«Мерейлі отбасы” байқауының келесі қатысушылары – Нұрбековтер жанұясы
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал дәл осы отбасы жайында тәрізді. Ата-ананың жолын жалғап, аманатқа адалдық танытып, бар саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған ұстаздар династиясы.
Бұл отбасының ұстаздық жолдағы жалпы еңбек өтілі – 165 жыл. Династия басы Қазымбек Нұрбекұлынан басталады.
Отбасының үлкені Жомарт Қазымбекұлы әкесінің ізін басып, осы қызметті таңдаған. 40 жылға жуық физика пәнінің мұғалімі, оқу-тәрбиесінің ұйымдастырушысы болған. Аталған саланың жауапкершілігі ауыр екенін сезінгеннен болар, тәжірибелі педагог балаларының бұл бағытқа бет бұруына қарсы болған көрінеді.
– Басында бұл қиын мамандық, оны таңдамаңдар деген едім. Бірақ өздерінің қалауы сол еді. Ары қарай осы ұстаздық жолды жалғастыруға ниеттері болды. Қазір мамандықтың қызығын да, қиындығын да көріп жатыр, – дейді ардагер ұстаз Жомарт Қазымбекұлы.
Екінші буында ұлы мен келіні, қызы, үшінші буында 4 немересі ата жолын жалғауда. Келіні Сәуле Ғабдыжауатқызы да Арқалық педагогикалық институтының физика-математика факультетін математика мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір құрметті демалыстағы ұстаздың жалпы еңбек өтілі – 37 жылды құрайды.
Олардың айтуынша, балалардың осы жолды таңдауына атасының, ата-анасының ұстаз болғаны әсер еткен.
Қызы Әсемгүл Қазымбекқызы болса, Арқалық гуманитарлық колледжін «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі», Арқалық педагогикалық институтын «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек өтілі – 24 жыл.
– Кішкентай кезімізден ата-анамыздың сабаққа дайындалып жатқанын көріп өстік. Ашық сабаққа, қандайда бір іс-шараға бірнеше уақыт бойы отырып, дайындалатын. Кітапқа жақын болдық, жазуға үйір болдық. Негізі осы қазақ тілі мен әдебиетке бет бұруыма атамның әсері деп ойлаймын, – дейді қызы Әсемгүл.
Немересі Айнұр Жомартқызы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын аталмыш оқу орнынан бастап, методист, аудармашы, «Руханият» тілдерді оқыту орталығында, кейін Қостанай қаласындағы «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы, әдіскері болып жұмыс атқарған. Қазір гуманитарлық ғылымдар магистрі, Қостанай қаласы білім бөлімінің №4 жалпы білім беретін мектебінде қазақ тілінен сабақ береді. Еңбек өтілі – 14 жыл. Ал немересі Бибінұр Жомартқызы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетін қазақ тілі мен әдебиеті маманы ретінде тәмамдаған. Қазіргі таңда басқа салада қызмет істейді. Тағы бір немересі Азамат Жомартұлы Қостанай педагогикалық институтының физика-математика факультетін информатика мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек өтілі – 12 жыл. Келіні
Ботагөз Қасымқызы да үш жылдан аса уақыт ұстаз болып жұмыс істейді.
Бүгінде Жомарт Қазымбекұлы мен Сәуле Ғабдыжауатқызы еңбектің зейнетін көріп отырған жандар. Бірлік пен берекеге негізделген әулет бүгінде жарқын өмір мен бақытты неке құндылықтарын көпшілікке үлгі етіп отыр.
Ұлт болашағының ең басты тұғыры, ең басты іргетасы — отбасы. Мұндай отбасы әр адамға үлгі. Мектепте болсын, үйде болсын тәртіп те, ерекше байланыс та бар.
Материал Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Жанашыр бол» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Жастар арасында қазақ отбасының жағымды имиджін насихаттау» мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында дайындалды.
Аяжан СЕРІК,
сурет отбасылық архивтен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77