COVID-2019
в Казахстане



Вся информация здесь

76756

Выздоровевших

101372

Зарегистрированных случаев

3168

Зарегистрированных случаев в Костанайской области

1269

Летальных случаев

Біздің Қостанай

Қостанайдағы дирижерлер форумы

Ол биыл да өте әсерлі өтті


Қостанай облысының мәдениет саласының майталмандары мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында талай игі істерді атқарып жатқаны талғампаз көрермендерге белгілі.

Екінші рет өткізілді

Өңірде осымен екінші рет халықаралық дирижерлер форумы ұйымдастырылды. Әрине, ол облыстық мәдениет басқармасының тікелей қолдауымен өткені айдан анық.

Былтырғы жылы мол тәжірибе жинақтаған Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармониядағы бұл өнер мерекесі барша қауымның көңілінен шықты.

Аталмыш форумды өткізудегі негізгі мақсат – ұжымдағы қазақ, орыс және камералық оркестрдердің шеберлігін шыңдау. Олардың біліктілігін көтеруге тікелей ықпал ету болатын.

Мәселен, құрметті қонақ, жарқын дарынын күллі еліміз мойындаған Абзал Мұхитдинов Елордамыз Астанадағы опера және балет театрының музыкалық жетекшісі.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Өзі біздің жерлесіміз. Өңірдің Наурызым ауданында дүниеге келген. Осы сапар барысында камералық оркестрде шеберлік сыныбын өткізді.

Оның репертуарының классикалық шығармалармен толыға түсуіне өзінің үлесін қосты. Талантты азаматтан осындағы жігіттер мен қыздар көп жайды көңілдеріне түйді деп нық сеніммен айтар едік.

Сондай-ақ бұл күндері Жалғасбек Бегендіковтың есімін кім білмейді? Азаматтың кезінде қазақ өнерінің абызы атанған Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиев пен КСРО халық әртісі Шамғон Қажығалиевтан үйренгені мол. Олардың сенімін ақтаған шәкірттерінің бірегейі.

Елімізге танымал үлкен оркестрлерде қызмет атқарып, өнерімізді әлемге танытқан тұлға. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ретінде де ғұмыры көпке өнеге.

Ол филармониядағы орыс оркестрімен қысқа мерзімде шеберлік сыныбын өткізсе де өнер ұжымының мүшелерімен барша классикалық туындыларды ұнататын жерлестеріміздің алғысына бөленді.

Сонымен қатар қазақ халқы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Ғылымовты да жақсы біледі. Өйткені, ол да режиссер ретінде елімізге кеңінен танымал. Ол бұл жолы қазақ оркестрімен тікелей жұмыс істеді.

Өзінің жандүниесінің сұлулығы, тәлімгерлігі мен жоғарыда есімдері аталған әріптестерімен қатар барша қауымның ықыласын өзіне аударды.

Оны оркестрдің жұртшылыққа ұсынған аса құнды дүниелерінен байқауға болар еді.

Ол бұл күндері Елордамыз Астанадағы Әлем әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсаходжаева басқаратын өнер университетінің профессоры. Шәкірт тәрбиелеп жатқан білікті маман.

Жалпы, биыл Қостанай жұртшылығы үшін өнер мерекесіне толы дер едік. Өйткені, Қазақстанның халық әртісі Елубай Өмірзақовтың туғанына 120, оның есімі берілген облыстық филармонияға 75 жыл толды.
Сол себептен де әңгімемізге арқау болған оркестрлер форумының бізде өтуі заңдылық та еді. Сонымен өнер сүйер қауым рухани байлыққа кенеліп, жандүниелері бір түлеп қалды.

Ол күндер ұмытылмайды

Қостанайда филармонияның 75 жылдық мерейтойы осындай мерекелермен басталды деуге толық негіз бар. Соңғы күні яғни киелі жұмада оркестрлердің қорытынды концерті жұртшылыққа үлкен әсер қалдырды.
Осы арада қазақ оркестрінің құрамында бірқатар игі өзгерістер болғандығын да айтып өткеніміз лазым. Өйткені, оркестрдің бұрынғы көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші Назымбек Молдахметов филармония директоры болып тағайындалды.

Өнер үшін туылған бауырымыз «Ақжелең» ансамблін, аталмыш оркестрді шеберлік жағынан биік деңгейге көтеріп, алыс-жақын елдерге танылуына көп еңбек сіңірді.

Осындай біліктілігі және азаматтығы үшін оған үлкен ұжымның тізгіні ұстатылды. Оның орнына Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, белгілі қобызшы, жаны жайсаң ініміз Батырбек Байназаров бекітілді.

Сонымен қатар қазақ оркестрін өрге сүйреуге өзінің үлесін қосып келе жатқан дарынды жігіт, талай байқаулардың жеңімпазы Берік Оразалин бас дирижер болып тағайындалғанынан оқырмандар хабардар болғаны жөн секілді.

Алматыдан және Астанадан келген, дүниежүзіне танымал дирижерлердің тікелей қатысуымен оркестрлердің қорытынды концерті қойылды.

Сөйтіп, қостанайлықтарға мәдениет қайраткерлерінің ізденісін және тәлімгерлігін көрсетуге мүмкіндік туды. Олар сол биікте екендігін әбден дәлелдеді.

Жоғарыда аталған үш атақты дирижердің тікелей басшылығымен бірқатар күйлер орындалып, әсем әндер шырқалды. Әншілердің қатарында өңіріміздің жұлдыздары атанған Гүлбану Абдуллина, Гүлмира Үмбетова, Серік Әбілов секілді күміс көмей, жез таңдай өнер шеберлері болды.

Көпшілік ұлтымыздың мақтаныштары Құрманғазының «Серпер», «Сарыарқа», Нұрғиса Тілендиевтің «Ақ шағала», «Махамбет» және басқа да тұлғалардың туындыларын ерекше ден қойып тыңдады.

Жиналғандар Қазақстанның халық әртісі Әсет Бейсеуов пен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қалибек Деріпсалдиннің шығармаларынан попуррилерді аса бір қуанышпен қарсы алып, залда ұзақ қол шапалақтады.

Үш күнге созылған өнер мерекесінің соңында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов сөз алып, халықаралық дирижерлер форумының тиісті деңгейде өтуіне өздерінің қомақты үлестерін қосқан қонақтарға және барша қатысушыларға шынайы алғысын білдірді. Оларға алдағы уақытта да шығармашылық табыс тіледі.

Облыс әкімі атынан филармонияға автобустың кілтін сыйлады. Сондай-ақ қазақтың ежелден келе жатқан қонақжайлық салтымен дирижерларға сый-сияпат жасады.

Сөзіміздің соңында жас дирижер Аслан Өтебаевтың да еңбегін атап өткен жөн. Ол да концерт барысында өзінің болашағы жарқын өнер өрені екендігін айқын көрсетті.

Филармония басшысы Назымбек Молдахметов те аталған өнер мейрамының уақыт талабына сай ұйымдастырылуына айтарлықтай көңіл бөлгендігін айтып өткеніміз парыз.

Оразалы Жақсанов


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77