Партиялардың жаңа рөлі қандай болады?

Қазақстандағы саяси өзгерістер партиялардың қоғамдағы рөліне жаңа талаптар қойып отыр. Осы үдеріс аясында қалалық мәслихат депутаттары партиялардың жаңа міндеттері мен жауапкершілігі туралы өз пікірлерімен бөлісті.

Гүлфия Дәндібаева – қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі, М.Горький атындағы гимназия директоры

Партиялық жүйедегі өзгерістер – саяси жаңғырудың маңызды кезеңі

Қазақстандағы партиялық жүйедегі өзгерістерді мемлекеттің кең ауқымды саяси жаңғыруының бір бөлігі деп бағалаймын. Бүгінде мәселе тек жаңа партиялардың пайда болуы немесе жекелеген саяси рәсімдердің өзгеруі туралы емес. Бұл – мемлекет, қоғам және саяси институттар арасындағы өзара байланыстың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Осы тұрғыда бір палаталы Парламентке көшу мәселесі ерекше маңызға ие. Цифрландыру, жасанды интеллектінің дамуы және экономикалық үдерістердің жылдам өзгеруі жағдайында мемлекетке шешім қабылдаудың икемді әрі тиімді тетіктері қажет. Бір палаталы модель келісу рәсімдерін оңтайландырып, заң жобаларын қарау үдерісін жеделдетуге және заң шығару жұмысын барынша тікелей жүргізуге мүмкіндік береді.

Егер бұрын екі палаталы құрылым саяси жауапкершілікті түрлі институттар арасында бөлсе, бір палаталы Парламент жағдайында саяси партиялардың рөлі арта түседі. Партиялар азаматтардың мүддесін білдіретін, заңнамалық күн тәртібін қалыптастыратын және реформалардың жүзеге асырылуына бақылау жасайтын негізгі саяси институттардың біріне айналады.

Сонымен қатар мұндай модельдің экономикалық тиімділігі де бар. Қайталанатын құрылымдарды қысқарту мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануға және заң шығару жұмысының сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, партиялық жүйедегі өзгерістер мен парламенттік реформаны өзара байланысты үдерістер ретінде бағалаймын.

Олардың негізгі мақсаты – ХХІ ғасырдың жаңа сын-қатерлеріне тиімді жауап бере алатын заманауи, мобильді және жауапты саяси жүйе қалыптастыру.

Меруерт ЖАБАЕВА – қалалық мәслихат депутаты, «Ақ Жол» ҚДП мүшесі

Партиялар жауапкершілігі – халық сенімінің негізі

Мен, бұл өзгерістерді Қазақстанның саяси жүйесін дамыту мен жаңғырту бағытындағы маңызды қадам және демократиялық институттарды нығайту мен мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп білемін.

Кез келген реформа нақты нәтиже беру үшін белгілі бір уақытты қажет ететінін түсінген абзал. Дегенмен, қазіргі кезеңде партиялардың саяси үдерістегі рөлінің артуы, олардың мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысу мүмкіндіктерінің кеңеюі оң үрдіс деп санаймын. Әр партия өз әлеуетін толық жүзеге асырып, қоғамға нақты ұсыныстар мен шешімдер ұсына алатын, жетілген әрі бәсекелі саяси орта қалыптастыруға деген ұмтылысты оң бағалаймын.

Осы орайда партиялардың рөлі мен жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түседі деп ойлаймын. Егер бұрын партиялар көбіне сайлауға қатысатын саяси құрылым ретінде қабылданса, енді олар мемлекеттік саясатты қалыптастыруға белсенді араласатын маңызды институтқа айналуы тиіс.

Бұл партиялардан ел дамуының негізгі бағыттары бойынша сапалы әрі жан-жақты ұсыныстар әзірлеуді талап етеді әрі олар қоғамның сұраныстарына жауап беріп, азаматтардың мәселелерін саяси күн тәртібіне шығаруы қажет. «Ақ жол» партиясы осы жауапкершілікті қабылдауға дайын және бұл мүмкіндікті еліміздің игілігі үшін тиімді жұмыс істеудің жолы деп біледі.
Бұл өзгерістерді депутаттардың мәслихаттағы жұмысын күшейтуге мүмкіндік беретін маңызды қадам ретінде қабылдаймыз. Біз осы жауапкершілікті мойнымызға алып, мәслихаттардың өңірлерді дамытуға, тұрғындардың мәселелерін шешуге және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған тиімді құралға айналуына үлес қосуға дайынбыз.

