл марапатты бізге артылған сенім деп қабылдаймыз, – дейді Марғұлан Оспанов.

Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы елімізде бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді. Оның басты мақсаты – адамгершілік құндылықтарды, ата-ана жауапкершілігін және қоғамдағы отбасы мәртебесін көтеру. Марапатталған отбасыларға 100 мың, 200 мың және 300 мың теңге көлемінде ақшалай сертификаттар табысталды.

Енді қалалық кезең жеңімпаздары – Оспановтар мен Тоқтамысовтар отбасы облыстық кезеңде бақ сынап көрмек.

Материал Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Жанашыр бол» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Жастар арасында қазақ отбасының жағымды имиджін насихаттау» мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында дайындалды.

Назгүл Азатқызы
Суретті түсірген Әбіл Досжанов

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.