Біздің Қостанай

«Тәуелсіз ел боламыз деген ой түсімізге кірмеген еді»

дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы

Қазақстан Тәуелсіз ел болады, жеке саясаты болады, әлемнің ірі ірі елдерімен терезесі тең, керегесі кең болып отырады деген ой мына біздің түсімізге де ойымызға да кіріп шыққан жоқ.

Бірақ қазақ халқы арманына жетіп, азаттыққа қол жеткізді. Тәуелсіздік таңы атты. Қалпағымызды көкке атып қуандық. Көп жылдар аңсаған егемендікке жеттік. Өз алдымызға ел болып қалыптасып, тірлік етуді қолға алдық. Бәрі бірден болып кеткен жоқ. Көш жүре түзеледі деп, жығылып тұрып көшке ілестік.

Бүгінде еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу мақсатында мемлекеттік іс-шаралар ұйымдастырылып, әр аймақта өзінше аталып өтілуде. Біз де осынау атаулы датаға орай, еліміздің тарихынан сыр шертетін, Тәуелсіздік жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан Меңдіқара ауданы Қаратал ауылының тумасы, елінің патриоты, ұлтының тарихын зерделеп жүрген тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлымен арнайы жолығып, сұхбаттасқан болатынбыз.

– Аманжол Күзембайұлы, еліміздің Тәуелсіздік алған жылдары жағдайы қалай болды? Қазақстан тарихы қалай қалыптасты? Осы жайында айтып өтсеңіз?

– Мен Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінің 1965 жылы қазақ бөліміне оқуға түстім. Ол кезде бізге қазақша оқу арман болды. Мен қаламыздағы Ы.Алтынсарин мектеп-интернатын бітіріп, Алматыға қазақшы оқу іздеп бардым. Сол кезде біздің ойымыз түгелі, түсімізге Тәуелсіз ел боламыз деген кірмеген еді. 1980 жылдары қазақтың саяси белсенділігі артты ғой. Бұл жылдары мен қырықтағы жігітпін. Тарих факультетінде жұмыс істеймін. Тарих пәнінің маманымын. Сол кезде біз саясатқа бойлап кіріп кеттік. Мен «Азат» қозғалысын басқардым. Қарағанды, Ақмола, Көкшетау, Қостанай облыстарының, бір ғана ұйымы болды, Солтүстік ұйым деп аталды. Мен осы ұйымның басында тұрдым. Ол кезде талай жоспарлар құрылды. «Егер Тәуелсіздік алатын болсақ, Қазақстан не істер еді, дамудың қай жолына түсер еді, келешекте қандай экономика құрар еді, қандай саясат ұстанар еді» деген мәселелер жайында көп ойландық. Осындай ойда, мақсатта жүріп, аяғында 1991 жылы Тәуелсіздікке қол жеткіздік.

Осыдан кейін мен саясатты қойып, ғылымға ден қойдым. Өйткен себебім, қазақтың тарихи санасын қалыптастыру қажет болды. Оның себебі, келешек халықтың сапасы, тарихи санасына тікелей байланысты екенін түсіндік. Егер қазақ өзінің қатарында өзінің кеудесін қағып тұрмаса, өзге ұлттың шылауында кетер еді. Халықтың тарихи санасын қалыптастару үшін алдымен оларды оқыту керектігін басты назарда ұстадық. Дидактикалық сана деген болады. Ол баланың бойында мектеп табалдырығын аттағаннан бастап қалыптасуы керек. Осыған қарап, халықтың санасына қазақ тарихын қалыптастыру мақсатында 1 және 5 сыныптардан бастап, балалардың жас айырмашылығына орай қазақ тарихы пәнін енгізуді қолға алдық. Ол кездері қазақ тарихы мектептерде оқытылмайды. СССР тарихы деген бір ғана пән бар еді. Сол тарихтың ішінде Қазақстан жөнінде бір немесе екі ғана параграф ғана болатын. Мен ол кездері Қарағанды университетінде Қазақстан тарихы деген кафедарсының меңгерушісі болдым. Ғылым кандидаты, доцентпін. Мұндай кафедра Қазақстанда үш-ақ жерде болды. Біріншісі Қазақ Ұлттық универсиеттінде, екіншісі Қазақ мемлекеттік Абай атындағы институты және мен қызмет етіп жүрген Қарағанды университетінде. Сол кездері Қазақ Ұлттық университетінің де, Қазақ мемлекеттік Абай атындағы институтының да кафедра меңгерушілері егде кісілер болды. Солардың арасында мен ғана жас болдым. Сөйтіп мен қазақ мектептеріне арналған Қазақстан тарихы пәнін кіргізумен айналыстым.

