В ритме города

Өнерлі Нұрай мен Құралай

Олар «Арена чудес» цирктік ұжымында өнер көрсетеді

Өңірімізде өнер десе ішкен асын жерге қоятын жастар өте көп. Менің бүгінгі кейіпкерлерім Нұрай және Құралай есімді егіздер. Олар Тобыл қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйіндегі «Арена чудес» цирктік ұжымында өнер көрсетеді.

Олардың осы өнерге деген қызығушылықтарының оянуы ерекше оқиға. Егіз қыздардың анасы Бибігүлдің айтуына қарағанда, олар ол кезде 6 жаста болған. Жылдағыдай 1 – маусым балаларды қорғау күніне арналған «Алтын дән» мәдениет үйінің жанында өтіп жатқан мерекелік концертті тамашалауға барған кезде кішкентай Нұрай мен Құралай өздері сияқты қыздардың әдемі киініп, цирктік нөмерді көрсеткенін тамашалып, қатты қызыққан.

Сол бетте аналарын біз де осылай өнер көрсеткіміз келеді, осы үйірмеге жазылайықшы деп қолқалайды. Анасы да қыздарының көздерінен өнерге деген ерекше ынтаны байқап, сол жерде бірден үйірменің жетекшісін сұрастырып іздей бастайды. Сөйтіп, оларды осынау қиын да қызығы мол үйірмеге жаздырады. Сол жаздан бастап егіз қыздар цирктік ұжымға келе бастайды.

Олардың алғашқы тәлімгерлері қазір Ресей елінде тұратын білікті ұстаз Татьяна Калашникова. Ол бірден алдына келген талапты қыздардың бойынан өнерге деген құлшынысты, икемділікті байқап, өзінің білгенін үйретеді. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, оның үйреткен қимылдарын талаптары таудай Нұрай мен Құралай бірден қағып алып, өздерінің өнерге бейім екендіктерін танытты. Көп ұзамай өздері армандағандай көпшіліктің алдында мерекелік іс-шараларда өнер көрсете бастады.

Өнерлі егіз қыздардың ата-анасы Ерғали мен Бибігүл сахнада көрсеткен өнерлерін тамашалап, қуаныштан табелері көкке бір елі жетпей қалды. Сол кездері олардың бойында мақтаныш сезімі ұялады.
«Болам дегенің баланың, бетін қақпа, белін бу» деді халқымыз. Осы аталы сөзді берік ұстанған Ажгалиевтер отбасы егіз қыздарына үнемі қолдау көрсетіп келеді.

Өнерге көңіл қойып, сабағын ұмыт қалдырмаған егіздердің мектепте де үлгірімдері үздік. Тобыл қаласындағы Н.Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясында оқиды. Білім ордасында өтетін іс-шараларда да олар әрдайым белсенділік танытады. Кішкентайларынан ата-анасы жұмыста болғанда әжелері Қатияның тәрбиесін көрген қыздар өте тәрбиелі, мінездері салмақты.

– Менің төрт қызым бар. Үлкен қыздарым жоғары оқу орнын аяқтап, өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жатыр. Егіз қыздарым Нұрай мен Құралай өнерге ден қойды. Оларға бірден қолдау көрсеттім. Шаһарамыздағы, жақын аудандардағы мерекелік шараларда үнемі өнер көрсетеді. Кейін маған көпшіліктің алдында өнер көрсеткен кезде қалай шаттанғандарын айтады. Баланың әрдайым өзінің сүйікті ісімен айналысқаны дұрыс,- дейді өнерлі егіз қыздардың анасы Бибігүл Ажгалиева.

Егіздер өздері ден қойған цирк өнерінде болашақта үлкен белестерді бағындыруды армандайды. Екеуі тек өңірімізде ғана емес, елімізге, тіпті әлемге танылсақ деп талаптанады.

– Мен кішкентайымнан сахнаға шығып өнер көрсетуді қаладым. Сондықтан осы цирктік ұжымға келдім. Ата-анам да біздің осы қалауымызды орындап, бірден қолдау танытты. Әкем қолы бос кезінде бізге жаттығулар жасауға көмектеседі. Сондықтан болар, күнделікті үйренген қимылдарды тез меңгеріп аламыз.

Қазір біздің тәлімгеріміз Виктория Евтехова. Ол кісі балалармен тез тіл табысатын, өте өнерлі жан. Біз жоғарыда жіптің көмегімен жүру, жердегі матрасқа секіру, орындықтармен жоғары көрерілу сынды қиын іс-қимылдарды үйреніп жатырмыз. Бәрін бірден меңгеріп алу мүмкін емес, алайда ниет болса тез арада үйреніп шығуға болады. Оқу бітіп, жазғы демалысқа шыққаннан бері тек цирктік нөмірлерімізге дайындалудамыз.

Карантин уақытында да үйірмеміздің жұмысы тоқтаған жоқ. Онлайн режимде тәлімгерімізбен бірге жаңа қимылдарды жасауды үйреніп жатырмыз,-дейді егіздердің біреуі Құралай.

Нұрия мен Құралай оқуды үздік оқып, цирктік қойылымдарды меңгеріп қана қоймай үйде де аналарының көмекшілері. Нұрай қолы бос кездері ас үйде көп жүреді. Өйткені, ол ғаламтордан түрлі тағамдарды қарап жасағанды ұнатады. Анасы оның қолынан шыққан тәтті бәліштердің дәмін татқан адам ешқашан ұмытпайды дейді. Сондай-ақ әрдайым ізденіп, күнде жаңа тағам түрлерін жасайды. Ал Құралай болса, үйдің ішін жинап, әжесіне көмектесіп, анасының айтқанын мүлтіксіз орындайды.

Егіздер әрдайым білсем, үйренсем, оқысам дейді. Таудай талпыныстары оларды алысқа апарары анық. Ең бастысы алдарына қойған мақсаттары айқын, армандары асқақ. Ата-анасы олардың қолдаушысы. Әрдайым балаларының қалауын орындауға дайын.

Ал біз өз кезегіміз де алар асуларың, көтерілер биіктерің көп болсын талапты да талантты Нұрай мен Құралай демекпіз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77