Қала аумағындағы инженерлік желілердің жай-күйі, төмен салбырап тұрған байланыс сымдары мен жол жабындарының опырылуы әкімдік отырысында тағы да көтерілді. Жиында жауапты мекемелердің жұмысы сынға алынып, нақты тапсырмалар берілді.
Қала әкімі Марат Жүндібаев коммуналдық қызмет көрсететін ұйымдар мен интернет-провайдерлердің жұмысынан кейін аумақты ретке келтіру мәселесіне ерекше тоқталды. Әсіресе, бағаналарға ретсіз тартылған байланыс желілері тұрғындардың наразылығын туғызуда. Айтылған мәліметке сәйкес, тек осы айдың өзінде төмен салбырап тұрған сымдарға қатысты 10 өтініш тіркелген.
– Қаланы аралап, жағдайды бақылауға алыңыздар. Ережені бұзғандарды анықтап, шара қолданыңыздар. Қажет болса, полициямен бірге жұмыс жүргізіңіздер, – деп тапсырды қала әкімі.

Сонымен қатар, интернет-провайдерлердің мемлекет меншігіндегі тіректерді ретсіз пайдалану мәселесі де сөз болды. Жауапты сала өкілдеріне заң талаптарының сақталуын қадағалап, жүйесіз тартылған сымдарды жою жөнінде тапсырма берілді.
Жиында жол инфрақұрылымының жағдайы да назардан тыс қалған жоқ. Қала көшелеріндегі асфальт жабындарының опырылуы мен құдықтардың шөгуі тұрғындар қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырғаны айтылды. Әсіресе, кепілдік мерзімі бар нысандар бойынша мердігер ұйымдардың жауапкершілігі күшейтілетіні ескертілді.
– Егер жол жабындысы кепілдік аясында бүлінсе, оны мердігер мекеме өз есебінен қалпына келтіруі тиіс. Ал қауіпті жағдайлар анықталса, шұғыл түрде шара қабылдануы қажет. Келесі жолы нақты жазалаймын, ескертіп қояйын. Жөндеу жұмыстарын аяқтаған соң, арттарыңызды жинап, бәрін ретке келтіріңіздер. Дайын болыңыздар. Мен жай ғана әдемі сөз айтып, көзбояушылық жасап отыр деп ойламаңыздар. Бақылаймын. Маған бәрібір, сіздер істемесеңіздер, басқа біреу істейді. Түсінікті ме? Бұл мәселені енді қайтып көтермейтіндей болайын. Қалада бейберекетсіздік жасауға үйреніп кеткенсіздер, – деп қатаң ескерті қала әкімі.
Сондай-ақ, қаладағы мердігер ұйымдардың жұмысына талдау жүргізу, коммуналдық инфрақұрылымдағы кемшіліктерді жедел жою мәселелері де қаралды. Жауапты мекемелерге қаладағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейту тапсырылды.
Сералы Мырзабай, сурет «Наш Костанай» газетінің мұрағатынан алынды