Бұл бастамам жайында Орталық комитетке жаздым, (қазіргі «Егемен Қазақстанға») жаздым, оқу министрлігіне жаздым. Ешқандай жауап болмады. Тек қарастырып жатырмыз, келешекте жоспарымызда бар деген сыдыртпа жауаптар алып жүрдім.Содан бір күні 1988 жылы болар, Өзбекәлі Жәнібеков деген азамат Орталық Комитеттің секретары болып сайланды. Соған жаздым. Мен бірден жауап алды. Маған Орталық Комитеттен адам келді, одан кейін оқу министрлігіне бардым. Ол кезде мектептерде тарих пәніне барлығы 480 сағат берілетін. Соның жартысын Қазақстан тарихына алып берді. Сөйтіп, 1988 жылы «Қазақстан тарихы» пән ретінде мектептерге еніп кетті.

Осыдан кейін үлкен қарбалас басталды. Әсіресе, Солтүстік аймақтағы қалаларда «Біз бұл сабақта үйрететін материалды қайдан табамыз» деп мәселе көтерді. Қазақ көшпенді халық болған, онда мұндай тарих болмаған деген сынды әңгімелер шықты. Мінекей, сол әңгімелерді басу үшін біз оқулық жазуға кірістік. Алдыменен мектептің бағдарламасы жасалды, оны 5 сыныптан 11 сыныпқа дейін мен жасадым. Осыдан кейін Қарағандылық ғалымдар жиналып, оқулық жазу мәселесіне кірістік. Бірақ Алматылық ғалымдардың қарсылығына ұшырадық. Дегенмен де, министрлік Алматыда болған соң сол Алматының ғалымдарына оқулық жазуға тапсырыс берді. Сөйтіп, мектепке арналған оқулықтар жазылды. Мен жорғары оқу орнына арналған оқулық жаздым. Ол оқулық он рет басылып шықты.Соңғы 25-30 жылда студенттер менің оқулығыммен білім алды. Құдайға шүкір жазған оқулықтарым шығып жатыр.

– Халқымызға тарихи сананы қалыптастыруда қандай олқылықтар кетті деп ойлайсыз? Әлде барлығы дұрыс жүзеге асырылды ма?

– Әрине, тарихи сананы қалыптастыруда баспасөздің рөлі өте жоғары болды. Қазақ тарихына арнап мақала жазбаған журналист, мақала жарияламаған газет-журнал болған жоқ. Барлығы, тіпті аудандық газеттерге де жергілікті жерлердің тарихы басыла бастады. Енді оның барлығын бірдей сапалы деп айтуға болмайды, оның барлығы шынайы тарих деп айтуға келмейді. «Алмас қылыш», «Көшпенділер», «Қаһар» деген Ілия Есенберлиннің кітабы шықты. Әбіш Кекілбаевтың кітабы жарық көрді. Дүкенбай Досжанов «Жусан мен гүлдер» деген керемет кітап жазды. Сөйтіп, бұл орайда тарихшылардың алдына журналистер мен жазушылар шығып кетті. Тарихшылар іркіліп қалды. Өйткені, тарихшылар бірдеңе жазу үшін оған тарихи дерек көздері, қазба жұмыстары керек. Оған ол кезде мемлекеттен қаражат бөлінбеді. Ал журналистер болса, ешқандай зерттеусіз түнімен отырып мақаласын жазып әкеліп береді, одан бұның дұрыс па, не бұрыс па деп ешкім сұрамайды. Көбінесе бұл мақалалар журналисттің қиялына қарай құрылған, ол сол бетінде шығып кетіп жатты. Осылайша талай мақала шықты. Шындыққа жанаспайтын мақалалар бірінен соң бірі халыққа жол тарта берді.

Сосын керемет бір дискуссия басталды. Ол дискуссияны екі Мұхтар жүргізді. Бір жағында Мұхтар Шаханов, екінші жағында Мұхтар Мағауин. Бұл дисуссия Шыңғыс хан мәселесі жөнінде болды. Мұхтар Мағауин Шыңғыс хан қазақтың халық батыры деп жазды. Ал Мұхтар Шаханов болса, Шыңғыс ханды Отырарды қиратқан, қазақ тайпаларын қырған жауыз ретін де көрсетеді. Әлі бүгінге дейін Мұхтар Шаханов өзінің сол позицисынан тайған жоқ. Ал талас осы күнге дейін біткен жоқ.

