События

Өнер майталманы, күйші Абай Ғазезұлына арналған ескерткіш тақта салтанатты түрде ашылды

Шара барысында қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан, шәкірт дайындап ұстаздық еткен өнер иесі жайында жылы лебіздер айтылды

«Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйенерге жараса» деп даналарымыз айтқандай, туған топырағымыздың сүйінер ұлдарымыздың бірегейі, қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан, көптеген шәкірт дайындап ұстаздық еткен, күйші Абай Ғазезұлы Әмірхановтың құрметіне арналған ескерткіш тақтаның ашылуы салтанатты түрде өтті.

Абай Ғазезұлы Қостанай өлкесінің Қарасу ауылында дүниеге келген. Шымкент қаласында мәдениет институтын бітірген. Білімді де білікті шығармашылық иесі көп жылдар қатарынан өңіріміздің мәдениетін дамытуға қомақты үлес қосқан.

Осы ретте облыс орталығындағы «Мирас» мәдениет сарайының қабырғасына өнер майталманы Абай Ғазезұлына арналған ескерткіш тақта орнатылды. Бұл салтанатты шарада Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, «Құрмет» орденінің иегері, мәдениет қайраткері Римма Ғайсенова, ақын, филология ғылымдарының докторы Серікбай Оспанов, журналист, Рудный қаласының Құрметті азаматы Арман Хасен сөз сөйлеп, өнер майталманы жайында жан-жақты баяндап өтті. Серікбай Оспанов Абай Ғазезұлы жайында өзінің өлең жолдарын оқыды.

Дәл бүгінгі күн, талантымен ортасын мойындатқан күйші, пайымы терең азамат, болмысы биік, танымы жоғары дарабоз Абай Ғазезұлына деген мәңгілік сағынышты, терең құрметті жарқырата көрсетіп тұратын естелік тақтаны ашу салтанатты рәсімі Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Саят Шаймұрынов пен қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің бас имамы, Абай Ғазезұлының бауыры, Шоқан Әмірхановқа берілді.

– «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп ата-бабаларымыз айтқандай, артында өшпес із қалдырған Абай ағамның ұлттық өнерді дамытуға қосқан үлесі зор деп білемін. Оның қара домбыраны қолынан тастамай, барынша дамытуға ерекше көңіл бөлуінің астарында үлкен мән жатыр. Ол Қостанай қаласына қоныс аударған кезінен бастап, өңіріміздегі мектептердегі оқушылардың ұлттық аспабымызға ден қойғанын қалады. Осы мақсатта тынбай еңбек етті. Қазір елімізде ғана емес өзге мемлекеттерге танылып жүрген «Мирас» фальклорлық-этникалық ансаблін құруының өзі ұлттық мәдениетке деген зор үлесі болса керек. Міне, бүгінде бауырымның еңбегі еленіп, оған ескерткіш тақтасы орнатылып жатқанына қуаныштымын. Осы бастаманың бастауында тұрған азаматтарға отбасымыздың атынан зор алғысымызды білдіреміз. Ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын деп бекер айтылмаса керек. Еңселі ерін ардақтаған, құрметтеген еліне мың ағыс, – дейді Абай Ғазезұлының бауыры Шоқан Әмірханов.

Абай Ғазезұлы еліміздің болашағының жарқын болуына белсенді атсалысып, қазақ өнерінің қарыштап дамуы жолында аянбай еңбек еткен елеулі азамат. Ол өзінің білгенін шәкірттеріне үйретіп, артына өшпес мұра қалдырған мейірімді жан. Бүгінде оның алдын көрген шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде мәдениет саласында еңбек етуде.

Сондай-ақ ол елімізді былай қойып халықаралық байқауларда бақ сынап, жүлделі орындарды бағындырып жүрген, құрылғанына 30 жыл толып отырған өңіріміздегі фольклорлық-этникалық «Мирас» ансаблінің құрылуының бастауында тұрған азамат.

Жиналған қауым, қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан, ұлттық музыканы дәріптеуде орасан еңбек еткен Абай Ғазезұлының ескерткіш тақтасының алдына гүл шоқтарын қойды.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77