Қалада алғашқы қазақтілді куиз ойындарын 2023 жылы Марғұлан Бәкір «BasTime» атауымен бастаған болатын. Сол ойындарға тұрақты қатысып жүрген «Қостанай таңы» газетінің тілшілері кейін өз жобасын қолға алуды ұйғарады.
Осылайша облыста «Qosta quiz» деген атаумен жаңа зияткерлік жоба пайда болды. Идея авторларының бірі, «Қостанай таңы» газетінің бас редакторының орынбасары Аслан Қанғожиннің айтуынша, бастама бірнеше жылдық ойын тәжірибесінен кейін пісіп-жетілген.
– Командада ойнап жүріп, «Неге ана тіліміздегі куизді жандандырмасқа?» деген ой туды. Қазақ тіліндегі жалғыз облыстық газет ретінде осы бағытқа үлес қосу мақсатында Қасқырбай Қойшымановпен бірге идеяны қолға алдық. Кейін қатарымызға Жандос Жүсіпбек пен Балауса Жүніс қосылды. Балауса бұл ойынның техникалық жағына жауап беретін болды, ал үшеуіміз ойын сұрақтарын әзірледік, – дейді Аслан Жақсылықұлы.

«Qosta quiz-дің» алғашқы ойыны өткен жылдың қаңтарында өтті. Оған 10 шақты команда қатысып, ой ұшқырлығы мен білімдерін сынға салды. Бірінші бәйгенің қорытындысы бойынша журналистер мен филологтардан құралған «Хазірет» командасы топ жарды.
– Алғашқы ойындардан-ақ «Хазірет» алғырлығымен көзге түсті, жеңісті ешкімге оңайлықпен бере қоймайтын. Басқа ойыншылардың қызығушылығы төмендеп кетпесін деген оймен топ мүшелеріне жеке-жеке команда құруды ұсындық. Осылайша «Азамат», «18+» секілді жаңа құрам пайда болды. Қазір «18+» келесі кездесуге «Таза Қазақстан» атауымен қатысуды жоспарлап отыр. Ал «Достық даңғылынан» «Көкалат» командасы бөлініп шықты. Бұл ойынның дамуына, бәсекенің қыза түсуіне оң әсер етті, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Былтыр жоба аясында 11 ойын өткізілді. Жыл қорытындысы бойынша жалпы есепте «Көкалат» үздік команда атанды. Тұрақты қатысушылардың қатарында «Хазірет», «Достық даңғылы», «Асылтас», «Көкалат» болды. Зияткерлік ойынға Қостанай қаласының тұрғындары ғана емес, өзге өңірлерден де қызығатындар бар. Рудный қаласынан арнайы куиз үшін келетін ойыншылар да белсенділік танытып келеді.
Жеңімпаз команданың капитаны әрі осы топты құрушы, ақын Абылай Маудановтың айтуынша, куиз – тек ойын емес, білім мен ой-өрісті шыңдайтын орта.

