Қайыстан қамшы өріп, теріден торсық жасайды
Қайыс пен иленген теріден жасалған дүниелер бабаларымыздың күнделікті тіршілікте қолданған заттары. Мысалы, бүгінде қамшыны ауылдық жерде кәдеге асыруға болады. Ал, ертеде торсыққа қымыз, болмаса өзге сусын құйып, алып жүрген. Осы дүниелер этнографиялық сипатымызды айшықтай түсетін, ұлттық құндылығымызға айналды десек те болады. Ал, бұл дүниелер қалалық жерде көбіне сый-сияпат ретінде беріліп жатады.
Қазіргі таңда, атадан балаға мирас болып келе жатқан қолөнерді жаңғыртып жүргендер баршылық. Солардың бірі Торғай өңірінің тумасы – Айдын Диханбаев. Ол қамшының бірнеше түрін және торсық жасаумен айналысады.
– Туған жерім Торғай, Аралбай ауылы, сонда өстім. Ауылда әкем Мәлік Диханбай қолөнер шебері. Әкемнің қасында бала күнімнен көмектесе жүріп, менде қыр-сырын меңгере бастадым. Ол кісі қамшы, торсық жасайды. Ауыл азаматтары бұзылған, сынған ертоқымдарын әкеме алып келіп жөндететін. Әкем сол ауылда әлі күнге дейін мектепте еңбекке баулу пәнінен сабақ береді. Ауыл балаларын қолөнерге икемдейді, – дейді әкеден тәлім алған Айдын.
Бала күнінен қазақша күреске қатысқан Айдын, жігіт шағында да жарыстарға шығып жүрді. Өзі Қостанайға 2009 жылы қоныс аударады. Сол кездері күрестен жетекшіліп жасап жүрген Нұржан Ермағамбетов деген азамат Айдынға қолөнермен айнылысуға сажайынан орын береді.
– 2009 жылы Қостанайға келдім. Күресіп жүрген кез еді, тәлімгерім Нұржан Ермағамбетов ағамыз менің қолөнерге икемділігімді біліп, өзінің саяжайын шеберхана ретінде пайдалауға берген еді. Қалада өзіңіз білесіз шеберхана ретінде орын табу қиындау. Сол жерде қолөнермен айналысып, қазақтың қамшысын, торсығын, өзге де дүниелерін жасадым. Ол кезде оларды жасаудағы негізгі мақсат – Халықаралық «Шабыт» фестивальіне қатысу болатын. Қатыстым, жасаған заттарымды алып бардым. Алайда жүлделі орын бұйырмаса да, жақсы бағаланып келдім, – деп сөзін жалғады Айдын.
Айдын қазір қамшы және торсық жасау үстінде.
– Торсық жасау үшін сиырдың терісі қажет. Тері иге салынбаған болуы керек. Кезінде теріні илегенде іркіттің сары суына салған. Торсыққа оған салынбаған тері ғана жарайды. Тек суға салынып, терінің түгі алынып тасталынады. Қазіргі кезде пайдалануға жарайтын торсық жасаудамын. Бұл екінші торсығым. Алғашқы жасаған торсығымды Славакиядан келген туристер қызығушылық танытып сатып алып кетті. Енді, торсықтың жасалу кезеңі ұзақтау. Теріні тобылғы ағашының түтініне ыстау қажет болады. Сонда терінің сапасы арта түседі, кейін өз қалыбын жоғалтпайды. Яғни, ішіне құйған сұйықтықты өзіне сіңірмейді. Ары қарай ішіне қара шай құйып бірнеше рет шайқап аламыз. Қаймақ жағып, қайтадан тобылғының түтініне ыстаған соң, пайдалауға жарай береді. Әр пайдаланар алдында осылай жасап отырған жөн. Тек тобылғы ағашымен ыстау қажет, өйткені ағаш пайдалы қасиетке ие. Ол түтін арқылы беріледі. Бабаларымыз осыны білгенғой. Ысталған торсыққа қымыз құйып ішкен, сонда асқазан, ішек ауруларына адам шалдықпайдын көрінеді, – дейді Айдын Диханбаев.
Бір торсықты жасау үшін белгілінген уақыттың жоқ екенін айтады шебер. Оның терісі қашан дайын болса, сонда жұмысын бастай беруге болады. Алайда, теріні тез кепсін деп күннің көзіне, болмаса ыстық жерге қоюға болайды екен. Ол тері өз бабымен қоңыржай жерде кепкен жөн екен. Дайын терінің ішіне құм толтырып, нығыздап отырып бізбен екі қайта тігіп шығады.
– Ал қамшыны иленген теріден жасайды, оны қайыс деп атайды. Қамшының да түрлері көп. Мысалы, «неке» қамшы деген болған. Жігіттің арнайы әшекейлеп қызға жасаған қамшысын айтады. Ерте кезде жігіт қыздың үйіне барғанда қамшысын отырған жерінде тастап кететін болған, ол қызды қалап келгендігінің белгісі. Қыздың әкесі қамшыны қайтарып бермесе келісімін берді деген сөз. Жуан тобылғы сапты «дойыр» қамшы бар, оның өрімі де жуан келеді. Онымен аңға шығуға болады. Өрімнің басына қорғай салынып та өріледі. Өрімді өре білу де өнер. Кезінде қамшының қаншалықты жақсы екенін өріміне қарап білген. Өрімі нашар қамшылар тарқатылып кетеді. Басының түйілуі де маңызды, – дейді ол.
Айдын, Нұр-Сұлтан мен Алматы және өзге қалаларға қолөнер шеберлерінің көрмесіне ұдайы қатысып тұрады. Қызығушылық танытып, сатып алатындар да жоқ емес.
– Көбіне менің қамшыма Атырау аймағы тапсырыс беріп жатады. Біраз қамшы Нұр-сұлтан каласына жөнелтілді. Бірде Мәкеуден кеген орыс ұлтының азаматы менен жасап жатырған дүниелерімнің мәнін сұрады. Мен бәрі түсіндіріп, ырым бойынша балалы бола алмай жүрген отбасыға қамшы сыйлағандығын айттым. Ол тұрмыстағы қызына бір қамшы алып кетті, кейін қыз бала дүниеге келгенін естідім, – деп марқайады Айдын.
Айдын қаламыздағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінде» «Қонөнер» үйірмесінің жетекшісі. Мектепте қашықтықтан өткізілетін жарыстарға оқушысымен қатысып тұрады. Үйірмеде ұлдармен қатар қамшы жасауды үйреніп жүрген қызда да бар екен.
Қолөнер шебері Айдан Диханбаев ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, жандардырып жүрген жандардың бірі. Шебер меңгерем деушілерге әркез үйретуге дайын екенін айтады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Абил ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77