Біздің Қостанай

«Рухани жаңғыру»: Ата мен әже – қазақы тәрбиенің бастау бұлағы

Кемеңгер қариялардың тәлімді тәрбиесі келешек ұрпақ үшін маңызды

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Біздің Қостанай» газеті «Ата-баба тарихы» атты жобаны қолға алған болатын. Аталмыш жоба аясында біз газетімізде өңіріміздің көпке сыйлы, құрметті, артында қалған ұрпағына мол мұра қалдырған, өнегелі тәрбие берген қариялар жайында жазуды дәстүрге айналдырған едік.

Қазақ халқында әрбір отбасы ұрпақ тәрбиесіне зор мән береді. Ұлттық тәрбиені қалыптастыратын ата, әже, әке, ана мектептері арқылы халықтың салт – дәстүрлері, әдет – ғұрыптарына, ата-бабаларымыздың кәсібіне балаларды үздіксіз тәрбиелеу арқылы қол жеткізіп отырған. Аталарымыз табиғатпен етене өмір сүріп, үздік, тәрбиелік мәні зор әдістемелердің барлығын ұрпақ тәрбиелеу жолына бағыштаған. Ұлы бабаларымыздың бойынан қазақ халқының теңдесі жоқ бай қасиеттерін көруге болады.

Ата- бабаларымыз аталардың өсиет, нақыл сөздерін, әжелердің ертегісі мен аңыз, әңгімелерін, танымдық, ұлттық ойындарын, жұмбақ, жаңылтпаштарын  жаттап, естіп, үйреніп өскен. Мысалы, Ұлы ақын, ойшыл Абайдың жан-жақты дарын иесі болып қалыптасуына әжесі Зеренің әңгіме-ертегілері, әкесі Құнанбайдың кемеңгерлігі бала Абайдың жадына ұмытылмас әсер қалдырған. Ғасырлар тарихымызда мақтан тұтар ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлт тұтастығын сақтап қалған үлгі алар ұлы тұлғалар, ата-бабаларымыз аз болмаған. Бесік жырынан басталатын ерлікке, отансүйгіштікке  баулыйтын дәстүрлеріміз де бабаларымыздан қалып жалғасын табуда. Өсіп келе жатқан ұрпақта салт-сананы көру арқылы ата-бабасының қалдырып кеткен бай мұрасын бойына сіңіріп, жеке тұлға ретінде қалыптасып, отбасының бір мүшесі ретінде жауапкершілігін сезінеді. Балаға үлгі-өнеге көресету біздің бабаларымыздан қалған міндетіміз.

Осындай ұлтымыздың намысын сақтайтын, ел келешегі жолында аянбай еңбек ететін ұрпақ тәрбиелеп, көпке өнеге болған білімді де кемеңгер қарияларымыз жетерлік. Солардың бірі Көшербай Мұсағұлов десек қателеспеген болар едік. Көшербай Рахымұлы 1940 жылдың 12 мамырында Қостанай облысы, Төленгіт ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Бала кезде ата-анасына қолғабыс етіп, еңбекке ерте араласады. Ауылдағы кукуруз зауытында көп жыл  қатарынан механизатор болып жұмыс істейді. 55 жасында зейнетке шығып, үйдегі төрт түліктің қамымен айналысады. Қорадағы төрт түліктің тілін түсініп, мал басын көбейтетін мал шаруашылығының білгірі болады. Ауыл алтын бесік. Мұнда көрші көлем бір-бірімен бір үйдің адамдарындай араласап-құраласып жатады емес пе. Мұндай кездері  кеңпейілді, бауырмал, қонақжай Көшербай атай көршілерін қасына жинап, құдай қосқан қосағы Қайынжамал есімді әжейге дастархан жайғызып, тәтті шай ішіп, малдың өрістен қайтуын күтеді екен. Күнде таңның атысы мен қызарып күн батқанша ауылдың тірлігі бітпейді ғой. Осы уақыттарда көрші-көлем болып бір-бірінің қорасын тазартып, малдарын қосып, өріске жайып, кешке малды бір-бірінен бөліп алып бір тыным таппайды.

Көшербай атай мен Қайынжамал әжей 5 ұл, 1 қыз тәрбиелеген өнегелі жандар. Атамыздың өмірлік серігі Қайынжамал Хасенқызы Қорған облысының тумасы. Көшербай атай екеуі Балқожа ауылында балаларын тұмсұқтыға шоқытпай өсірген. Қайынжамал әжеміз өмір бақи балалардың тәрбиесі мен үй шаруашылығымен айналысып үйдің қамын жасаған.  Ұрпағының саналы да тәрбиелі болып қалыптасуы үшін әрдайым оларға ешкімнің ала жібін аттама, ешкімге кесіріңді тигізбе, ұрлық-қарлық жасама, ешкімге әлімжеттік көрсет пе деп әрдайым өнегелі сөздерін айтып отырды. Осындай тағылымды тәрбие алған балалары өсіп-өніп, әр қайсысы өз алдына шаңырақ құрып, ата-анасына қолқанат бола білді. Көшербай ата мен Қайынжамал әжеміз 6 баладан 12 немере, 15 шөбере сүйді.