– Интеллектуалды ойынға ешкім ермек үшін келмейді. Оның өз «азарты» бар. Оны сезінбеген жан екінші қайтып жүрегі дауаламайды. Сол үшін қатысып жүрген командалардың бәрін бағалаймын. Куизге қатысу уақыт өткізудің ғана тәсілі емес. Миың жаттығып, логикалық ойлау, есте сақтау қабілетіңді күшейтеді. Білмегеніңді білесің, ұмытқаныңды еске түсіресің. Тез шешім қабылдап, шектеулі уақыт ішінде дұрыс жауапты табуды үйретеді. Қиын сұрақтың жауабын тапқандағы ләззәтті сезінудің өзі неге тұрады?! Салауатты бәсекеге түскен адам озса да жеңімпаз, қалса да жеңімпаз, – дейді «Көкалаттың» капитаны.
Әр сұрақ – жаңа ізденіс
«Qosta quiz» тарих, әдебиет, кино, география мен логикаға қатысты бірнеше турдан тұрады. Ойынның тұрақты бөлімдерінің бірі – өңіріміздің тарихы мен танымал тұлғаларына, мәдени мұраларына арналған «Қостанай таңы» туры. Сонымен қатар елді мекендерге қатысты «Қалаларға қалай қарайсың?», логикалық «Қисынын тап», киносүйер қауымға арналған «Тақиялы періште», сондай-ақ «Факт немесе фейк» пен «Құпия қорап» атты кезеңдері бар.
– Qosta Quiz-дің басты ерекшелігі – сұрақтардың Қостанай өңіріне, қазақи дүниетанымға қатысты болуы. Ал мүлде бейтаныс тақырыптар көп болса, адамның қызығушылығы да төмендейді. Жауабын команда болып іздеп, талқылаудың өзі өте қызық. Әсіресе логикаға негізделген «Қисынын тап» турын ерекше жақсы көремін. Мұндай жобалар күнделікті күйбең тірліктен бір сәт серпіліп, ойлау қабілетін шыңдауға мүмкіндік береді. Түрлі сала мамандары көбірек қатысып, жоба кеңінен насихатталса, қазақтілді интеллектуалдық ортаның да аясы кеңейе түсер еді, – деп есептейді «Асылтас» командасының мүшесі Арай Исмағұлова.
Жоба авторларының айтуынша, ойыншылар қазақтың тарихы, әдебиеті мен мәдениетімен байланысты сұрақтардың көбірек болғанын қалайды. Сондықтан ұйымдастырушылар ұдайы ұлттық танымға негізделген тапсырмаларды арттыруға тырысады.

– Бұл жобаға қызығатындар аз емес, алайда көбі «жауап бере алмай қаламын» деп қорқады. Керісінше келіп көруге шақырамыз. Ойынның басты жетістігі – жеңімпаздарды анықтау емес, қазақтілді зияткерлік қауымдастық қалыптастыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге де үлес қосу. Өйткені білім бәйгесінде жеңілген адам болмайды, – дейді жоба бастамашылары.
«Qosta quiz-ге» қатысу үшін жасқа да, мамандыққа да шектеу қойылмайды. Зияткерлік додаға студенттер мен ұстаздар, журналистер, ақындар, мемлекеттік қызметкерлер мен түрлі сала өкілдері қатысып келеді. Ойыншылардың басым бөлігі 30-40 жас аралығында болғанымен, елуден асқан тұрақты қатысушылар да бар. Ұстаздар ұжымынан құрылған «Азамат» тобының мүшесі Азамат Ғабиденұлының ойынша, «Qosta quiz» білім жарысы ғана емес, қазақтілді ортаны қалыптастыратын алаң.
– Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Ендігі тілегіміз – жобаға қолдау білдіретін серіктестер көбейіп, қатысушылар қатары арта түссе екен. Сондай-ақ ойындар тұрақты маусымдық форматта – қысқы, көктемгі, жазғы, күзгі кезеңдер бойынша ұйымдастырылса, қызығушылық одан әрі артар еді. Әр команда өз ұсынысын айтып, жобаның дамуына үлес қосса деген ой бар, – дейді тұрақты қатысушы.

Жобаны қолға алған кезде бастама авторлары ойын өткізетін орын табу, демеуші іздеу, қатысушылар санын арттыру секілді қиындықтар болғанын айтады. Қазақ тіліндегі жобаға сенімсіздік танытқандар да кездескен. Дегенмен уақыт өте келе бастама өз қолдаушыларын тапты. Бастапқыда «Тобыл» футбол командасы, Нұркелген Өтеулин сынды кәсіпкерлер демеушілік танытса, бүгінде «Alpamys Group» құрылыс компаниясы қолдау көрсетуде.
«Qosta quiz» – бүгінде жай ойын емес. Ол кітап оқитын, ізденетін, пікір алмасатын адамдардың басын қосатын алаңға айналып келеді. Ұйымдастырушылар ендігі мақсат – қатысушылар санын арттырып, қазақ тіліндегі интеллектуалды ортаны одан әрі кеңейту дейді.
Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суретті ұсынған
«Qosta quiz» авторлары
