Біздің Қостанай

Саялы бәйтерегіміз еді

Дәулескер күйші Назымбек Молдахметовтың қарындастарының жан сыры

Сынаптай сырғып өтіп жатқан уақыт-ай десеңізші. Кеше ғана арамызда күндей жарқырап жүрген ұлтымыздың марқасқа жігіті, өнерде өзінің өшпес ізін қалдырған Назымбек Молдабекұлының дүниеден өткеніне де алдағы шілде айында жыл толады.

Осы кезең оның бауырларына, тай құлындай тебісіп өскен қимас достарына, жалпы айрандай ұйыған отбасына оңай соққан жоқ. Мына тіршілікте тірі кезімізде бір-біріміздің қадірімізді біле бермейміз. Алайда «Тау алыстаған сайын биіктей береді» демекші, мерзім өткен сайын көрнекті тұлғаның жүріс-тұрысы, адамгершілік қырлары мен сырлары айқындай түсіп, сағынамыз, оның орнын ешкім де толтыра алмайтынына көзіміз жетеді.

Ұлттық өнеріміздің майталманы Назымбек өте бауырмал, қарындастарын гүлдей аялап, олардың өмірден өз орындарын табуына ағалық ақыл-кеңесін аямаған асыл азамат еді. Төменде оның көзінің ағы мен қарасындай болған аяулы қарындастары домбырашы Айгүл, қобызшы Назгүл, филолог Меруерт, психолог Гауһардың ой-толғамдарын беріп отырмыз.

Айгүл:

– Өтіп бара жатқан бір жыл біз үшін шын мәнінде жеңіл соқпады. Қатты қайғырдық, ағамыздың енді арамызға қайта оралмайтындығына көзіміз жеткендей. Ол қарындастарына саялы бәйтерек, асқар тау болды десем қателеспес едім.

Ата-анамыздан кейінгі бізге қамқорлық танытып, үлкен өмірге жолдама беріп, бағыт-бағдар көрсеткен тұлға ретінде жадымызда мәңгілік сақталып қалады.

Кішкентайымыздан бізді еркелетіп, бауыры ретінде өз қатарларымыздан қалмай білім алуымызға, тәуелсіз еліміздің нағыз тірегі боларлық тұлға болып қалыптасуымызға айтарлықтай еңбек сіңірді. Баршаға мәлім, ол мәдениетімізді өркендетуге өз қолтаңбасын қалдырды.

Менің қазақтың ұлттық аспабы домбыраны еркін меңгеріп, ата-бабамыздан келе жатқан күй өнерін үйреніп, шеберлігімді шыңдауға қайталанбас тұлғаның қосқан үлесі мол.

Ерекше мақтанышпен айтарым, Назымбек ағам – өнердегі алғашқы ұстазым. Ол менің бойымдағы қабілетті ерте байқады, соны үнемі жетілдіріп, жоғары оқу орнын бітіргенімше қолдады.

Егер мен бұл күндері Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда бір кісідей қызмет атқарып, ұлттық мәдениетімізді дамытуға қарлығаштың қанатымен су сепкендей үлес қосып жатсам, оның бәрі де ардақты жанның еңбегі, сол кісінің тәрбиесі мен тағлымы деп есептеймін.

Енді менің алдыма қойған мақсатым – ағамның бойыма сіңірген еңбегін кәсіби тұрғыда үлкен сахналарда көрсетіп, сенімін ақтау. Оның жарқын бейнесі әулетіміздегі барша бауырларының жадында мәңгілік сақталады.

Назгүл:

– Назымбек ағам туралы әңгіме болса, сонау сағымдай болып бұлдырап артта қалған бақытты балалық шаққа еріксіз саяхат жасауға тура келеді.

Осы қайталанбас шақ Арқалық қаласына жақын орналасқан киелі де құтты мекен – Қайыңды ауылында өтті. Ағам қарындастарының бәрін де ерекше жақсы көрді. Өзімді бірінші сыныпқа қолымнан жетелеп апарғаны әлі күнге дейін есімде. Ол маған: «Назгүл, сен білім ордасының табалдырығын аттадың, бәрімізді ұятқа қалдырма, жақсы оқы, әкеңнің ғана емес, тұтастай ұлтыңның қызы бол», – дейтін.

