В ритме города

Он саусағынан өнер тамған шебер

Ботагөз Мукумова тігіншілікті жеке кәсібіне айналдырған

Қазақ халқы он саусағынан өнер тамған шеберлерге кенде емес. Осынау ерекше қасиет біреулерге қаннан берілсе, кейбіреулерге өздерінің ізденімпаздығы мен ынтасында келіп жатады. Менің бүгінгі кейіпкерім Ботагөз Мукумова қолы шебер, ісмер жан. Оның анасы тігінші болмаған, өмірбойы есепші қызметін атқарған. Ботагөз Ғалымқызына шеберлік қасиеті қалай келгенін өзі де білмейді. Тек оның бала кезден тігін тігуге, тоқыма тоқу қатты қызығып, сол істі үйреніп алуға тырысқанын айтады. Адамда жалпы бір нәрсені үйренсем, білсем деген ниет болса болғаны емес пе.

Тігіншілікті жанына серік еткен нәзік жанның қолынан шыққан дүниелерді көрген жан еріксіз таң қалады. Тігін тігуге қолданылған маталардың түсі де сапасы жоғары екенін бірден байқайсыз. Тігінші қолына алған әр бұйымды бар жан-тәнімен беріліп, жоғары сапада жасайтынын аңғарасың.

Сөйтіп, оны әңгімеге тартып, тігін тігу мен тоқыма тоқудың қыр-сыры жайында сұраған болатынбыз.

– Жастайымнан тігін тіктім, тоқыма тоқыдым. Ол кездері қазіргідей оны сатып, жеке кәсіп ету деген ұғым болған жоқ. Ауылда тұрдық сондағы туған-туыстарыма, көрші-көлемге киім-кешек, көрпе, жастық және басқа да заттарды тігетінмін. Жаз мезгілінде қыс қамын ойлап, түбіттен, жүннен қолғап, шұлық, жиде, көйлек тоқитынмын. Бәрінің көңілінен шығып жататын. Күнделікті күйбең тіршіліктен қолым босай қалса, тігін машынама келіп отыра қалатынмын.

Бір киімді тігерде оған сапалы мата таңдау қажет. Киім тігумен айналысып келе жатқанымен көптеген жылдардың жүзі болды. Матаны да жіпті де дұрыс таңдауды үйрендім. Әрдайым балаларға жаңа жылдың костюмдер тігетінмін. Жаңа жылдық костюмдердің сырты жылтыр мата болса, ішіндегі мата баланың денесіне жайлы болуы керек. Осыған ерекше көңіл бөлемін. Көп жыл қатарынан серік еткен тігін машинамды қимаймын. Болашақта әрине, қазіргі соңғы үлгідегі машина алу ойымда бар. Сонда да бұрынғы көп жыл серік еткен машинама бір уақыт отырып, өрнектеп көрпе тігетін шығармын деп ойлаймын.

Мен жұмысыма ешқашан жауапсыздық танытқан емеспін. Әрдайым оның жоғары сапалы, денеге қонымды, түсі адамға жарасымды болғанын қалаймын. Сондықтан киім тігерде ешқашан асықпаймын. Ойласып, өлшеп, әдемі етіп тігемін. Сондай-ақ тоқыма тоқуды да жақсы меңгергенмін. Биыл қыста жүннен, түбіттен шұлық тоқып сатты. Тоқыма жиделерге де тапсырыс бергендер болды, – дейді Ботагөз Ғалымқызы.

Бүгінде тігінші көбіне қыздардың жасауын, қонақ күтуге арналған көрпелер, қоржын-дорбалар, шабадан, көпте, жастық тыстар тігеді. Қазіргі кәсібі осы. Күнделікті өзіне келіп түскен тапсырысты орындап, әрдайым тігін машинасының жанынан табылады.

Ботагөз Ғалымқызының қызы Жансұлу да сабақтан қолы босаған сәтте бір уақыт анасының жұмысын жеңілдетуге тырысады.

– Менің қолымнан шығатын көрпелердің және басқа дүниелердің сапалы болуы біріншіден оның матасының сапасына байланысты. Сондықтан Қостанай шаһарындағы мата сататын дүкендер мен дүйгіршектерді асықпай аралап, өзіме қажетті материалдарды сатып аламын.

Мен ешқашан тігін мен тоқыманы арнайы оқыған емеспін. Бала кезден көргеніммен, түйгенімді пайдаланып, бүгінде өзімнің жеке кәсібіме айналдырып отырмын. Тауып отырған табысыма көңілім толады, – дейді ол.

Тігіншілік пен тоқыма оның бүгінгі күнкөріс көзіне айналған. Қазіргі таңда қыздардың жасауын толық тігу 50 мың теңгеден жоғары. Үлкен қонақ көрпелердің бағасы 8-10 мың теңге аралығында. Орташа көрпелер 5-7 мың теңге, ал бір адамдық шағын көрпелер 2 мың теңгеден жоғары болады. Осындай бағамен сатуға қойған көрпелерін сатып алып жатқандардың қарасы көп. Сонай-ақ кейбіреулері өздеріне ұнаған көрпелердің суретін алып келіп, осындай көрпе тігіп беріңізші деп тапсырыс жасап жатады. Мұндай кездері де тапсырыс берушілердің талғамына сай етіп, көрпесін тігіп береді.

«Шебердің қолы ортақ» демекші, оның қолынан шыққан көрпелер көпшіліктің көңілінен шығып, сатып алып жатады. Бұл оның жұмысына деген адалдығын көрсетсе керек. Ешқашан ешкімді алдамайды, қолынан шыққан бұйымның сапасына аса көңіл бөледі.

– Менің көрпе сатып алушылар көп десем артық болмас. Қазіргі таңда менде сатылмаған көрпе жоқ. Барлығын сатып жібердім. Енді келіп, дайын сатылатын көрпе бар ма деп сұрап жатыр. Қостанай қаласынан да оның жанындағы ауылдардан да келіп көрпе сатып алатындар жеткілікті. Енде алдағы уақытта өзіме ұнап жүрген жаңа үлгімен көрпе тігуді қолға аламын.

Сондай-ақ сатыпалушыларға көбіне қонақ күтетін көрпелердің сырты жеке іші жеке тігілгені ұнайды. Бұл біріншіден көрпенің сырты кірлеп бүлініп қалса, оны шешіп алып жеке жууға болатындығын білдіреді. Егер көрпе кірлеген сайын жуып, оның сапасының кетпегенін байқасаңыз өзіңіз де қуанасыз. Сондықтан көрпедегі әдемілік уақытша ғана болмауы керек. Ол көрпе көпке шыдайтын сапалы болғаны дұрыс, – дейді тігінші.

Әрине, қандай зат болмасын сапалы болғанға не жетсін. Бұйымның сапасы бірінші кезекте көзге шалынады. Сондықтан қолдан тігілген дүниенің қашанда адал еңбектің арқасында жасалатынын ұмытпайық.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77