Культура

«Облыстық қазақ драма театрының жаңа маусымдағы жетістіктері» деп аталған брифинг болып өтті

Онда өңіріміздің тәжірибелі театр әртістері журналистердің сауалына нақты жауап берді

Бүгін онлайн форматта «І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ театрының жаңа маусымдағы жетістіктері» деп аталған брифинг болып өтті. Аталмыш шараға театрдың көркемдік жетекшісі, режиссері Баатырбек Шамбетов және өнер ордасының әртістері Қонысбек Бекайдаров, Азамат Чукеев, Олжас Бекайдаров қатысып, журналистердің сауалына жауап берді.

ХХІ-ші маусымды үлкен жеңіспен бастаған жергілікті қазақ драма театрының ұжымының бүгінде жеткен нәтижелері аз емес. Олар Көкшетау қаласында өткен фестивальде жеңімпаз атанса, жақында Қарағанды қаласында ұйымдастырылған байқауда өнер көрсеткен жас әртіс Олжас Бекайдаров «Үздік эпизод» номунациясын иеленіп қайтты. Осылайша біздің өңірден барған әртістер өздерінің кәсіби шеберліктерін танытты.

Шыны керек, І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері тәжірибелі де білімді жандар. Бұл сөзіміз жалаң болмас үшін, Түркістан облысында жаңадан салынған музыкалық драма театрында сахналанған «Бөрте» спектаклінде Қостанай облысының қазақ драма театрының әртістері арнайы барып, өнер көрсеткенін айтып өткеніміз жөн болар.

Осы «Бөрте» спектаклініде бой көрсеткен І. Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері Қонысбек Бекайдаров, Зәмзәгүл Бекайдарова және Азамат Чукеевтер өнерлерін қалың көпшілікке паш етті. Еліміздің өзге өңірлерінен келген әртістермен қоян-қолтық араласып, тәжірибе алмасып қайтты.

Бұл жайында театрымыздың әртісі Қонысбек Бекайдаров брифинг барысында баяндап берді.

– Түркістан жеріне барып, сән салтанаты келіскен жаңадан салынған музыкалық драма театрында 1 ай өнер көрсетіп келдік. Елімізді ғана емес, шет елдегі азаматтарды қызықтырған «Бөрте» спектаклінде бой көрсеткеніміз үлкен жетістіктеріміздің бірі. Бұл қойылымды қалың жұртшылық өте жақсы қабылдады. Шет ел азаматтары да бұл қойылымның өздерінде сахналанғанын сұрап жатыр. Болашақта «Бөрте» спектаклі шет елдерде қойылатын болады, – деді.

Сонымен қатар ол соңғы жылдары театрымыздың көркемдік жетекшісі болып белгілі де білікті режиссер Баатырбек Шамбетов келгеннен бері театр ұжымы үлкен жетістіктерге жетіп отырғанына тоқталды.

– Режиссер алдымен өзі актер болуы керек. Бұл ретте Баатырбектің шебер әртіс екенін жақсы білеміз. Ол сахнаның қыр-сырын жақсы меңгерген. Сондықтан ол әр әртістің табиғатын жақсы түсінеді. Ішкі жандүниесін ұғынады. Оның өзіне артылған үмітті қалай ақтап шығатынын да жақсы біліп отырады.

Біздің театрымыздың көркейіп, көпшілікке тек жақсы қырынан таныла түсуіне театр басшысы Әлімхан Мырзахановтың және облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың қосып отырған үлесі зор екенін айтпай кетуге болмайды. Міне, осы азаматтардың көрегенділігінің арқасында біз үлкен жетістіктерге жетіп, көпшілікке танылып жатырмыз, – деді.

І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әрістерінің соңғы жылдары жеткен жетістіктері өте көп. Солардың бірі түсірілімі тамыз айында басталып, қыркүйек айының басында аяқталған, өңіріміздің Науырзым ауданында аңшылар мен қорықшылардың арасында өрбіген оқиға барысында «Степ» деп аталған фильм түсірілген болатын. Бұл фильмнің режиссері елімізге кеңінен белгілі, талантты Максим Акбаров.

Аталмыш фильмге еліміздің атақты кино әртістері шақырылды. Сондай-ақ Қостанай облыстық қазақ драма театрының әртістері де тартылған болатын. Солардың ішінде бүгінгі брифингте журналистермен кездесуге келген тәжірибелі әртіс Азамат Чукеев те болды.

– «Степ» фильмінің түсірімілі өте жоғары деңгейде өтті. Әртістер бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, ақыл-кеңесімізді беріп, жақсы араласып кеттік. Маған бұл фильмнің терең мағынасы ұнайды. Қазір фильмді монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Осы жұмыстар аяқталысымен еліміздегі кинотеатрлардан көрсетілетін болады. Жалпы, фильмнің көрермендерге берер тағылымы зор, – деді.

Сонымен қатар брифинг барысында журналистердің бірінен «Түркістанда бой көтерге жаңа театрда сахналанған «Бөрте» спектакліне 246 млн теңге жұмсалғаны. Бұл қаражат бір спектакль үшін көп емес пе. Қандай мақсаттарға жұмсалды екен?» деген сұрақ түсті. Бұл сауалға театр әртісі Қонысбек Бекайдаров жауап берді.

Ол өз жауабында:

– Өнерге қанша қаражат жұмсалса да артық емес. Бұл қойылым әлемдік деңгейде өтті. Сондықтан соншалықты қаражат қажет болған болар. Түркістан қаласындағы музыкалық драма театрының басшысы Айнұр Көкбасарова қарындасымыз, бұл қаражатты түгелімен осы спектакльдің жоғары деңгейде өтуі мақсатына жұмсағанына еш күмәніміз жоқ. Бұл спектакль тек елімізде көрсетіліп ғана қоймай, алдағы уақытта шет елдерде де сахналанатын болады. Осы қойылымда өнер көрсеткен бір топ әртістер шет елге аттанады, – деді.

Сондай-ақ брифинг барысында Қарағанды қаласында өткен фестивальде «Үздік эпизод» номинациясын жеңіп алған жас әртіс Олжас Бекайдаров өз ойымен бөлісті.

-Мен өнерлі отбасынан шықтым. Әкем де анам да әртіс. Бала кезден театрда жүрдім. Көп нәрсені көкейіме түйдім. Кейін өзімнің де өнерден құралақан емес екенімді түсіндім. Сөйтіп, өнерді қолға алдым. Қарағандыда өткен фестивальге барлығы 15 театр қатысты. Кім болса да, жарысқа қатысқанда бәйге аламын деп қатысатыны белгілі емес пе. Сондықтан бұл жолыда біз бойымыздағы өнерімізді салып, тек жүлделі орын алу үшін тырысып бақтық. Әрине, фестивальге үлкен дайындықпен бардық. Мәселен, егер адам бәйгеге қатысатын болса, астындағы тұлпарын баптайды емес пе. Әртісте сол сияқты бір дода бақ сынайтын болса, көп уақыт өзінің шеберлігін арттыруға жұмсайды. Осындай байқауларға қатысып, жүлдегер атанып жүргенімізге қуаныштымыз. Біздің театрдың алар асуы әлі алда деп білемін, -деді.

Брифингті қорытындылаған театрдың көркемдік жетекшісі Баатырбек Шамбетов ұжымның әрдайым ынтымағы берік екеніне тоқталды. Әртістер арасында бір-біріне деген қолдау, бар жерде өнер қарыштап дами беретінін тілге тиек етті. Ауызбіршілігі жарасқан ұжым болашақта үлкен жеңістерге жететініне сенім білдірді.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77