Қалалық әкімдіктің тапсырысымен жеке кәсіп орындарының қызметкерлерін толық ревакцинациядан өткізу мақсатында жұмыстар жүргізілуде
Қостанай қаласы әкімдіктің бастамасымен жеке кәсіпорындарының қызметкерлерінің уақытында ревакцинациядан өтуі үшін арнайы жоба ұйымдастырылған болатын. Бұл жобаның аясында бүгін қаламыздағы №3 емхананың дәрігерлері «Милх» ЖШС мен «Астықжан» супермаркетінің қызметкерлеріне ревакцинация жасады.
Құрамына медицина мамандары, қалалық әкімдік пен БАҚ-ның өкілдері кірген жоба аясында «Милх» ЖШС-нің 10 қызметкері ревакцинация қабылдады.
Аталмыш кәсіпорында барлығы 224 адам жұмыс істейді. Оның 203-і қауіпті дертке қарсы вакцина қабылдаған. Сондай-ақ қазіргі таңда сүт тағамдарын өндіретін кәсіпорынның 50 қызметкеріне ревакцинация жасалған.
-Мен бүгін ревакцина қабылдадым. Әлемде өршіп тұрған жұқпалы дерттен сақтанудың ең тиімді жолы оған қарсы екпе алу деп білемін. Осыған дейін «Спутник-V» вакцинасының екі компонентін қабылдаған едім. Міне, енді «Спутник» болмаған соң, Vero Cell екпесімен егілдім. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Алдағы уақытта қауіпті дертпен қатты ауырып қаламын деп қорықпаймын. Өйткені, осыған дейін алған екпелердің ауырмай әрдайым өзімді сергек сезінуіме септігі болды деп ойлаймын,-деді балқыған ірімшік цехының операторы Александр Иванов.
Сондай-ақ жеке кәсіпорындардың қызметкерлеріне екпе егіп, оның маңыздылығы жайында ойын ортаға салған №3 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі Айкүміс Айболованы сөзге тартқанымызда, ол:
-Елімізде ғана емес әлем бойынша коронавирус жұқпалы дертімен күрес оған қарсы екпе алу арқылы жүргізіліп отыр. Сондықтан қауіпті дертке қарсы уақытында егілу өте маңызды. Бүгінде қаламызда жүріп жатқан бұл шараның берері мол. Мысалы, мұндағы қызметкерлер күнделікті жұмыс бастылықпен жүріп, дер кезінде ревакцинация жасатуға қолдары тимеуі мүмкін. Сондықтан жұмыс орындарында ревакцинация жасатқандары өздеріне ыңғайлы. Осыған орай, мен қала тұрғындарын ревакцинация жасатып, жұқпалы дерттің өршіп тұрған шағында өз денсаулықтарына жіті назар аударғандары дұрыс деген кеңесімді беремін,-деді.
Аталмыш топ осыдан кейін қала сыртында орналасқан «Астықжан» супер маркетіне беттеді. Бұл сауда орталығының қызметкерлеріне де ревакцинация жасауға №3 емхананың медицина мамандары шақырылған.
Жалпы, қала тұрғындарын ревакцинациядан өткізу науқаны қарқынды жүріп жатыр. Алдағы уақытта да қалалық әкімдіктің кәсіпкерлер бөлімінің басшысы Илона Тимошенко бастаған топ, бірнеше шағын кәсіпорындарға барып, ондағы қызметкерлердің ревакцинациядан өтуін қадағалайтын болады.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77