Жалпы, Шыңғыс ханның кім екенін қазір екінің бірі толық білмейді. Енді Шыңғыс ханның кім екеніне тоқталсақ. Шыңғыс ханның заманында қазақ, татар, ұйғыр деген ұғым болған жоқ. Ол кезде тіпті моңғол деген де ұғым болған жоқ. Татар деген ұғым болды, бірақ ол қазіргі татар емес. Ол сол кездегі татар тайпалары. Керей, Үйсін, Найман, Жалайыр деген тайпалар болды. Осылардың басын қосқан Керейдің Он хан Лан хан деген ханы. Олардың мекендеген жері қазіргі біздің Шығыс Қазақстан, Орталық Қазақстан, Қытайдың батысы, қазіргі Моңғолияның батысы барлығы бір өлке болды. Өйткені, шекара болған жоқ. Осы бір өлкені мекендеп жүрген түркі тілдес тайпалар болды. Осы жерден түсінетініміз Шыңғыс хан моңғол да, қазақ та, болмаған. Ол түркі тілдес тайпалардың серкесі болған. Бір сөзбен айтқанда ханы болды. Керейдің Он ханының орнына келді. Соның алтын тағын алды. Өйткені, Шыңғыс ханның әкесімен он хан екеуі андас болған. Андас дегеніміз-екі жігіт кездеседі, жолдас болады, сосын күре тамырларын кесіп, бір-бірінің қанын қосады. Сөйтіп, андас болады. Ол андас деген мен өлсем, менің әйел балаларым сенікі, сен өлсең сенің әйел балаларың менікі дегенді білдіреді.

Сондай-ақ Шыңғыс ханның ұрпақтары тек ғана біздің қазақ жерінде хан болды.Шыңғыс ханның ұрпақтары осы күні тек Қазақстанда. Олар Төрелер. Біз Абылай ханды қазақ деп айтамыз ба? – айтамыз. Жәнібек пен Керейді қазақтың бірінші ханы деп айтамыз ба? – айтамыз. Мысалы, Бату хан Шыңғыс ханның немересі. Ең соңғы хан Кенесары, ең соңғы ұрпағы Әлихан Бөкейханов қазақтың ардақтысы. Міне, осындай себептерді мысалға келтіре отыра, Шыңғыс хан қазақ хандарының бабасы екенін түсінеміз. Осы ретте Шыңғыс ханды қазақ деп айту қиын, сонымен қатар қазақтан бөліп тастау тағы да қиын.

– Қазақта «Елу жылда ел жаңа» деген ұғым бар. Сіздің ойыңызша еліміз 30 жылда қандай жетістікке жетті?

– Тарихта 30 жыл деген қас қағым сәт. Тарихта миллиондағын жылдар жайында айтамыз. 30 жыл өте қысқа мерзім. Бүгінде елімізде осы уақыт ішінде атқарылған шаруадан, атқарылмаған шаруа шаш етектен. 30жылдың ішінде негізгі мәселемізді шештік. Негізгі мәселе ол шекара. Шекара шегенделді дедік, барлығы қағазға түсірілді деп жаздық. Ал біздің шекарамыз 12 мың шақырым. 12 мың шақырымның әр метрін ағашты шелегендей шегелеп тастау мүмкін емес. Бұл ретте өзеннің бергі беті мен арғы жағы, таудың арғы беті сынды табиғи шекаралар болады. Мысалы, қара Қытаймен арамызды Тянь-Шань тауы бөліп жатыр. Осы биік тау болмағанда жерімізде қара Қытай қаптап кететін еді. Ал енді не өзені, не тауы жоқ жазық даладағы шекарамыз бар. Ол жерлерге бағана қойылған жоқ, сым тартылған жоқ. Жай көзге көрінер, көрінбес болып жатыр. Сондықтан кейбір жерлерді Ресей біздікі дейді, Қазақстан біздікі дейді. Сондықтан ол жерлерді тек картаға ғана белгілеп қоймай, шекараны орнату қажет.Бұл ретте демаркация деген термин бар. Бұл дегеніміз осы жерлерді протоколдап, картаға түсіріп, әрі сол жерге белгі қою керектігін білдіреді.

Тәуелсіздіктің бізге әкелген тағы бір мүмкіндігі-біз Кеңес Одағының құрамында болғанда ешқандай шет елге шыға алмадық. Бүгінде еліміз әлемнің 192 елімен дипломатиялық байланыста. Әлемнің үлкен-үлкен бірнеше елдерінде Қазақстанның елшілігі мен консулдығы бар. Бұл дегеніміз біз кез-келген елмен тікелей дипломатиялық байланысқа шыға аламыз.

Ал үшінші жетістігіміз тіл мәселесін жолға қойдық. Ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Ой анау болмай жатыр, мынау болмай жатыр деп 18 миллион халықтың барлығын бір демде қазақша сөйлетіп жібере алмайсың. Бірақ саяси түрде шешіп, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қалыптастырып алдық. Бұл біреуге ұнай ма, ұнамай ма ол жағы бізді толғандырмайды. Осылайша біраз жетістіктерге жеттік.

– Аманжол Күзембайұлы, тарихты тереңінен қозғап, еліміздің бүгінгі келбетін саралап, берген сұхбатыңыз үшін зор алғысымызды білдіреміз.

 

Сұхбаттасқан Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77