Половниковта ауылдың болашағы үшін еңбектеніп жүрген ағайындылар

Ауылдың тағдыры кейде зәулім ғимараттардан немесе қағаз жүзіндегі ауқымды бағдарламалардан емес, туған жерге табан тіреп, нақты іске кіріскен азаматтардың жанашырлығынан өзгереді.

Қостанай ауданына қарасты Половниковка ауылында атамекеннің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп жүрген Олег Двоеглазов пен Максим Пономаревтің ісі — сөзіміздің айқын дәлелі. Ағайындылар үшін бұл жай ғана абаттандыру емес, өмірден өткен әкелерінен қалған қастерлі аманатқа адалдық және туған ел алдындағы перзенттік жауапкершілік.

Қара шаңырақтың тірегі, әке ісінің өлшемі

Әкелері Роман Пономарев өңірге танымал, еңбекқор жан еді. 1955 жылы әскерден оралған соң қарапайым механизатор болып жұмыс бастап, кейін бригадир, агроном, ақыры шаруашылық басшысы деңгейіне дейін көтеріледі. Өмірінің соңғы деміне дейін ауылдың тыныс-тіршілігімен тыныстаған ардақты әкенің бес жыл бұрын дүниеден өтуі отбасына ғана емес, бүкіл ауылға ауыр тиді.

Шаруашылықтың тізгінін ұстаған ағайындылар алғашқы жылдары үлкен жауапкершілік жүгін сезінді. Бүгінде ағасы Олег өндірістік жұмыстарды дөңгелетіп отырса, інісі Максим табыстың бір бөлігін ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттап келеді.

— Әкеміз өмірден өткеннен кейінгі алғашқы екі жыл бізге өте ауыр болды. Бұрын көптеген маңызды шешімді әкеміз қабылдайтын, жұмыс жүйелі жолға қойылған еді. Біздің басты мақсатымыз — сол қалыптасқан тәртіпті бұзбай, әке ісін лайықты жалғастыру болды, – дейді «Половниковское» ЖШС басшысы Олег Двоеглазов.

Ол 2003 жылы құрылыс саласынан ауылға әкесіне егін науқанына көмектесуге келіп, содан бері осы шаруашылықтың белді мүшесіне айналған. Ал інісі Максим Пономарев әскери қызметтен шаруашылыққа көшкелі алты жыл. Бүгінде ағайындылар ауылға көмектесу үшін міндетті түрде миллиондаған грант күтудің қажеті жоқ екенін, қарапайым халыққа қажетті жағдайды жасаудан-ақ үлкен игі іс басталатынын дәлелдеп жүр.

Саябақтағы «Бәйтерек» пен жергілікті шебердің қолтаңбасы

Ағайындылардың ауылды көркейтудегі алғашқы ауқымды қадамы — әкелері Роман Иванович Пономаревтің рухына арнап саябақ салу болды. Бұрын қараусыз, қараған басып жатқан аумақты ретке келтіріп, жасыл желекке айналдыру оңайға соққан жоқ. Қазір мұнда 350-ге жуық шырша бой көтеріп тұр. Алма бағын өсірудегі алғашқы қателіктер де ағайындыларды тоқтата алмады.

— Алғашқы жылы 200 алма ағашын отырғыздық, бірақ нәтиже болмады. Екінші жылы суаруды дұрыс ұйымдастыра алмай, көшеттер қурап қалды. Биыл үшінші рет тәуекел етіп, барлық жұмысты ғылыми нұсқаулыққа сай жасадық. Енді ғана ағаштар тамыр жайып, көктеп келеді, – дейді Максим қателіктен сабақ алудың маңыздылығын айтып.

Бүгінде бұл саябақ — ауыл тұрғындарының сүйікті демалыс орны. Мұнда балалар алаңы, заманауи жарықтандыру жүйесі бар. Ең қызығы, Максим дайын ойын алаңын 10 миллион теңгеге сырттан сатып алудан бас тартқан. Себебі — қаражаттың ауылда қалғанын қалаған. Жергілікті шеберге ақы төлеп, тапсырыс берген. Нәтижесінде саябақта Хан тағы, шағын Бәйтерек, салтанатты арка секілді ерекше мүсіндер пайда болды. Тіпті, ескі мәдениет үйінен қалған кіреберіс бөлігін бұзбай, заманауи сахнаға айналдырған. Қазір мұнда ауылдық концерттер өтеді.