Ал, үйде қыз балаға тән иба, әдепті сақтауымызға, шашымызды өріп, таза жүруімізге айрықша назар аударатын. Соған дағдыланып, қалай бойжеткенімізді білмей қалдық.

Бәлкім зиялы қауымның есінде болар. Ол консерваторияға түспес бұрын Арқалық музыкалық училищесін тәмамдады. Менің ежелден мирас болып қалған ұлттық аспабымыздың бірі – қобызға деген құштарлығымды сезіп, аталған оқу орнына баруыма тікелей себепші болды.

Қазір бір сәт ойланып көрсем, алдыңда осындай асқар таудай ағамның болғаны қандай ғанибет десеңізші! Оның «қарындасым, қарлығашым» деп маңдайымыздан сүйіп, еркелеткенінің өзі шын бақыт екен ғой. Сол жағы жетпейді.

Осындай тілекші жанның арқасында училищеден соң облыс орталығына келіп, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің музыка факультетінде оқуымды одан әрі жалғастырдым. Ұстаздан жолым болды. Сәуле Маманова менің тек тәлімгерім ғана емес, қазіргі қызмет атқарып жатқан облыстық филармонияға қобызшы ретінде орналасуыма да тікелей септігін тигізді. Осындай білікті маманнан дәріс алғанымды өзгелерге үнемі айтып отырамын.

Былтырғы шілде айы әулетімізге өте ауыр соқты. Назымбек ағадан күтпеген жерден айрылып қалдық, оның орнын ешкім де толтыра алмасы белгілі. Жүрген жері той-думан еді. Енді қимас бауырымыздың жетпеген жасын ұрпақтарына берсін. Оның көрмеген қызығын жеңгеміз Жанат көрсін.

Меруерт:

– Ағамыз дүниеден өткелі баспасөз беттерінде қаншама естеліктер жазылды. Сондықтан жұртшылық көкеміздің шығармашылық қырлары мен өмірбаянына әбден қанық деп ойлаймын.

Мен оның адамгершілік, мейірбандылық, қайырымдылық қасиеттері жайлы тоқталғым келеді. Торғай өңіріндегі ағайындар бізді өсіп-өнген, өнер қонған шаңырақ деп үлгі тұтты.

Әкеміз Молдабек пен асыл анамыз Үкілай өз заманының үлгілі жанұяларының бірі болды. Олардың ғұмыры бізге ғибрат. Бәріміз кішкентаймыздан сол кісілерге еліктеп, адалдыққа, біреуге қиянат жасамауға тырыстық.

Өздеріңіз де білесіздер, тәрбиеде ата мен әженің ықпалы мол. Біз де мұны жастайымыздан жұдырықтай жүрегімізбен сезініп өстік. Отбасында үйелмелі-сүйелмелі он екі бала тәрбиелендік. Тіпті отбасылық ансамбль де құрдық. Бірқатар байқауларға қатыстық.

Әулетте әр баланың өз ерекшелігі, ата-анаға жақындығы, ешкімге ұқсамайтын қарым-қабілеті, кішіпейілдігі мен сезімталдығы болады емес пе? Өзім бұл сөзім арқылы өзге бауырларымды бөліп-жарып отырған жоқпын. Олардың бәрі де бұл күндері үйлі-баранды, қызметтерінде абыройлы, ұл мен қыз сүйіп, алды ата-әже болып отырған жайы бар.

Ал Назымбек аға біз үшін әрқашанда арқа сүйер тірегіміз болды. Анамыз осы ақ-сары ұлын ерекше жақсы көрді. Өзі ұзақ сырқаттан кейін дүниеден озар кезде оны жанына шақырып алып: «Қарағым, сен де енді жас емессің, менің жағдайымды көріп жүрсіңдер, ертең олай-бұлай болып кетсем, әлі аяққа тұрып кетпеген қарындастарыңа пана бол. Бауырларың өз қолдары ауыздарына жеткенше сенің қамқорлығыңа мұқтаж. Қыз баланың жолы жіңішке екендігін ұмытпа», – депті.

Назымбек аға Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны тәмамдап, Елубай Өмірзақов атындағы филармонияда өмірінің соңғы күндеріне дейін қызмет атқарып, тер төкті. Қатардағы күйшіліктен ұжым басшысына дейін өсті.