Баладан немере тәтті деп жүргенде, немереден шөберенің тәтті екенін сезінді. Шөберелерін ойнатып, тәтті тілдерінен шыққан сөздерін қызықтап, тәй-тәй басқанын көріп қатты қуанып өмірлерінің мәнді де сәнді өткенінен тәубе етті.

Қарапайым отбасының осындай бақытқа кенелуіне не жетсін. Балаң тәрбиелі, немерең үлгілі, шөберең балдай тәтті болса, одан басқа арман, мақсат бар ма. Қазақтың қариялары өмірінің соңында осындай үлгілі отбасының тірегі болып, тамырын тереңге тартқан бәйтерек сынды ортасында жайқалып отыруды армандайды емес пе. Бұл жолда Көшербай атамыз ата-бабадан қалған ізбен жүріп, өз жолында адаспай, салықалы да білімді, тәрбиелі ұрпақ өрбіте білді. Балаларының жеткен жетістіктеріне қуанып, өмірінің соңына дейін ақылын айтып отырды. Осынау ата-бабамыздан қалған тәрбиені балаларына мұрат еткен өнегелі қарттарымыздың бірі Көшербай атамыз былтыр 3 наурызда дүниеден өтті.  Өмірі мәнді де мағыналы болды. Ұрпағының қызығын көрді, адам болып өмірге келіп, адам болып өмірден қайтты. Бұл кісінің ғұмырын газеттің бір бетіне жазып сыйғызу мүмкін емес. Ал Қайынжамал әжеміз ұрпағының ортасында аман-есен жүріп жатыр. Немерелері мен шөберелеріне ертек айтып, өмірден өтіп кеткен аталарының өмірі жайында естеліктерімен бөлісіп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік үлесін қосып отырған көпке сыйлы ана. Оның күнделікті айтатын тағылымдарын немерелері асыға күтеді. Күнде сабақтан келіп, әжесіне күнделіктерін көрсетіп, жақсы баға үшін еркелеп ақша сұрайды. Мұндайда жаулығының ұшына тығып қойған зейнетақсын алып, қолдарына ұстатады. Осыдан кейін шөберелері әжелеріне рахмет айтып, оның бетінен сүйеді. Қарт анаға бұдан басқа бақыт бар ма? Қатты қуанады, қуаныштан көзіне жас алады.

Осы ретте Алланың берген өмірін барынша мәнді өткізген атасын немересі Айбике Қазыбаева былайша еске алады.

-Атам өте салмақты кісі еді. Ақырын жүріп анық басатын, өте білімді жан. Менің әкеме де бала кезден саналы тәрбие берді. Әкеме қарап, оның бала кезден қандай тәрбие алғанын білуге болады. Атам 5 ұл тәрбиелеу оңай емес деп айтып отыратын. Әсіресе, ұлдың тәрбиесінде әкенің алар орны ерекше ғой. Сондықтан атамыз ұлдарына тағылымды тәрбие берді. Олардың әрдайым түзу жолмен жүріп, әулеттің беделін сақтауын талап етті. Менің әкемде оның басқа бауырлары да бұл жолдан тайған емес. Әкемнің алдында ұят болады деп намысқа тырысты. Сол бойы өздері де жақсы қасиеттерді бойларына сіңірді. Шаңырақ құрып, ұрпақ жалғастырды.

Атамның өмірден кеткеніне көп болған жоқ. Ол кісінің ортамызда қарайып отырғанына бәрімізде үйреніп қалдық. Былтыр көз жұмған көкірегі шежіреге толы атамды сағынамын. Оның ақырын сөйлеп, қалымды сұрайтын кездерін аңсаймын,-дейді.

«Жеті атасын білген, жеті жұрттың қамын жер» дегендей, Көшербай атай өзінің жеті атасын жаңылмай айтқан шежірелі қарттардың бірі. Ол бала кезден шежіре жаттап өскен екен. Өсе-келе шежіреге ерекше ден қойып, тереңнен зерттей бастайды. Қандай рудың қай тайпадан тарайтынын, кез-келген жанның руын, шыққан тайпасын тауып беретін болған. Көшербай атай көп оқыған, әрдайым білімін жетілдіріп отырған. Әсіресе данышпан Абайдың өлеңдерін үзбей оқыған екен. Ол әр оқыған өлеңінің астарында қандай мағына жатқанын немерелері мен шөберелеріне айтып отырған. Сөздің мағынасына, астарына зер салған.

Міне, атаның өнегелі өмірі ұрпаққа мың жылдық азық деген осы болар. Шыққан әулетің текті болса, ол адамның бойынан бірден білінеді. Өйткені, атаның берген тәрбиесін ешкім бере алмайды.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Сурет отбасылық альбомнан алынды

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77