Арман ИСМАИЛОВ – қалалық мәслихат депутаты, «Ауыл» партиясы» РҚБ мүшесі, М.Дулатұлы атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің ректоры

Әлеуметтік әділеттілік нығаюы тиіс

Жаңа партиялық жүйе жергілікті мәслихаттарда ашықтық пен бәсекелестікті арттырып, депутаттардың жауапкершілігін күшейтеді. Бұл – халықтың мүддесін тиімді қорғауға және демократиялық процесті жетілдіруге бағытталған маңызды өзгеріс.

Мұндай реформалардың басты артықшылығы – саяси бәсекелестіктің күшеюі. Егер партиялар арасында шынайы бәсеке қалыптасса, бұл мемлекеттік саясаттың сапасына тікелей әсер етеді. Себебі әр саяси күш қоғамның түрлі топтарының мүддесін қорғауға тырысады, ал бұл өз кезегінде шешім қабылдау үдерісін жан-жақты етеді. Сонымен қатар қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мен үшін бұл реформаның ең маңызды тұсы – әлеуметтік әділеттілікті нақты қамтамасыз ету. Яғни, заң алдындағы теңдік тек декларация түрінде емес, іс жүзінде жүзеге асуы тиіс.

Сонымен қатар, әр азаматтың дауысы естілуі маңызды. Бұл тек саяси ұран емес, нақты жұмыс істейтін кері байланыс тетіктері арқылы жүзеге асуы керек. Азаматтардың ұсыныстары мен мәселелері шешім қабылдау деңгейінде ескерілген жағдайда ғана реформаның мәні ашылады.

Сондай-ақ, тең мүмкіндіктер жасау – басты мақсаттардың бірі. Білім, денсаулық сақтау, еңбек нарығы сияқты салаларда барлық азаматтарға бірдей жағдай жасалса, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілік деңгейі артады.

Әсия ЮСУПОВА – қалалық мәслихат депутаты, «Respublica» партиясы» ҚБ мүшесі, «Аян-Озат» ЖШС директорының орынбасары

Халық үні – тиімді шешімдердің негізі

Мен үшін ең бастысы – кез келген өзгерістің ел тұрғындарына нақты пайда әкелуі, олардың өмір сапасын арттыруға бағытталуы. Саяси жүйені жетілдіру ғана емес, ең алдымен халықтың үнін есту, азаматтардан кері байланыс алу және ел тұрғындарының мүддесіне қызмет етуі маңызды. Сонымен қатар, бұл өзгерістер өңірлердің әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді деп сенемін. Себебі нақты қандай шешімдердің қажет екенін ең алдымен жергілікті жерлердегі тұрғындардың мәселелері көрсетеді.
Бүгінде партия – сайлауға қатысатын саяси ұйым ғана емес, халықпен тұрақты байланыс, нақты шешім іздеу және сол шешімдердің нәтижесі үшін жауап беруші.

«Respublica» партиясы үшін басты міндет – мәселелерді айтып қана қоймай, оларды шешудің нақты жолдарын ұсыну. Біз депутат халықпен ашық диалог жүргізіп, сайлаушылардың пікірін тыңдап, нақты нәтижеге бағытталған жұмыс атқаруы керек деп есептейміз.

Жаңа партиялық жүйе саяси бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді деген ойдамын. Салауатты саяси бәсекелестік әрдайым жаңа бастамалардың пайда болуына, сапалы шешімдердің қабылдануына және экономика, кәсіпкерлік пен өңірлердің одан әрі дамуына жағдай жасайды.

Мен әрдайым дұрыс шешімдер халықтың нақты сұраныстарынан туындайды деп есептеймін. Мәслихаттың міндеті – осы сұраныстарды тыңдау, талқылау және нақты нәтижеге жеткізу. Бұл үдеріске тұрғындар, бизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар бірлесіп қатысқан кезде сенім, ашықтық пайда болып, қалалардың мен ауылдардың тұрақты дамуына мүмкіндік артады.

Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суреттер жеке мұрағаттан

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.