Біздің Қостанай Социум

Республикалық байқауда топ жарған Сезімхан Жардыханұлы туралы

Мен кейіпкерімді алғаш рет Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде ұйымдастырылған бата беру жарысында көрдім. Әрине, оның алдында есімін айтыскерлік қабілетін халық мойындаған дарынды ініміз Шұғайыптан естідім.

Қиындықта шыңдалған азамат

Әңгіме арқауына айналған Сезімхан Жардыханұлы сол өңірлік байқауда кез-келген адамға қона бермейтін шешендік өнерімен, тапқырлығымен дараланып, жұртшылықтың назарын бірден өзіне аударды. Үстіндегі киімі де өзіне ерекше жарасып, дараландырды.

Арнайы құрылған әділқазылар алқасы оған бірауыздан жоғары баға беріп, тиісті деңгейде марапаттады. Сөйтіп, күллі түркі дүниесінің рухани ордасы Түркістанда өтетін байқауға жолдама берілді.

Ол онда да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен батагөй ақсақалдардың арасындағы II республикалық «Ақ бата» сайысында да алдына жан салмады. Сөйтіп, арнайы диплом мен сертификатқа ие болды.

Содан кейін онымен жолығып, оңаша әңгімелесіп, жан дүниесіне үңілуге асықтық. Сезімхан ағаның ғұмыр кешіп жатқан Қостанай ауданына қарасты Мәскеу ауылындағы шаңырағына атбасын бұрдық.

Бұл елді қоныс облыс орталығынан оншалықты алыс емес. Ол бір ұлы Парасаттың жанұясымен бірге тұрып жатыр екен. Ақжарқын мінезді ағамыз бізді жылы жүзбен қарсы алды. Өзі де жастайынан сөз өнерін қадір тұтатын азамат болған соң, сөзіміз де өте жарасты. Бір-бірімізді ежелден білетін кісілердей тез тіл табысып кеттік.

Сұхбат барысында оның өмір жолдарына да тоқталдық. Сезімхан ағаның өзіндік айтары да аз емес екен. Өзі бұл күндері жетпістің бел ортасынан асып қалды. Әңгімесінен түйгенім, 1949 жылы 19 мамырда Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы Цэнгэл ауданында сол өңірге танымал әулетте дүниеге келіпті.

Осы шаңырақтың иесі яғни, әкесі Жардыхан атамыз кәдімгі қаламгерлер өз шығармаларында жиі қолданатындай кәдімгі қос иығына екі кісі мінгендей алып денелі, алыстан көз тартатындай қажырлы да қайратты кісі болыпты. Оның кесек тұлғасын айналасындағы көзін көрген кісілер әлі күнге дейін жыр қылып айтатын көрінеді.

Аталмыш әулеттің берекесі мен ынтымағын нығайтқан анасы Қарашаш болса, отағасының қолдаушысы, қазақтың барлық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жоғары қоятын әрі қолынан келгенше оны дәріптеген аяулы жан-ды. Бәлкім алыстан келген ағайындармен дидарласып, пікірлескен бауырларымыз байқаған да болар, Моңғолияда өскен отбасыларындағы ерлі-зайыптылардың арасында ұлттық құндылықтарымызды білмейтіні әрі қолынан келмейтіні жоқ. Жардыхан атамыз бен Қарашаш апамыз да сондай ардақты да, ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан жәдігерлерімізді насихаттаушылардың қатарынан-тын.

Сезімхан бауырымыздың айтуы бойынша, жастайынан тағдыр бұларды маңдайынан сипап, еркелеткен жоқ. Жетімдік пен басқа да қиыншылықтарды бастан өткерді. Бұлай дейтін себебіміз, бұл қырқынан шықпай жатып, анасы дүниеден өтті. Ал әке орнына әке, шеше орнына шеше болған әкесі тоғыз жасында мәңгілік көз жұмды. Бұлар негізі бес ағайынды екен.

Өзінен үлкен ағасы Санах қажы өзінің кіндік қаны тамған өлкеде Құран сүрелерімен жанына дауа іздеген кісіге шипасын тигізіп, талай алдына үмітпен келген ағайындардың шынайы алғысына бөленді.

Ата-анасыз қалған ұл мен қыздардың сүйенетіні – өзінің адал еңбек, маңдай тері ғана. Оның үстіне мұндай тіршіліктің тауқыметін бастан кешкендер ерте есейеді. Өмірге бейім болып қалыптасады.

Өз қатарластарының алды болды

Қолымыздағы сенімді дерек пен дәйек көздеріне қарағанда, сұхбаттасым Сезімхан Жардыханұлы сонау 1958-1966 жылдары сауатын ашу мақсатында өзге құдастары секілді арнайы білім ордасының табалдырығын аттап, ұстаздардан дәріс алыпты. Өзінің таудай талабының арқасында замандастарынан кем қалған жоқ.