Алайда анасы Үкілайдың өзіне аманат ретінде қалдырған сөздерін өмірінде бойтұмардай ұстанды. Ғұмырлық серігі Жанат жеңгеміз екеуі қарындастары мен бауырларын қанатының астына алды. Олардың оқуына, қызметке орналасуына көңіл бөлді. Тіпті оларды ұясынан ұшырып, құтты орындарына қондырды. Олар қуанса қуанды, мұңайса бірге мұңайды.

Қарындастары балалы-шағалы әрі бақытты отбасы болған кезде қандай шаттыққа бөленгенін тілмен айтып жеткізе алмаймыз. Жиендері де оны ерекше сыйлады, құрметтегені соншалықты, оны «Ағаби» деп атап та кетті. Қазіргі таңда қарындастарының ұрпақтары да нағашыларының ізін жалғастырып, өнер жолында биіктен көрінуге талпыныс жасап жатқаны қуантады.

Өзі тұғырлы тірегіміз, саялы бәйтерегіміз болды. Оны біз ешқашан ұмытпаймыз. Жарқын жүзіңіз біздің көз алдымызда. Қарындастарыңызды әрдайым аруағыңыз желеп-жебеп жүрсін.

Гауһар:

– Өнер адамы жан-жақты болады емес пе? Назымбек ағамыз өте талғампаз еді. Ол бізге әрдайым: «Адам баласының тек сыртқы келбеті ғана емес, жан дүниесі де сұлу болуы керек. Оның әрбір сөзінен, пайым-парасатынан ішкі мәдениеті сезіліп тұрады. Көпшілік ортада өзіңді жақсы ұстасаң, сенің оқып-тоқығаның айқын сезілетіндігін ұмытпаңдар», деп айтып отыратын.

Осы айтылғандарды біз үнемі ұстанып келеміз. Уақыт өткен сайын бұл пікірлердің бәрі де өмірлік тәжірибеден алынғанына көзіміз жетуде. Мұндай сөздер шын мәнінде бауырларға деген жанашырлықтан туатындығын ұққандаймыз.

Содан кейін біздің есімізде қалғаны кім болсын тіршілікте өз еңбегіне, ақылына сүйенгені абзал. Басыңа іс түскенде қиындықтан өзіңе деген сенімің ғана алып шығады дейтін.

Ол өнердің жолы ауыр екендігін білді. Сондықтан, осы саладағы барлық мақсаттарына қайсарлығы мен табандылығының арқасында жетті. Халқы да дарынды ұлын алақанына салып ұстады. Еңбегіне қарай, атақ пен даңқ оны өзі іздеп тапты.

Кімге болсын өзінің туған жері алтын бесік. Жер бетінде оған ештеңе де жетпейді. Біздің «Ағаби» үшін мұндай жер жаннаты Қайыңды елді-мекені болатын. Қазір ондағы қара шаңырақта үлкен ағамыз Мейрамбек отыр. Ағамыз әкеміздей, Райхан жеңгеміз анамыздай. Бәріміз де оларды аңсап, сағынып барамыз. Оларды көргенде ата-анамыз тіріліп келгендей болады.

Қайыңды демекші, Назымбек ағамыз соңғы кездері ата-қонысқа жиі баруды әдетке айналдырды. Ондағы дүниеден өткен ағайындарды аралап, көңіл айтып, аруақтарға Құран бағыштайтын.

Несін айтасың, ол өлімге қиятын жан емес еді. Еркелігімізді көтеретін қамқор ағаның жоғына еріксіз мойын ұсынасың. Бауырдан айырылып қалудың қандай қасірет екенін басынан өткергендер ғана біледі. Жыладық, көздің жасын төктік, бірақ қолдан келер ешқандай дәрмен жоқ.

Қымбатты бауырлар! Біз жоғарыда көкелерін тіршілікте арқа тұтып, оның шапағаты мен шарапатына бөленген жүрегі нәзік қарындастардың шынайы лебіздерін мысалға келтірдік. Осы ой-толғаныстардан қыз баланың ағаға деген құрметін, ақ адал сезімін, қаншалықты өздеріне айбар, өнеге тұтқанын пайымдадық.

Оразалы Жақсанов, Қазақстанның Құрметті журналисі


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77