Қостанай шаһарының шырайын келтіретін әсем табиғаты, қарқынды өндірісі және үлгі тұтар азаматтары бар. Біз біле бермейтін, білсек те назар аудара бермейтін қадірлі мамандар қаншама?!
Бала тәрбиесінде толайым көрсеткіштерге жете білген, ұлт келешегінің негізі жалынды, қарымды ұрпақ өсіруде жатқанын ұққан кейіпкеріміз — Арықпанов Бейсенбай Ілиясұлымен әңгімелесіп қайттық. Ол облыс орталығындағы Сырбай Мәуленов гимназиясында отыз жылдан астам уақыт бойы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп келеді.
— Бұл салаға қашан, қалай келдіңіз? Яғни мұғалімдік — бала күнгі арманыңыз ба?
— 1994 жылы оқу бітірген соң Қостанайдағы педагогикалық колледжде еңбек жолым басталды. Ол жерде үш жыл жұмыс істедім. Бала күннен спортпен айналысқан соң, келешегімді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығымен байланыстыруды қаладым.
— Шәкірт тәрбиелеу методикасында, соның ішінде өзіңіздің әдісіңізде не өзгерді?
— Шәкірт тәрбиелеу әдістемесі жүре, бірте-бірте дамитын шаруа. Анығы — баламен бала боласың, арасында дауыс көтеріп, ұрсуға да тура келеді. Әр бала алуан түрлі, тілін, ебін таба білу керек. Сондықтан шәкірт тәрбиелеу ісі үнемі өзгеріп, дамып отырады. Айта кету керек, мұғалім оқушының деңгейіне қарай машықтанып, әркез даму үстінде болады.
«ҚАЗІРГІ ЖАСТАРҒА АҚША МАҢЫЗДЫРАҚ…»
— Жалпы осы салада қанша жылдық тәжірибеңіз бар? Волейбол үйірмесін қашан, қалай аштыңыз? Оған не түрткі болды? Қандай жетістіктеріңіз бар?
— Ойлап қарасам, осы салада отыз жылдан астам тәжірибем бар екен. Ал волейболға келетін болсақ, Мәуленов атындағы мектепке 1998 жылы ауыстым. Әуелгі кезде өзім күрес маманы болғандықтан, балаларды осы спорт түріне машықтадым. Кейін 2001–2002 жылдары мектепте күрделі жөндеу өткен соң волейбол үйірмесін аштым.
Әлі есімде, сол жылдары «қазақ баласы волейбол ойнайды» деген ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Біздің мектеп құрамасын жарыстарға апарғанымда, орыс тілді мектептердің бапкерлері кекесін үнмен мысқылдап, бір нәтижеге жететінімізге үлкен күмәнмен қарайтын. Жетістік пен жеңіс бірден келе қалмайды. Табанды еңбектің арқасында қазір қаладағы 30 мектептің ішінде ең мықтылардың сапында біздің мектеп тұр.
Мысалы, биыл 7–8-сыныптар арасында ұлдарым волейбол лигасының жеңімпазы атанды. Одан әріректе тағы да ұлдар құрамасы «Айсұлтан» лигасында топ жарып, 1 миллион теңге қанжығалады. Оның үстіне ұстаздың, бапкердің жүлдесі деп 500 мың теңге тарту етті. Айта берсек, мектеп құрамасының волейбол додаларындағы түрлі деңгейдегі жетістіктері жетіп артылады.

— Патриотизм деген не сіз үшін?
— Патриотизм — еліңді, жеріңді, Отаныңды, отбасыңды сүюден басталады. Алдымнан қаншама лек ұрпақ өтті. Байқайтыным, қазіргі балалардың бойында бұл қасиет кемшін. Бірінші орынға ақшаны қояды. Сондықтан елінің патриоты болуға тәрбиелеп, Отанға қызмет ету үнемі бірінші орында тұратынын қазіргі ұрпақтың санасына сіңіру керек.
«БАҒАЛАУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ӨЗГЕРІС ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ПӘНІН ҚҰЛДЫРАТТЫ»
— Ұрпақтар легін салыстыру бұрыннан бар. Әке-шешеміздің «Біздің кезде…» деп басталатын естеліктерін естіп өстік. Ал сіздің алдыңыздан қаншама шәкірт өтті. Бұрынғы шәкірт пен бүгінгі шәкірттің айырмашылығы мен артықшылығын айта кетсеңіз.
— Нұрқанат, менде әр жылғы оқушылардың жүгіру, кермеге тартылу, яғни жалпы физикалық көрсеткіштері жазылған сары папка әлі күнге дейін бар. Соған қарап салыстырсақ, бүгінгі мен бұрынғы оқушының арасы жер мен көктей. Бұрын оқушы жақсы баға үшін жанын салатын. Ал қазіргілерге баға қоймаймыз, жай ғана «сыналды» деп тіркейміз. Бағалау жүйесіндегі осы өзгеріс дене шынықтыру пәнін ақсатып отыр десем, қателеспеймін.