Содан сол маңдағы Қызылқайың жеті жылдық мектебін аяқтады. Он алты жасында ағасының орнына әскер қатарына алынды. Алғыр да алған бетінен қайтпайтын өжет бозбала онда да еті тірілігінің арқасында алдымен рота үгітшісі, содан кейін осындағы жастар ұйымының хатшылығына сайланды.

Әскерде жүріп өзінің бойындағы ұйымдастырушылық, табандылық, кездескен қиындықтарға мойымайтын жігерлілігінен де болар, небәрі 17 жасында сол кездегі үкіметтік Құрмет грамотасын алған кездері мұның жүрегінде өшпестей сақталып қалды.

Өзге елде туып, сол мемлекеттің заңдары мен талабын жетік меңгеріп, темірдей тәртіпке дағдыланған жалынды жас 1968 жылы

Ұланбатыр шаһарындағы офицерлер дайындайтын мектепке барлық сынақтардан сүрінбей өткен талапты жастардың қатарынан көрінді.

Қайда жүрсе де айрықша зерделілігімен көзге түскен ол көптің бірі болған жоқ. Әлгі оқу орнын да үздік тәмамдады. Алайда, сонау туған жерінде қалған жасы келген әжесіне алаңдады. Сөйтіп, әскердегі жұмысынан біржола босап, қайта оралуға тура келді.

Қайда болса да бірден өзіңнің жүрегің қалаған қызмет жалынан ұстата бермейтіндігі белгілі. Сондықтан аздаған кедергілерге де кездесті. Бірақ еш мұқалмады. Қайта қиындық адамды шыңдайды екен. Алайда, тепсе темір үзетін жігіттің өткен кезеңдердегі іскерлік қабілеттері елеңбей қалмады.

Сезімхан Жардыханұлының әскер қатарындағы жастармен жұмыс істеудегі белсенділігі мен қол жеткен табыстары, көшбасшылық қабілеті мен алған марапаттары ескеріліп, Моңғолия жастар орталық комитетінің Бас хатшысы бұған үлкен сенім артты. Сөйтіп, Сақсай ауданында жауапты қызметке алынды.

Сондағы жергілікті жастарды соңынан ерте және алда тұрған асқаралы міндеттерге жұмылдыра біліп, «Үкіметтік озат жастар ұйымы» дәрежесіне көтерді. Мұнда да басшылардың назарына түспей қалған жоқ. Батыл қадам, шебер шешім өз нәтижесін берді. Еңбегі жанып, «Жастар ұйымының озат қызметкері» төсбелгісін кеудесіне тақты.

Моңғолияның мәртебелі съезіне делегат болып сайланып, кез-келген замандастарының қолы жете бермейтін Мәскеу, Қызыл қалаларында болды. Қызметте әбден шыңдалып, өзінің қайраткерлік қырларын танытқан азамат уақыт өте бір аудандық кәсіподаққа төраға болып бекітілді. Мұнда да ерекше құрметке бөленіп, «Кәсіподақтың озат қызметкері» медалін иеленіп, бұған Чехословакияға демалуға жолдама берілді. Бұл да оның ғұмырындағы естен кетпес айшықты сәттердің бірінен саналады.

Бұдан кейін де ол сыртта жүрсе де, қазақ халқының намысын қолдан берген жоқ. Мәдениет үйі мен «Уужим» демалыс орнына басшылық етті. Омырауына тағылған «Мәдениет саласының озат қызметкері» медалі сол кезеңдердегі қажырлы еңбек пен тың ізденістерге берілген адал баға іспет-ті.

Замандасымыз 2009 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін жоғарыда аталған аудандық іс басқару орнында жауапты қызмет атқарды. Бірнеше рет депутат болып сайланып, халық қалаулысы атанды. Атамекенге 2018 жылы оралды. Мұндағы мақсат ұрпақтарының ана тілінде тиянақты білім алып, осы елдің толыққанды азаматтары атанып, ұрпақтарының қуанышы мен бақытын көру еді. Қазір сол арманына да қол жеткізді. Соған шүкіршілік етеді.

Өзім қасиетті шаңырағына арнайы барып, емен-жарқын сырласқан тұлғаның қалың жұртшылық біле бермейтін тағылымы мол қырлары да жеткілікті. Соның кейбіреулеріне тоқталып өткеніміз артық болмайтын секілді.

