Біздің Қостанай

Тіл білгеннің ұтары мол

«Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығында этникалық топ өкілдері тіл үйренуге ерекше ден қойған

Өңірде алғаш болып 2007 жылы құрылған тілдерді оқыту орталығы бүгінгі күнге дейін мемлекеттік қызметшілерге, ересек тұрғындарға қазақ тілін тегін оқытуды үздіксіз ұйымдастырып отырған мекеме.

Қазіргі таңда «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы ересек тұрғындарға мемлекеттік тілді, ағылшын тілін және этникалық топ өкілдеріне ана тілдерін оқыту курстарын ұйымдастырып келеді. Оқыту курстары ҚАЗТЕСТ жүйесінің деңгейлік оқыту: А1 қарапайым, А2 базалық, В1 орта, В2 ортадан жоғары, С1 жоғары деңгейі бойынша жүргізіледі.

Орталықта биылғы оқу жылында мемлекеттік тілді – 509, ағылшын тілін – 249 тыңдаушы үйреніп жатыр. Татар, башқұрт, кәріс, армян ұлттарының өкілдері өздерінің ана тілдерін меңгеруде. Атап айтатын болсақ, кәріс тілін – 15 тыңдаушы, башқұрт, татар, армян тілдерін 14 тыңдаушы үйреніп жатыр.

Орталықтағы деңгейлік оқыту курстарының ұзақтығы 8 ай, қысқа мерзімді курстардың ұзақтығы 3 айға созылады. Курстар офлайн форматта және онлайн zoom платформасында да өтеді.

-Мен кәріс тілін өткен жылдың қыркүйек айынан бастап тегін жетісіне бір рет кешкі уақытта zoom платформасында онлайн режимде  «Тілдарын» облыстық тіл оқыту орталығында үйреніп жүрмін. Оқу бағдарламасы өте қолайлы. Сабақтан кейін орталықтың әлеуметтік желілерінен өткен сабақтарды қайталап көруге болады. Сонымен қатар кәріс тілінде фильмдер қарағанның да өзіндік пайдасы бар. Осылайшы тілді тез үйреніп алуға болатынына көзім жетті. Сабақта бізге арнайы оқулық ұснылады. Ал үйде жұмыс дәптерін қолданамыз. Үйге берілетін тапсырмалар өте қиын емес. Сондықтан ешкімнің көмегіне жүгінбей-ақ өзім орындаймын. Сабақ барысында белгілі тақырыптар бойынша аудио тыңдап, өзара диалог құрып, кәріс тілінде еркін сөйлеуді және сауатты жазуды үйренеміз.

Тіл үйретіп жүрген оқытушымызға алғысым шексіз. Ол кісі кез-келген жағдайда түсінбеген тақырыбымызды түсіндіріп, көмегін беріп отырады. Өте сауатты жан. Одан білім алып жатқан біздің де сауатымыз жаман болмайтынына сенімдімін. Маған бұл курстар қатты ұнайды. Осы уақыт ішінде көп нәрсе үйренгеніме қуаныштымын,-дейді кәсір тілінің тыңдаушысы Екатерина Тулебаева.

Деңгейлік оқыту курстармен қатар қаладағы ірі өндірісте, ірі сауда орындарында халыққа мемлекеттік тілде қызмет көрсету үшін, кәсіпкерлік пен бизнес саласында мемлекеттік тілдің қолданылуын және әлеуметтік беделін арттыру мақсатында «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы мемлекеттік тілді қысқа мерзімде оқытатын курстарды да ұйымдастырады. Оған «СарыарқаАвтопром» ЖШС, «TSUM CENTER COMMERCE» ЖШС, «Тарлан», «Любимое» такси диспетчерлері, мекемелерде қабылдау бөлмесінде жұмыс істейтін хатшы-референттер базалық және іскерлік қазақ тілі сабақтарына қатысып, тілдік дағдыларын қалыптастырып келеді.

Орталық биылғы оқу жылында да қазақ тілін еркін форматта үйрететін «СөйлеTime» клубының жұмысын одан әрі жалғастыратын болады. «СөйлеTime» клубының жұмысының форматын банк саласы, сауда саласы, медицина саласы және тағы да басқа халыққа қызмет көрсету салаларының қызметкерлері үшін өткізу жоспарда бар. Сонымен қатар соңғы уақытта өздерінің ана тілдерін толық меңгеру мақсатында этникалық топ өкілдері жиі келіп жатыр. Олардың көпшілігі алдына ана тілімде сауатты сөйлесем деген мақсат қояды, – дейді орталық әдіскері Алтын Ташмағанбетова.

Тыңдаушылармен кері байланыс орнату үшін курс материалдарын қайталау үшін жыл бойы сабақтар әзірлемелері орталықтың  әлеуметтік желілерінде (Instagram, Facebook), бейнесабақтар YouTube каналында жарияланып отырады.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77