— Жұмысыңыздағы басты ұстаным не?
— Өзіме қоятын басты талаптарым: жұмысқа кешікпеу, таза жүру, жас келген соң жастарға жөні түзу әңгіме айту, ортаңа мейлінше жақсы жағыңнан көріну деген сынды ұстанымдарым бар.
— Қазіргі цифрлық технологияларды (смартфон, интернеттегі түрлі методикалар) жұмысыңызда қолданасыз ба?
— Әрине, цифрлық игіліктерді қолданамын. Бұл — уақыт талабы. Әлгінде айтқан «сары папкамды» смартфон алмастырды десе болады. Өйткені балалардың жаттығу барысын үнемі түсіріп аламын. Сол жазбаларды басқа балаларға салыстыру үшін, үлгі болсын деп көрсеткенге жақсы. Ұтымды тұсы осы. Бірақ күні бойы смартфонға шұқшиып отырғанды құптамаймын.
— Ата-ананың қазіргі басты уайымы — баласының смартфоннан бас алмайтыны. Осы ретте не айтар едіңіз?
— Расымен, смартфонбастылық басты мәселеге айналғалы қашан?! Ең алдымен, ата-ана баласының бос уақытын тиімді ұйымдастыруы керек. Мысалы, өз балаларымды — ұлым мен қос қызымды — спорт үйірмесіне бергенмін. Кенже қызым қазір алтыншы сыныпта оқиды, волейболға барады. Ойынын бақылап отырамын, көзім сүйсінеді, көңілім марқаяды.
Сол сияқты әр ата-ана, әлбетте, тек волейбол емес, тегін үйірмелердің түр-түрі бар, соның біріне берсе, балада бос уақыт қалмайды әрі жемісін көрсетеді.
— Шәкірт шәкіртімен, отбасының орны бөлек. Осы ретте қашан шаңырақ көтердіңіз? Жарыңыз, бала-шағаңыз жайлы айта кетсеңіз.
— 1994 жылы оқу бітіріп, бірден үйлендім. Сол жылы тұңғышымыз — қызымыз Сәния дүниеге келді. 2006 жылы ұлды болдық. Ал кенже қызым, жоғарыда айтқанымдай, қазір алтыншы сыныпта оқиды. Әйелімнің есімі — Айгүл, қазіргі уақытта үйден жұмыс істейді.
Биыл тұңғышымыз Сәния тұрмысқа шыққалы жатыр. Ұлымыз Сансызбай колледжді тәмамдап, автозауытта жұмыс істеп жүр. Ал кіші қызымның есімі — Альбина.
БОЛАШАҚ МАМАНҒА ҮШ КЕҢЕС
— Дене шынықтыру пәнінде не өзгерді? Не дұрыс, не бұрыс?
— Бұрындары, есіңізде болар, ұлдарға бір бөлек мұғалім, қыздарға басқа мұғалім сабақ беретін. Ал қазір бәрі бірге: отыз бала болса, ұл-қыз деп жармай, бір мұғалім сабақ өткізеді. Бұл — қате деп есептеймін. Сосын жаңа айтқанымдай, бағалау жүйесіндегі өзгеріс кері әсерін тигізуде.

— Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болғысы келетін жастарға басты үш кеңесіңіз қандай?
— Біріншіден, болашақ маман өзіне: «Мен бұл жұмысты істей аламын ба, жоқ па?» деген сұрақты қойып, әділ жауап беруі керек. Екіншіден, баламен тіл табыса ала ма — соған назар аудару керек. Себебі бұл жұмыста жүйке жүйесіне айрықша салмақ түседі.
Үшіншіден, өзіңнің мықты жақтарың, үлгі алар қырларың болуы керек. Бала еліктегіш келеді. Жаттығулардың барлығын өзің көрсетесің, оқушы саған қарап бой түзейді. Былайша айтқанда, оқушыларға дене тәрбиесінің темірқазығына айналуың керек. Міне, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі боламын деген жастар осы кеңестерге құлақ түрсе игі.
— Бейсенбай Ілиясұлы, әңгімеңізге рақмет! Мереке құтты болсын! Шәкірттеріңіз қуанта берсін!
— Рақмет! Барша оқырмандарыңызды осы мамыр айындағы айтулы мерекелермен шын жүректен құттықтаймын!
Сұхбаттасқан,
Нұрқанат ОМАРҰЛЫ
суреттерді түсірген Абиль ДОЩАНОВ
