Культура Новости

Қойылым тұсаукесері шетелде өтті

І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры Моңғолиядан оралды

Облыстық І.Омаров атындағы қазақ драма театры үшін биылғы жыл жемісті болды. Театр ұжымы екі бірдей шетелге гострольдік спармен барып келді. Оның бірі Өзбекстандағы – Қазақстан жылы аясында орын алса, екіншісі жақын арада ғана Моңғолияның Баян-өлги аймағынан оралып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен жиында Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Мауданов Абылай Фазылханұлы баяндап берді.

– Қостанай облыстық І.Омаров атындағы қазақ драма театры биыл екі бірдей шетелге іс-сапармен барып келді. Өздеріңіз білесіздер, Өзбекстандағы – Қазақстан жылы аясында биылғы маусым айының басында Ташкент шаһарына біздің ұжым барып келген болатын. Осы сапарымыз Моңғолияға арналды. Баян-өлги қаласында 23-25 шілде аралығында екі бірдей қойылым ұсындық. Айта кететін дүние, онда сахналағанымыз «Ботақара» деген қойылым. Онда 17-18 ғасырлардағы қазақ-жоңғар арасындағы шайқастар біраз сол бағытта баяндалады. Қойылымның авторы Әскерхан Ақтай атты Баян-өлгейлік бауырымыз. Ал, қоюшы режиссер, тетрымыздың көркемдік жетекшісі Әлия Баймахан болатұғын, – деді Абылай Фазылханұлы.

Сол жердегі қандастарымызға екінші қойылым ретінде «Мұңмен алысқан адам» қойылымы сахналанды. Бұл драмада жер бетіне тарыдай шашыраған қазақтардың тағдыры суреттеледі.

– Ботақара өмірде болған адам. Кезінде Жоңғар шапқыншылығынан Балқаш өңірін қорғап қалған батыр. Ботақара атында қазір тау бар. Ботақара және Шешен бике атты қырғыздың қызы екеуінің басты мақсаты қазақ-қалмақты біріктіріп жаугершілікті жойып, бітімгершілік орнатып, сыртқы жауларға тойтарыс беруді көздеген. Осы бағытта негізгі қойылымның сипаты тек қана соғыс атыс-шабыс қырғын емес, татулыққа бірлікке достыққа үндейтіндігін көрсеткен. Ең басты ерекшелік, көбінесі қазақ пен жоңғар арасындағы үнемі шапқыншылықпен өткен деген түсінік қалыптасқан. Бірақ айналып келіп тарихқа үңілсек, олай үнемі шапқыншылық бола бермеген. Екі халықтың бір тудың астында біріккен уақыттары да болған. Қазақ–қалмақ әуелден қандас, тұрмысы салты бір діні ғана бөлек қалғаның бәрі бір деуге болады. Міне осы тұрғыдан келіп айқындалып ұсынылған болатын. Қойылым өте жақсы өтті. Әсерлі болды. Басынан бастап соңына дейін бірдеммен көрермен көріп шықты. Көрермен, әр аттан салар айбарлы сөздерге қол соғып ықыластарын білдіріп рухтанып отырды. Негізі өте ышқам қойылым. Бас-аяғы он адам ойнайды. Бірақ он адамның да өзіндік атқаратын міндеттері зор болды. Режиссердің еңбегінің арқасында, үлкен көлемде қойылатын қойылымды, ықшамдап он адаммен жинақы етіп ең бастысы жеткізілетін ойды тиісті айқындап берді, – дейді Абылай Мауданов.

Сонымен қатар біздің қостанайлық әртістер ол жақтан құр қол қайтқан жоқ. Басты төлде Ботақара кейіпін сомдаған Асылан Кенжетай атты театр актері «Моңғолияның мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Шешен бике рөлін сомдаған Мөлдір Құбашта сондай марапатқа ие болып қайтты. Қазақ қызының рөлін Қымбат Әуезхан сынды әртіс қыз сомдаса, Жоңғар ханыңың кейпін белгілі актер Қонысбек Бегайдаров айнап шықты. Әр қайсысы да көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, мерейлері үстем қайтты.

– Баян-өлги еліне сапарымыз алысқа шыққан сапарларымыздың алды болды. Жастар жылы болғандықтан жастар көрсін, білсін, өзін көрсетсін деген ниетпен театрымыз сапар жасаған болатын, сол себепті жастарды көп қостық. Құдайға шүкір абыройлы барып, абыройлы болып келдік. Мақсат – жер көру емес, өнерімізді таныту, қойылым арқылы көрерменнің жүрегіне тарыдай болсада ой салу болды. Көрермен ыстық ықыласпен қарсы алды. Сондықтан бұл сапарымызды оң сапар деп айтуға болады. Барған әртістердің барлығы да олжалы оралды, қанжығалары майланып келді. Өмірдің өзі тосынға толы, күтпеген жерден қуанышқа ие болып қайттық, – деді ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қонысбек Бегайдаров.

Ерекше айта кететіні, осы «Ботақара» қойылымының тұсаукесері Баян-өлгиде өтіп, алғаш сахналанып отыр. Кез-келген театр өзінің тұсау кесерін шетелге барып өткізе алмайды. Ол үшін зор тәуекел қажет. Бұл жерде қоюшы режиссердің әрістерге зор сенім білдіргендігін айғақтайды.

– Жалпы театрымыз үшін осы жыл табысты жылмен басталды. Өзбекстанға бардық, енді міне Моңғолиядан оралып жатырмыз. Театр үшін де, жеке басым үшін де жетістік болды. Осы театрда он жылға жуық уақыт қызмет жасап келемін. Ұжыммен шетелге шығып, бірге жетіліп, бірге қазанында қайнау әртіс үшін қажетті болып саналады, шығармашылық болып табылады. Оның үстіне осы сапарымызда басты рөлде ойнап Ботақара батырдың кейпін сомағаныма өте қуаныштымын. Актерлік керемет бақытты сезіндім. Ботақара есімі ол жақта танымал, барлығы батыр екенін біледі. Қойылым соңынан батырдың тікелей ұрпақтары келіп, менің қолымды алып, алғыстарын жаудырды. Маған қарап батыр аталарын елестетті, – дейді басты рөлді сомдаған әртіс Асылан Кенжетай.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті ұсынған Абылай МАУДАН


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77