Оның бір қыры – айтыскерлік

Оның айтыскерлік өнерінің өзі бірнеше кітапқа өзек боларлықтай. Кейіпкерімнің ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан, тыңдаған жанның делебесін қоздырмай қоймайтын айтыс өнеріне деген қызығушылығы сонау сағымдай бұлдырап артта қалған балалық шақтан бастау алды. Ол ауыл аймақтағы түрлі басқосуларда суырыпсалмалығымен көзге түсті. Бұғанасы қата қоймаса да қағілез баланың дарынына ел сүйсінді. Одан келешекте нағыз жыр тұлпары шығатындығына кәміл сенді.

Ал 1970 жылдан үлкен сахналарға шығып, сол кезеңдердегі аймаққа белгілі тәжірибелі ақындар Сақаба, Тоқтамұрат, Зура, Егеухан, Күлтан секілді талантын ел жоғары бағалаған аға-апаларымен сөз сайысына түсіп, өзінің бойындағы тапқырлығымен, әуезді үнімен тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді.

Мұның бойындағы ерекше әрі ешкімге ұқсамайтын дара қабілетін өнер зерттеуші-ғалым Қабидаш Қалиасқарұлы өзінің «Айтыстың қыры мен қызметі» деп аталатын танымдық еңбегінде жан-жақты тоқталды. Ол Сезімханның бойындағы кейбір төкпе сөздері Ақтан, Иса Байзақов сынды атақты ақындардан кем түспейтіндігін атап өтті.

Қолымдағы нақты мәліметтерге сүйенетін болсам, ол он алты рет мәртебелі айтысқа қатысып, тоғыз рет алдыңғы жүлделі орындарды иеленген. Өткен жылдары аймақ әкімі Сарай дарындар арасында сайыстар ұйымдастырып, жеңімпаздарға лайықты жүлде тағайындады. Осындай нағыз мықтылар жүйріктігін танытар басқосуда Сезімхан ағамыз бес мәрте Бас жүлдені жеңіп алды.
Оның тағы бір қыры – бата берудегі өзіндік ерекшелігі мен даралығы. Ол: «Бата – дегеніміз адам баласының Алладан тілеген ақ тілегі» деген пікірде. Осы кезге дейін жұртшылыққа ой салып, өмірдегі салт-дәстүрімізге байланысты жиырма тақырыпқа бата жазыпты.

Қазірге дейін баспалардан өзінің төрт кітабы жарық көрді. Олар «Ұрпаққа өсиет», «Өмір толқыны», «Мақал – сөздің мәйегі», «Тапқыр болсаң, тауып көр» секілді танымдық рухани дүниелер. Алдағы уақытта «Баталы құл арымас» деп аталатын тың ізденістерден тұратын әрі жүрегін жарып шыққан баталары қамтылатын еңбегі дайындалып жатыр. Ол да алдағы кездері көзі ашық, көкірегі ояу, сөз құдіретін түсінетін бауырларымызға жол тартатын болады.

Мен Сезімхан Жардыханұлының әулетінде болған әңгіме барысында оның құдай қосқан қосағы Айгүл жеңгемізді де сөзге тарттым. Ол қолөнер шебері. Он саусағынан өнер тамған ісмер жан болып шықты.

-Отағасы нағыз өмірін өнерімен өрнектеген азамат. Моңғолияда жүргенде жастайынан қызметке араласты. Қайда болса да өзінің табандылығымен, халықтың мүддесін жоғары қоятын адамгершілігімен, жастарға қамқорлығымен ерекшеленді.

Екеуміздің бір шаңырақтың астында сыйластықпен ғұмыр кешіп келе жатқанымызға қырық жыл толды. Ол менің өмірдегі тірегім әрі сүйенішім. Ата-ана ретінде біз бірге он үш ұрпақ сүйдік. Қазір қырық немере, екі шөбереміз бар. Балаларымыздың ең кенжесі Сырымбет жоғары оқу орнында оқиды. Болашақ заңгер. Жас ақындар айтысында ерекше көзге түсті. Осы кезге дейін сегіз келін түсіріп, үш қызымызды құтты жеріне қондырдық.

Сезімхан ағамыздың бір ұлы Шұғайып та әке жолын қуды. Ол Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. «Алтын домбыраның» иегері. Атақты айтыс ақыны Бекарыс Шойбектің шәкірті. Өзі де осы өнердің хас шебері. Республикалық талай сайыстарда топ жарды. Бұл күндері Алматы қаласында тұрады. Зайыбы Еркегүл екеуі ұл перзенттеріне тәлімді-тәрбие беріп жатыр. Ол қазіргі таңда Жүрсін Ерманов басқаратын айтыс ақындары мен жыршы термешілердің Халықаралық Одағында жауапты қызмет атқарады.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет кейіпкерден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77