Сонымен қатар, ағайындылар жазғы демалыста ауыл балаларын уақытша жұмыспен қамтып, оларды еңбекке баулиды: балалар шөп жұлып, аумақты тазалап, маңдай термен алғашқы табыстарын табады.

Жазғы демалыс бар, ал қыста жастар қайда барады?

Половниковкада жазғы демалыс мәселесі шешілгенімен, қысқы уақытта жастардың бас қосатын орны жоқ. Максим бұл мәселені де назардан тыс қалдырмай, ауылдағы бұрынғы дүкен ғимаратын сатып алып, қайта жөндеуді көздеп жүр. Оның мақсаты — ғимаратты теннис ойнайтын орынға, заманауи жаттығу залына және балаларға арналған интеллектуалды демалыс кеңістігіне айналдыру. Жастардың қыста көшеде қалмай, бильярд ойнап, уақытын тиімді өткізгенін қалайды. «Әзірге нысан мемлекет балансында, аукцион арқылы сатылымда белгіленген бағасы қымбат», — дейді ол.

Спортқа қолдау — болашақ чемпиондарға жол

Ауыл мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, әрі түлегі Әліби ағайындылардың спортқа жасаған қамқорлығын ерекше атап өтті. Алғаш күрес секциясы ашылғанда қажетті жабдықтарды алып берген де осы азаматтар. Сондай-ақ, ауыл балалары аудан, облыс орталықтарына жарыстарға барудан таршылық көрмейді. Мысалы, футболмен айналысатын жеткіншектердің жарыс шығындары үшін ай сайын «Половниковское» ЖШС иелері 40 мың теңге көлемінде тұрақты көмек көрсетіп тұрады. Бұл — ауыл балаларының үлкен спортқа қадам басуына жасалған шынайы мүмкіндік.

Жол, баспана және көлік: Инфрақұрылымдық дербес шешімдер

Ауылдың болашағы тек мектеппен ғана шектелмейді. Мұнда тұрақты жұмыс, баспана, жол және көлік қатынасының реттелуі де маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда Половниковкада көшелер толық жарықтандырылған, асфальт төселмеген тек екі-ақ көше қалған.

Тұрғындар мен студенттердің қалаға, аудан орталығына қатынауын жеңілдету үшін ағайындылар тағы бір дербес шешім қабылдады. Ауылдан Айсарыға қатынайтын және автобуспен келетін адамдарды, сондай-ақ белгіленген күндері студенттерді таситын арнайы көлік ұйымдастырған. Бұл жұмысқа жергілікті азаматты тартып, оған өз қалталарынан ай сайын 90 мың теңге еңбекақы төлеп отыр.

— Басқа амал болмаған соң, осындай шешім қабылдадық. Адамдардың қатынауы керек, студенттердің де ауылға келіп-кетуіне мүмкіндік болуы тиіс, – дейді олар.

Баспана мәселесінде де қолдау орасан. Ағайындылар ауылдағы бос қалған үйлерді бұзылып кетпеуі үшін сатып алып, резервте ұстайды. Кейін оларды жаңадан келген мамандарға немесе жұмысшыларға береді. Қазір шаруашылық балансында осындай 6 үй бар. Жақында ғана көшіп келген көпбалалы отбасының баспанасын жөндеуге де жәрдем берген. Қолдау бар жерде ауылға қызығушылық жоғары болары хақ. Содан болар екі жылда ауылға 5-6 шақты көпбалалы отбасы қоныс аударған.

Дегенмен, ағайындыларды тұрғындардың кейде мал ұстауға немесе көкөніс өсіруге құлықсыздығы алаңдатады. Олардың пікірінше, ауыл адамы өз мүмкіндігін пайдаланып, ең болмаса шағын шаруашылықпен айналысса, отбасының тұрмысы әлдеқайда жақсара түспек.

«Әркім өз ауылына аз да болса үлес қосса…»

Шаруашылық иелері ауыл үшін атқарып жүрген жұмыстарының ауқымы кең болғанымен, олар қоғамдық бастамаларға тұрғындардың белсенді қатысуы жеткіліксіз екенін жасырмайды. Сенбілік жариялағанда көбіне зейнеткерлер мен балалардың ғана келетіні қынжылтады.

