Біздің Қостанай

Саналы түрде ұғынуымыз керек…

Қауіп әлі сейілген жоқ

Арнайы мониторинг тобы кезекті рейдтік шарасына шығып, қаланың орталық бөлігінде орналасқан кафелер мен мейрамханаларды тексерді.
Өйткені, «Трапезная» мейрамханасы мен «Jon Snow» караоке-барында түнгі уақытта музыка дауысы қатты шығады деп тұрғындар шағымданған көрінеді. Алайда, арнайы топ барған кезде аталмыш мейрамханаға келушілер болған жоқ. Мейрамхана ішінде, тек қызметкер болды, ал ас бөлмеде тамақ даярлап жүрген аспаздар жүрді. Мұның сыртында олардың бетпердесіз және қолғапсыз жүргендігі байқалды.
Мейрамхана басшысы тек жеткізуге ғана жұмыс жасайтынын айтты.
– Бізде барлық антисептик бар, біз бөлмені әркез желдетіп және дымқыл шүберекпен еденді жиі жуып тұрамыз, – деді мейрамхана иесі. Кейін мамандар түсініктеме алды.
Одан әрі мониторинг тобы, «Централ» бильярд залының, «Black and White» мейрамханасының және «Пивной папа» ғимараттарының енсігін тартып көрді, барлығы жабық болды.
Орталық алаңда орна-ласқан жаздық шатыр ішінде сыра ішіп, кәуап жеп отырғандар болды. Жалданып жұмыс жасайтын әйел түсініктеме беруден бас тартып, мейрамхана иесін шақыртты. Меншік иесі мұндай жұмыс түріне тиым салынғанын білмейтін болып шықты. Кейін мамандар иесінен жазбаша түсініктеме алды, алдағы уақытта іс әкімшілікте сотта қаралатын болады.
Кейбір келушілер тапсырыспен алдыртқан тамақтарын сол қалпы тастап кетті. Мониторинг тобы мамандарына, келушілер тарапынан қарсылықтар болды: «Неліктен бізге демалуға мүмкіндік бермейсіздер. Жүректеріңіз жоқ адамсыздар ма?» деген пікірлер де айтылды.
Арнайы топ маманы сыпайы түрде барлығын рет-ретімен түсіндіріп берді.
– Бүгін тамақтандыру орындары келушілерді қабылдай алмайды … Тек алып кету немесе жеткізу арқылы қызмет көрсете аласыздар. Өкінішке қарай, көптеген кәсіпкерлер қазіргі эпидемиологиялық жағдайға мән бермейді және облыстың бас дәрігерінің шешімін елемей келеді. Алайда, 5 шілдеден бастап қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып рұқсат етіледі. Үстелдің аралығы екі метр болуы керек, 30 орыннан аспауы қажет, – деп атап өтті Әлия Есенғабылова.
Мамандар орталық алаңмен өткен тұста «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жанында орналасқан тағы бір аты жоқ қоғамдық тамақтану орталығының талапты бұзып, келушілерге қызмет көрсетіп жатқанын байқады. Кафе әкімшілігінің айтуынша, олар қонақтарды қабылдай аламыз деп ойлаған екен. Ол, қалта телефонын шығарып әлеуметтік желідегі тобына «мейрамханалар мен кафелердің жұмысы тоқтамайды» деген сипаттағы хаттың келгенін көрсетті. Алайда ол жалған хат еді. Кафе иесі жазбаша түсініктеме толтырды. Келушілердің наразылығына қарамастан, кафе жабылды.
Осындай жағдай «Март» сауда орталығының жанында көрініс тапты. Шатыр ішінен келушілердің көптігі байқалды. Нысанның әкімшісімін деп таныстырған бойжеткен қалалық әкімдіктен рұқсат алғанын айтты.
– Біз қалалық әкімдікке қоңырау шалдық. Маған жұмыс істеуге болатынын айтты, – деген кафе әкімшісі, рұқсат берген мемлекеттік қызметшінің аты-жөнін білмейтін болып шықты. Орталықта орналасқан  велосипедтер мен балалар автокөліктерін жалға беретін кәсіп иелері мониторинг тобының өкіліне тиісті құжаттарды көрсете алмады. Сол себепті жұмытарын дәл сол жерден тоқтатуларына тура келді. Төрт кәсіп иесінен түсініктеме алынды.
Көптеген адамдардың карантин талаптарын орындаудан шаршағаны байқалады. Алайда, біз саналы түрде қауіптің әлі сейілмегенін ұғуымыз қажет. Қазір бәрімізге шыдамды болу керек.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Рамиль СЕРГАЗИНОВ

Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77