Кітапханада «Город мечты» деп аталған көрме ұйымдастырылды
Ерке Есілдің жағасында орналасқан арман қала Нұр-Сұлтан еліміздің мақтанышы. Бүгінде келбетіне көз тоймайтын әсем шаһардың аты әлемге танылып, маңызды саяси басқосулар өтетіп орынға айналды.
Елімізде жаңа астананың бой көтеруі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында жүзеге асырылды. Бүгінде күн санап көркейіп келе жатқан астана армандар орындалатын мекенге айналды. Бұл шаһарға жылда еліміздің түкпір-түкпірінен арман қуған жастар жиналып, алдарына таудай талап қойып, мақсат биіктерінен көрініп жатыр. Астана кімді болса да, қанаттандырады, жеңіске жетелейді.
Нұр-Сұлтанның әсем келбеті ешкімді бей-жай қалдырмайды. Бұл сөзімізге астана күніне орай Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебеп кітапханасында ұйымдастырылған «Город мечты» деп аталатын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, фотограф Георгий Шаповаловтың көрмесі дәлел болса керек.
Астанамыз кез-келген шығармашылық адамына тың шабыт береді. Оның әсем ғимараттары, желкілдеп өскен түрлі-түсті гүлдері, қазақы ою-өрнекпен безендірілген мүсіндері алыстан көзге түсіп, баурап алады.
– Бұл көрмеге қойылған суреттерді мен қала әлі Астана деп аталған кезде түсірген едім. 2015-2016 жылдары астанаға жолым түсіп, әсем көшесімен келе жатып, өзіме ұнаған ғимараттарды, қала тұрғындарын, астананың кешкі және түнгі келбетін суретке түсірдім. Суретімдегі адамдар, астана тұрғызылып жатқан кезде дүниеге келген жандар. Олар астанамен бірге өскен.
Астана мені әрдайым шабыттандырады. Әсіресе, маған қаланың архитектурасы қатты ұнайды. Өзге шаһарларда жоқ ғимараттар салынып жатыр. Сондықтан мен осындай әдеміліктің жанынан құр өтіп кете алмаймын. Міндетті түрде суретке түсіремін. Мендегі әсем астананың көздің жауын алатын суреттерін көпшіліктің назарына ұсынбай тығып қоюға болмайтынын ұқтым да, астана күні қарсаңында көрмеге қоюды жөн көрдім, – дейді Георгий Шаповалов.
Фотографтың көзімен Нұр-Сұлтанның келбетіне қарауға қала тұрғындары көп жиналды. Олар көрмеге қойылған суреттерден өздері бірнеше рет осы шаһарда болса да, байқамаған әсемдікті көрді. Адамның көзқарасы әртүрлі емес пе. Әсіресе фотографтар әлемінің сұлулығы өзгеше болса керек.
Кітапханада өткен көрме жергілікті өнерпаздардың концертімен жалғасты. Жиналған көпшіліктің алдында «Карамель» би тобы өнер көрсетіп, «Астана» әні де шырқалды.
Еуразияның жүрегінде орналасқан астанамыз жайнай берсін, жасай берсін. Әр қазақтың арманы болған әсем қала қарыштап дамып, әрдайым бейбітшіліктің мекені болғай.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77