Костанай и костанайцы

«Сәнді дәстүр» тігін студиясын ашқан тігінші өз ісінің шыр айналдырып отыр

Тұтынушыларға сапалы дүние ұсынуды қолға алған Динара Аралбаева жайында

Елімізде жеке кәсібін ашып, жаңа жұмыс орындарын қалыптастырамын деген жанға әрдайым қолдау бар. Ең бастысы ашқалы отырған кәсібінің маңыздылығын дәлелдеп, арнайы бизнес жоспарын қорғап шықса болғаны. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан қолдау тауып, жеке кәсібін дөңгелетіп отырған жандар көп. Солардың бірі менің кейіпкерім көп балалы ана Динара Аралбаева.

Динара Мұхамеджанқызы Ұзынкөл ауданы Белоглина ауылында дүниеге келген. Осында орта мектепті тәмамдап, Қостанай қаласындағы экономикалық колледжінде экономист мамандығы бойынша білім алады. Отбасындағы үш қыздың кенжесі. Әкесі Мұхамеджан көлік жүргізушісі, ал анасы Ұлболсын қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болған.

Экономист мамандығын игерген Динара жеке кәсіпкер болуды ұйғарады. Осы мақсатта бизнес жоспар құрып, 2019 жылы 505 мың көлемінде мемлекеттік грантқа ие болып, облыс орталығында шағын тігін ательесін ашады. Онда арнайы тапсырыспен киім-кешек, көрпе-жастық және басқа да дүниелер тігумен айналысып, жеке кәсібін бастап кетеді.

Осы істі шыр айналдырып, табыс тауып 2020 жылы мемлекеттік грант ұтып алу үшін жаңаша бизнес жоспар құрып, конкурсқа қатысады. Бұл жерден ол мемлекет тарапынан бөлінген 4 млн 400 мың теңгенің грантын ұтып алады.

Осындай қомақты қаржыға қол жеткізгеннен кейін үлкен ғимаратта «Сәнді дәстүр» деп аталатын тігін студиясын ашады. Мұнда 7 заманауи тігін машынасын сатып алады. Сонымен қатар бір «Лазерный» стоног және «Стигалная» машинасын алады. Бұл құрылғылар тігіннің ең қиын түрін де орындайды екен. Мұнда қазір екі тігінші жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ жаңадан келіп, тігіншіліктің қыр-сырын үйреніп, болашақта осында жұмыс істеуді көздеп отырған бір жас маман бар.

-Мен тігіншілікті әжем Нағимадан үйрендім. Ол кісі он саусағынан өнер тамған кісі. Бала кезімде әжемнің қолынан шыққан дүниеге көрші-көлем, туған-туыс үлкен қызығушылық танытып жататыны әлі есімде. 6-шы сыныпта оқып жүргенде тігін тігуге аңсарым ауып, әжеме өзінің тігін машинасын маған үйретуін өтіндім. Ол бірден, қуана келісті. Өйткені, өзі жасы жеткен кезде тігінді бір қоярын білді. Сондай-ақ немересінің өзі сияқты тігінмен айналысқанын қалаған болар деп ойлаймын.

Сөйтіп, алғаш рет әжеме көйлек тігіп бергенім есімде. Содан кейін құрақ көрпе, терезе перде тіктім. Уақыт өте қолым тігінге машықтанып, көрпе тыс, жастық, дорба, шабадан тіге бастадым.

Ал тігіншілік жеке кәсібімді бастар кезде қысқа мерзімді курстарда Ал тігіншілік жеке кәсібімді бастар кезде қысқа мерзімді курстарда білім алдым. Олардың да көмегі зор болды.

Бүгінде біздің тігін студиямызға қала дүкендерінен өздеріне лайықты киім таба алмаған жандар ғаламтордан көрген киім үлгісімен өздері әкелген матамен киім тігіп беруге тапсырыс беріп жатады. Бір көйлек тігудің құны 5000-12000 теңге аралығында болады. Қолымыздан шыққан дүниелер өте әдемі болып келеді. Тапсырыс берушілер әрдайым алғыстарын білдіріп жатады, – дейді ол.

Он саусағы майысып, тігін тігу кез-келгеннің қолынан келе беретін іс емес. Ондай жандарды шебер деп берек атамасы керек. Ол бәріне бірдей беріле бермейді. «Шебердің қолы ортақ» деп те жатамыз. Бұл ұғым оның қолынан шыққан дүниенің көптеген жандарға қуаныш сыйлайтынын білдірсе керек.

-Мен Ресей елінен матаны да, жіпті де арнайы тапсырыспен алдырамын. Өйткені, сапасына көңілім толады. Сондай-ақ қазір халық жоғары сапаны, сәнді үлгіні қалайды ғой. Сол жоғары деңгейді біз де халыққа ұсынып отыруды жөн көреміз. Ресейден алынған маталармен көлек, көрпе, жастық тыстар тігіп, дайын күйінде сатамын. Өзіміз тіккен дүниені сататын арнайы орнымыз болмаса да, тігін студиясына келген жандарға ұсынсақ бірден сатып алып кетеді. Өйткені, біздің қолымыздан шыққан дүниелердің тігісі әдемі, матасы сапалы.

Халыққа қандай қызмет ұсынсаң да жоғары сапаны ұсыну керек. Мысалы, тамақ пісіріп сатса да, киім тігіп берсе де сапа жоғары болуы керек. Мен мұны берік ұстанамын, – дейді кәсіпкер.

Қазіргі таңда олар келушілерден тапсырыстың барлық түрін қабылдайды. Қалыңдықтарға қалыңдық көйлегін тіккен кездері де болыпты. Қазақы көйлек, қамзол, сәукеле осының бәрі осы тігін студиясында тігіледі. Той бастар, құдағи дорба, шабаданның түр-түрін тігеді. Тек сізге керегін және ұнағанын көрсетсеңіз болғаны.

Тігіншілік қызметін жоғары деңгейде дамытып отырған Динараның алға қойған мақсаты да айқын. Ол болашақта ірі тапсырыспен жұмыс істегісі келеді. Мемлекеттік тапсырысқа қатысып, тендр ұтуды армандайды. Мұндай үлкен тапсырысты орындауға қолындағы құралдары толық лайықты және жеткілікті деп ойлайды. Осы мақсатта алда мемлекеттік тендрге қатысуды жоспарлап отыр.

Талаптанып, алға мақсат қойған жанға біз де сәттілік тіледік. Жеке кәсібін шыр айналдырып, болашақта оны одан әрі дамытуды көздеп отырған талабы таудай осынай нәзік жанға таңдана қарадық. Еңбекқор жанға мүмкін емес нәрсе жоқ. Тек істесем деген ниет болса болғаны.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77