События

«Музей түні – 2021» мәдени білім беру акциясы өтті

Онда келушілер музейдегі құнды жәдіргерлермен танысып, көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап алды

Халықаралық музей күніне орай Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музейлердің болашағы: қалпына келтіру және жаңарту» тақырыбымен дәстүрлі «Музей түні» мәдени-білім беру акциясы өтті.

Жыл сайын Халықаралық музей кеңесінің Дәстүрлі Халықаралық музей күні – әлемнің 150 елінде музейге әдеттен тыс уақытта және ерекше жағдайларда келуге мүмкіндік беретін іс-шара.

Түнгі музейге келушілерді қызықты көрмелері мен шеберлік сағаттары, креативті квестер мен перфоманстар күтті. «Арт-квартал» шеберханасында кәсіби суретшілер қонақтарға өз шедеврлерін жасап шығаруға көмектесті. Барлық қызығушылық танытатындар қуыршақтар театрының ғажайып әлеміне кіріп, тек көрермен ретінде емес, сонымен қатар өздерін актер және қуыршақ ойнатушы әртіс рөлінде сомдай алды.

Түнгі музей экспозициясы арасында қостанайлық суретші Г.М.Соковтың музейге сыйға берілген туындыларынан «Тұлға және уақыт» атты көркемсурет, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Қостанай облысының құрылғанының 85 жылдығына арналған фотомарафон қорытындысы бойынша «Туған өлке өмірінен бір күн» фотосуреттер, Қазақ-француз орталығының Ойыншықтар музейінің бірегей жәдігерлер, «Қостанай көгіндегі құбылыстар» деп аталатын көрмелер мен «Өсімдіктер патшалығында» атты сәндік бөлме гүлдерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Музейде 5 мың жыл бұрын тарихта алғаш Ежелгі Мысырда танымал болған «Сенет» үстел ойынының тұсаукесері өтті.

Импровизацияланған түсіру алаңында өзіне сенімді жастар журналист рөліне еніп, түнгі музейде болып жатқан оқиғалардан репортаж берді.

Музей түнінің қонақтарына әсерлі ән-би бағдарламалары, музейдің ішкі көрінісінде және фотоаймақтардағы селфи, қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкелері және шеберлік-сағаттары, алау басындағы әндер, музей «буфетінде» шай ұсынылды.

– Жылда өткізілетін «Музей түні» мәдени білім беру шарасы қала тұрғындарының сүйікті күніне айналған. Өйткені, бұл күні жұмыстан кейін отбасымен келіп, мұндағы құнды жәдігерлермен танысып, ұлтымыздың тарихы жайында мол мағұлымат алуға болады. Музей адамның жандүниесін рухани байытып, білім көкжиегін кеңейтетін киелі орын. Сондықтан тарихтан терең сыр шертетін, қасиетті де құнды дүниелер сақталып тұрған жерге жиі келіп, көп нәрсені көңілге тоқуға болады. Сондай-ақ «Музей түнінде» келушілер өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарына нақты жауап алып, – дейді музей қызметкері Бақытгүл Мұратбекова.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77