«Нөлдік төзімділік» – қоғамдық тәртіп кепілі

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді тетіктерінің бірі ретінде соңғы жылдары «нөлдік төзімділік» қағидаты кеңінен талқыланып келеді.

Бұл ұстанымның негізгі мәні кез келген заңсыздыққа, тіпті ұсақ құқық бұзушылықтарға да мүлдем төзбеу. Яғни заң бұзушылық «маңызды емес» немесе «елеусіз» деп қаралмайды, керісінше дер кезінде тоқтатылып, жауапкершілікке тарту арқылы қоғамда тәртіп мәдениеті қалыптастырылады.

«Нөлдік төзімділік» тұжырымдамасы қарапайым идеяға негізделген. Яғни, ұсақ құқық бұзушылықтарға көз жұму үлкен қылмыстарға жол ашуы мүмкін. Мысалы, қоғамдық орында қоқыс тастау, қоғамдық тәртіпті бұзу, ұсақ бұзақылық немесе жол ережесін елемеу сияқты әрекеттер уақытында тоқтатылмаса, олар қоғамдағы жалпы тәртіп деңгейінің төмендеуіне әкеледі.

– Құқық бұзушылықтарға қатысты «нөлдік төзімділік» қағидаты қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бұл тәсілдің негізгі мақсаты – азаматтардың санасында заңның кез келген, тіпті болмашы бұзылуының өзі жол беруге болмайтын әрекет екені туралы түсінік қалыптастыру. Егер адам қоқыс тастау, тыныштықты бұзу немесе ұсақ бұзақылық секілді кез келген құқық бұзушылықтың назардан тыс қалмайтынын көрсе, онда заңға және қоғамдық тәртіпке деген құрмет артады. Мұндай қағидат тәртіптің нығаюына, азаматтардың өз әрекетіне жауапкершілігінің артуына және ауыр қылмыстардың алдын алуға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл жастардың бойында дұрыс өмірлік ұстанымдарды қалыптастырып, қоғамдағы тәртіп нормаларын құрметтеуге тәрбиелейді», – дейді Қостанай қалалық полиция басқармасының әкімшілік практика бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Салтанат Сергазина.

Бүгінде ең көп таралған ұсақ құқық бұзушылықтардың қатарында қоғамдық тәртіпті бұзу, ұсақ бұзақылық жасау, алкогольдік ішімдіктер ішу және қоғамдық орындарға мас күйінде келу, түнгі уақытта тыныштықты бұзу, қоқысты белгіленбеген жерлерге тастау, тыйым салынған орындарда темекі шегу, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерінің жекелеген талаптарын бұзу деректері бар екен. Сонымен қатар айналадағы адамдарға құрметсіздік таныту, абаттандыру қағидаларын және қоғамдық орындардағы тәртіп нормаларын сақтамау жағдайлары да жиі тіркеледі. Мұндай құқық бұзушылықтар ұсақ санатқа жатқызылғанымен, олар қоғамдық тәртіп деңгейіне және азаматтардың қауіпсіздік сезіміне айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан бүгінгі күні осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.

– Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін ішкі істер органдары тарапынан тұрақты түрде кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Ең алдымен көшелерде, аулаларда, саябақтарда, гүлзарларда және адамдар көп жиналатын орындарда күнделікті патрульдеу ұйымдастырылады. Сонымен қатар профилактикалық рейдтер, жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіліп, профилактикалық есепте тұрған азаматтар тексеріледі, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Учаскелік полиция инспекторларының қызметі де маңызды рөл атқарады. Олар тұрғындармен тұрақты байланыста болып, азаматтардың өтініштеріне дер кезінде әрекет етеді. Бұдан бөлек, құқық бұзушылықтарды жедел анықтап, олардың алдын алуға мүмкіндік беретін заманауи бейнебақылау жүйелері кеңінен қолданылуда. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен, білім беру ұйымдарымен және қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнатылған», – дейді ол.

Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстың басым бағыттарының бірі. Білім беру мекемелерінде жасөспірімдер мен студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тұрақты түрде дәрістер, дөңгелек үстелдер, полиция қызметкерлерімен және мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесулер өткізіледі. Сонымен қатар жастарды қоғамдық пайдалы істерге тартуға бағытталған спорттық, мәдени және патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылады.

– Қауіп тобына жататын жасөспірімдерге және қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға ерекше назар аударылады. Педагогтермен, психологтармен және ата-аналармен бірлесіп құқыққа қарсы мінез-құлықтың, буллингтің, интернет-алаяқтықтың және басқа да жағымсыз құбылыстардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Негізгі мақсат — құқық бұзушылықтың алдын алып қана қоймай, жас ұрпақтың дұрыс тәрбиеленуі мен дамуына қолайлы жағдай жасау, – деп атап өтті Салтанат Сергазина.

Қазіргі уақытта қоғамдық тәртіпті бақылау бірнеше бағыт бойынша күшейтілуде. Әсіресе кешкі және түнгі уақытта қоғамдық орындарда патрульдеу жұмыстарының жиілігі арттырылуда. Адам көп жиналатын орындарға, саябақтарға, сауда орталықтарына, ойын-сауық мекемелеріне және қоғамдық көліктерге ерекше көңіл бөлінеді. Цифрлық технологиялар, соның ішінде бейнебақылау және интеллектуалды мониторинг жүйелері белсенді түрде енгізілуде. Заманауи техникалық құралдардың арқасында полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етіп, жанжалдардың алдын алуға мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар әлеуметтік желілер, мессенджерлер және кері байланыс арналары арқылы полиция мен халық арасындағы өзара іс-қимыл нығайтылуда.

Сералы МЫРЗАБАЙ, суретті ұсынған қалалық ПБ

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.