— Ауылды көркейту — бәрімізге ортақ іс. Бір күні біреу қоршауды бояса, келесі күні екіншісі басқа жұмысқа көмектессе, көп нәрсені біртіндеп жасауға болады. Әрбір шаруа қожалығы, кәсіпкер немесе ауылда табыс тауып отырған азамат туған жерінің дамуына аз да болса үлес қосса, көптеген мәселені шешуге болар еді, — дейді Олег Двоеглазов.

Бұл ретте олар мемлекеттік қолдаудың да маңызын жоққа шығармайды. Су, газ, жарық, жол секілді базалық инфрақұрылымды мемлекет реттесе, әлеуметтік өмірге кәсіпкерлер дем беруі керек. Мәселен, Половниковкада жергілікті әкімдікпен бірлескен игі істер аз емес. Жақында Қарттар күніне орай ауыл әкімі өз қаражаты есебінен мал сойып, ақсақалдарға ас берсе, ағайындылар зейнеткерлерге сыйлықтар табыстаған.

Әке рухына арналған ас — ауылдың ортақ тойы

Роман Пономаревтің өмірден өткен күніне орай жыл сайын ас беру — бүгінде Половниковканың үлкен дәстүріне айналған. Шілде айының екінші аптасында өтетін бұл игі шара тек еске алу рәсімі емес, бүкіл ауылдың басын қосатын Ауыл күні мерекесімен ұштасып жатыр. Әке есімін ұлықтау — ол кісі өмір бойы тер төккен ортаны сақтап, дамытумен өлшенетінін ағайындылар іспен көрсетті.

Ауылды бір күнде өзгерту мүмкін емес. Сондықтан Олег пен Максим жыл сайын жаңа бір жоспарды қолға алып, біртіндеп алға жылжып келеді. Олардың тәжірибесі туған жерге деген шынайы махаббаттың сөзбен емес, нақты іспен өлшенетінін дәлелдеді. Ескі ғимараттарды сатып алып, жөндеп, одан асхана, наубайхана, азық-түлік дүкенін жасау, сөйтіп ауылдықтарды жұмыспен қамту, тұрғындарға деген қамқорлық болса керек.

Бүгін саябақтағы шыршалар бой көтеріп, балалар алаңында шат күлкі естіледі. Ертең мұнда жаңа бақтар жайқалып, жастардың қысқы орталығы да бой көтерері анық. Ең бастысы — осы оң өзгерістердің артында әке аманатына адал, туған жердің ертеңіне бейжай қарамайтын азаматтардың апталдай еңбегі тұр.

Половниковка ауылында бүгінде көшелер жарықтандырылған, асфальт төселмеген тек екі-ақ көше қалған. Мұның бәрі — мемлекет пен туған жерін сүйген жеке азаматтардың серіктестігінен туған берекелі істер. 110 аула, 480-ге жуық тұрғын бар. Ауылдың болашағын ойлаған ағайындыларды мазалайтын үлкен бір мәселе ол — мектептің тағдыры. Қазір білім ордасында 11 сыныптық жүйе сақталған. Бірақ оқушы саны азайса, мектеп мәртебесі қысқаруы мүмкін.

— Мектептің қысқаруы ауыл үшін үлкен соққы болады. Егер 11 сынып қалмаса, отбасылар бала болашағы үшін қалаға көшуге мәжбүр болады, жұмыс орындары да қысқарады, бұл ауылдың қаңсып қалуына әкеледі, – деп қауіптенеді олар.

Өз балалары бұл мектепте оқымаса да, Олег пен Максим білім ошағының шаруашылығына, яғни қар тазалау, септик тазарту, жөндеу жұмыстарына үнемі жәрдемдесіп тұрады. Тіпті, әкелерінің құрметіне мектептен заманауи робототехника кабинетін ашып, барлық конструкторлармен жабдықтаған. Бүгінде ауыл балалары облыстық жарыстардан жүлделі орындармен оралып жүр. Ол туралы басылымның алдағы сандарынан оқи аласыздар.

Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.